"Тойда билеп тұрып жүрегі тоқтап қалды": Актер Сағат Жылгелдиевтің соңғы видеосы жарияланды
Жарияланған күні:
Отандық танымал актер Сағат Жылгелдиев 68 жасында өмірден озды. Өнер иесі өмірінің соңғы сағаттарын көңілді өткізді. Ол той үстінде би билеп, әріптестерімен көңіл көтерген. Шоу-бизнес өкілдері бұл сәттің куәсі болған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Сағат Жылгелдиевтің соңғы видеосын Рахман Омар жариялады. Ол Instagram парақшасында актер туралы естелігімен бөлісті.
"Жалған дүние-ай. Кім ойлаған? Той үстінде өзіне тән аңғалдығымен, кең пейіл көңілімен, дархан мінезімен, ортамызда балаша билеп жүрген асыл ағамыздан бір сәтте айырылып қаламыз деп кім ойлаған?!. Жүрегім езіліп отыр. Дел-сал күйдемін. Тірі жанға жаманшылығы жоқ, басқаның қуанышында өз тойында жүргендей жүруші еді. Жасы біраз бізден үлкен болса да, өте ширақ, қимылы көз ілеспейтіндей жылдам еді.
Қайран ағам-ау, қайтейін?! Әй, Сағат! деп құрдасымдай ойнаушы ем. Енді кімге еркелеймін?! Орның ойсырайды ғой, көкешім-ау. Көз алдымызда кетіп қалдың-ау. Жаның жәннатта шалқысын, аға-ау. Біз сізді ешқашан ұмытпаймыз. Билеп тұрып жүрегі тоқтап қалды. Қайтар алдында 10 минут бұрын түсірілген видео", - деп жазды Рахман Омар.
Айта кетейік, бүгін 16 мамырда актер Сағат Жылгелдиевтің өмірден озғаны белгілі болды.
Өнер иесінің жаназасы 17 мамыр күні өз үйінде беріледі.
Сондай-ақ 17 мамыр күні сағат 10:00-де Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында Сағат Жылгелдиевпен қоштасу рәсімі өтеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1969484-toida-bilep-turyp-zuregi-toqtap-qaldy-akter-sagat-zylgeldievtin-songy-videosy-zariyalandy/