Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белгілі актер Сағат Жылгелдиев өмірден озды

Опубликовано:

Сағат Жылгелдиев
Фото: Instagram/ musrepov_teatry

Белгілі актер Сағат Жылгелдиев дүниеден өтті, деп хабарлайды Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының баспасөз қызметі.

"Театрымыздың актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, жаны жайсаң Сағат Жылгелдиев ағамыз дүниеден өтті.

Театр ұжымы, әріптестері марқұмның жұбайы Жібек Лебаева мен отбасы, туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз", - делінген хабарламада.

Театрдың баспасөз қызметінің мәліметінше, актердің жаназасы 17 мамыр күні өз үйінде шығарылады.

Сондай-ақ 17 мамыр күні сағат 10:00-де Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында Сағат Жылгелдиевпен қоштасу рәсімі өтеді.

"Бақұл болыңыз аға! Сіздің жарқын бейнеңізді әріптестеріңіз, ұжым, өзіңіздің сүйікті көрермендеріңіз мәңгі жадында сақтайды", - дейді театр ұжымы.

Айта кетейік, Сағат Ермағамбетұлы Жылгелдиев 1954 жылы 12 желтоқсанда Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққыр ауылынды дүниеге келген. Ол - театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1995).

1972 жылы М.О.Әуезов атындағы Қазақ драма театрының жанындағы театр студиясын тәмамдаған. 1977 жылы Алма-Ата мемлекеттік консерваториясының (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) актерлік бөлімін бітірген.

1977 жылдан бастап балалар мен жасөспірімдерге арналған қазақ театрының ( қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры) актері болған. 1977 жылдан 1997 жылға дейін Талдықорған драма театрында да өнер көрсеткен.

Сағат Жылгелдиев халыққа Ғабит Мүсіреповтің "Қыз Жібек", "Ұлпан", "Ақан Сері" спектакліндегі Шеге, Байдалы би және Сердәлі рөлдерімен танымал.

Одан бөлек актер Исраил Сапарбайдың "Ауылдан келген аруындағы" Ақын, Иран Ғайыптың "Алтын ажалындағы" Байжан, Сұлтанәлі Балғабаевтың "Ең әдемі келіншегіндегі" Абдолла, Орынбай Дастановтың "Хазірет Сұлтан" спектакліндегі Қожа Ахмет Яссауи рөлдері арқылы да жақсы таныс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1969400-belgili-akter-sagat-zylgeldiev-omirden-ozdy/

pixel