RU

Пандемиядан кейінгі той-бизнес: Отандық әншілердің тойда ән айту құны қалай өзгерді

Той
Көрнекі сурет: Pixabay.com

Пандемия салдарынан отандық әншілер мен шоумендердің бірталайы табыс көзінен қағылғаны белгілі. Алайда қыркүйек айының соңында елімізде ресми түрде той жасауға рұқсат беріліп, арнайы қаулы шықты. Осылайша, той-бизнес қайта жанданып, әншілерге деген сұраныс арта түсті. "Aikyn.kz" басылымы әншілердің тойдағы гонорарының қалай өзгергенін анықтап көрді.

Елімізде той жасауға рұқсат берілген қаулының шыққанына да біраз болды. Қазір мейрамханаларда күнде той-думан өтіп жатыр. Асаба мен әншілердің де бизнесі қайта жанданды. Басылымға жуырда той жасамақ болып, әр әншімен жеке-жеке хабарласқан елорда тұрғыны әншілердің тойға шығу құнына қатысты деректермен бөліскен.

Белгілі әнші Қайрат Нұртастың өкілі хит әншінің 7 мың доллар сұрайтынын айтқан.

Сонымен бірге, ұшақ билеті мен қонақүй ақысын той иесі төлеуі керек екен. Осы талапты орындаған соң сүйікті әншіңіз 7-8 әнін орындап береді.

Қайрат Нұртаспен салыстырғанда әнші Ерке Есмаханның бағасы арзанырақ болған. Оның тойда жарты сағат ән салып беруі – 5 мың доллар. Онда да ұшақ билеті мен қонатын жері той иесінің мойнында.

"Әуелі келісімшартқа отырамыз, онсыз ештеңе шешілмейді. Осыдан кейін алдын-ала ақшаның 50 пайызы төленуі тиіс. Содан кейін билет қолға тиген соң, астанаға келіп, тойда 6-7 ән орындап береді", – деп түсіндірген әншінің көмекшісі Ақмарал.

«Музарт» тобының әншісі Сәкен Майғазиевтің бес әні миллион теңге тұрады. Әрине, ол да өзге әншілердікі секілді қонақүйі мен ұшақ шығынын ұйымдастырушы тарап төлеу керектігін жеткізген.

Сондай-ақ той иесі асабалардың да құны құбылып тұрғанын жеткізді.

"Олар қызметінің бағасын айтпас бұрын сені зерттеп алуға тырысады. Кімсің, қайда жұмыс істейсің, құдалар кім дегендей бірнеше сұрақтың астына алады да ойына келген бағаны қоя салады. Мәселен той өткізуге 500 мың сұрағандар болды. Сондай-ақ 50-100 мың теңгеге бүкіл техникасымен келіп, шоу өткізіп беруге дайын екендер де табылды. Тіпті ондайлар көп екен. Соған қарағанда пандемия әншіден гөрі тамадаға ауыр тиген секілді", - дейді тұрғын.

Елімізде той өткізуге рұқсат берілгенмен кісі санына шектеу бар. Сонымен бірге, шараға қатысушылардың Ashyq-та «жасыл» мәртебесі болуы керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1937507-pandemiyadan-keiingi-toi-biznes-otandyq-ansilerdin-toida-an-aitu-quny-qalai-ozgerdi/