"Қош бол, асыл аға": Өнер жұлдыздары Сағат Жылгелдиевпен қимай қоштасты
Жарияланған күні:
Қазақстанның танымал актері Сағат Жылгелдиев өмірден озды. Өнер өкілдері, әріптестері мен әншілер қазақ өнерінің майталманын сағынышпен еске алып, қимай қоштасты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бірқатар өнер жұлдызы әлеуметтік желіде марқұм актерге жазба арнап, ол жайлы естеліктерімен бөлісті.
"Қазақ өнерінің қара нары, ардақты Сағат ағамыз өмірден өтті. Алла мейіріміне бөлеп, жаныңызды жәннаттық қылғай. Қош бол, асыл аға. Қош бол, актер", – деп жазды Азамат Сатыбалды.
"Қазақ өнерінің майталманы Сағат ағамыз өмірден өтті. Иманды болсын. Алла рақымына алсын", - деп жазды Жазира Байырбекова.
"Сағат аға бақұл болыңыз. Жаны жәннатта болғай! Наурыз айында ғана үйге қыдыр ата болып келіп,балама батасын беріп кетіп еді", - деп есіне алды Асхат Тарғын.
Мақсат Рахмет өнердегі ағасы туралы жантебірентерлік жазба жариялаған.
"Әрдайым жарқылдап, үлкен-кішіге бірдей мейірімін төгіп, жан-жағын шуаққа бөлеп жүретін қайран Сағат ағам ай! "Сағат! Неше болды?" деп әзілдесетін едім. Әзілдестіретін еді. Өзіңізбен әріптес, сахналас, гримеркалас болғанымды мақтан тұтам! Әр рөліме жеке шақырып, өз пікіріңізді айтып, шабыттандырып жүруші едіңіз! Соңғы кездесуімізде де мені қорғаштап, жаман бауырыңызға сөз жуытпап едіңіз! Сыртқа шығарып, бәріне үлгересің, театрды да, тобыңды да тастама деп ағалық лебізіңізді білдіріп едіңіз! Енді Алматыдан жырақта қаралы хабарды естіп, жүргім езіліп тұрғаны. Ауырдым, қартайдым деп ешкімді қинамай, қалыпты қалпыңызда ойнап, билеп жүріп кетіп қалыпсыз ғой, Сағат аға", - деп қимастығын білдірді ол.
Сонымен қатар Асхат Садырбай, Мадина Сәдуақасова, Мақпал Жүнісова, Әзімбек Байлин және тағы да басқа әртістер де марқұмның туыстарына қайғыра көңіл айтты.
Айта кетейік, бүгін 16 мамырда актер Сағат Жылгелдиевтің өмірден озғаны белгілі болды.
Рахман Омар Сағат Жылгелдиевтің соңғы видеосын жариялады. Өнер иесі өмірінің соңғы сағаттарын көңілді өткізді. Ол той үстінде би билеп, әріптестерімен көңіл көтерген. Шоу-бизнес өкілдері бұл сәттің куәсі болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1969588-qos-bol-asyl-aga-oner-zuldyzdary-sagat-zylgeldievpen-qimai-qostasty/