Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Америкада тұрып жатқан Марат Омаров шетелдегі өмірі жайлы сыр шертті (фото)

Жарияланған күні:

Марат Омаров
Марат Омаров. Фото: Композитордың жеке мұрағатынан

Танымал қазақстандық композитор Марат Омаров осыдан бір жыл бұрын АҚШ-қа көшіп кеткен. KAZ.NUR.KZ тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген өнер иесі өзге елдегі өмірі жайлы сыр шертіп, отанына деген сағынышын жеткізді.

Бастапқыда Америкаға екі айға ғана баруды жоспарлаған композитор белгілі себептермен құрама штаттарында ұзақ уақытқа қалуды ұйғарған.

Марат Омаровтың айтуынша, ол Америка құрама шттаттарына елшіліктің арнайы шақыртуымен барған. Композитор АҚШ-тың екі қаласында қазақ туының көтерілуіне қатысып, бірнеше алып шаһарда қандастарына арнайы концерттік шара ұйымдастырған.

Бүгінде Америкада 11 ай бойы тұрып жатқан өнер иесі елге деген сағынышының күн сайын артқанын жеткізді. Ол алдағы уақытта Қазақстанға қайта келу жоспарында бар екенін айтты.

Марат Омаров
Марат Омаров. Фото: Композитордың жеке мұрағатынан

"Америкада жүргеніме оныншы айдан асып қалды. Бұл елге отбасыммен, қызым Бибімариям, жұбайыммен бірге келдім. АҚШ-қа бастапқыда келгенде "біраз уақытқа қаламыз" деген ой болмады.

Бұл менің Америкаға бірінші рет келіп жатқаным емес. Осымен төртінші рет барып тұрмын. Ең бірінші рет 2012 жылы Лос-Анджелесте қызым конкурсқа қатысып, жеңімпаз болғанда келгенмін. Одан кейін 2016 жылы бірнеше қалаға турне жасадым. Хьюстон, Лос-Анджелес, Нью-Йорк қалаларында ән шырқадым. Сосын 2019 жылы үлкен сапар болды.

Ал 2021 жылы арнайы елшіліктің шақыруы бойынша егеменді еліміздің отыз жылдық мерейтойына байланысты Нью-Йорк пен Филадельфияда қазақтың туы көтерілді. Соған арнайы мені және Қайрат Нұртас бауырымды шақырды. Сонда Нью-Йоркта орналасқан бүкіл әлемдік қаржы орталығында біздің көк туымыз желбіреді.

15 желтоқсан күні Нью-Йоркта, 16-сы күні Филадельфияда көтердік. Сол жердегі бүкіл қазақтар бас қостық. Оған қоса арнайы елшілік пен Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері де қатысты. Бұл шараға орай кеш те ұйымдастырылды. Одан кейін мен Чикаго қаласына ұшып кеттім. Онда да жан-жақтан барша қазақ жиналдық. Үлкен концерт бердік.

Кейін Лос-Анджелес, Хьюстон, Сокраменто, Орландо, Майами, Сан-Диего, Санта-Барбарада концерттер бердім. Осы жиындарда қазақтармен бас қосып, керемет арқа-жарқа болып, Қазақстанда ауылда бас қосқандай күйде болдық. Отандастарымызға ерекше көңіл-күй сыйладық. Олар да өз елін сағынып қалғаны көрініп тұр", - деді Омаров.

Марат Омаров
Марат Омаров. Фото: Композитордың жеке мұрағатынан

Әнші АҚШ-та ұзақ уақытқа қалып қоюының себебін де түсіндіріп өтті. Сөзінше, кенже қызы Бибімариямға бұл елде жаңа мүмкіндіктер ашылған. Ол келер жылы Нью-Йорк фильм академиясына түсуді мақсат етіп отыр.

"Америкаға бастапқыда келерде осылай оншақты қаланы аралауды жоспарлаған болатынбыз. Ол бұйыртса екі айда бітеді ғой деп ойлағанбыз. Қазір 11-ші айға дейін созылып жатқан себебі – Біріккен ұлттар ұйымының мәдениет кеңесшісі болып тағайындалдым.

Украинаға қайырымдылық концерттер беріп, барлық қалаларда Қазақстанның атынан бірнеше концерттерге қатыстық. Содан кейін мені Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылдады. Кейін қызым Бибімариямның осы жерде оқуға түсуін қарастырдық. Ол режиссураны таңдады. Қазір қызым үлкен жетістікке жетіп жатыр.

Америкадағы үздік бестіктің ішіндегі үлкен командаға кірді. Амерканың түрлі қалаларындағы конкурстарға қатысып, алдыңғы орындарды алып жатыр. Ал келер жылы 18 жасқа толғанда Нью-Йорк фильм академиясына түсуді мақсат етіп жатырмыз. Ол академиямен бұрыннан байланысым бар, директоры қазақстандықтарға оң көзімен қарайды", - деді ол.

Марат Омаров
Марат Омаров. Фото: Композитордың жеке мұрағатынан

Оған қоса Марат Омаров Америкадағы өмірдің ерекшелігіне де тоқтала кетті. Әртіс өзге елдегі өмірге үйренісіп қалғанымен, елге деген сағыныш басым екенін жасырмайды. Ол алдағы уақытта Қазақстанға барып қалатынын жеткізді.

"Осы жақтағы қазақтардың басы қосылып, концерттер беріп жатырмыз. Кілең қазақтардың арасында жүргендіктен оларда да қазағымның мәдениеті ғой. Бұл жердің өзіне тән ритмі бар. Оған үйрендік. Ал тамақ мәселесіне келетін болсақ. Сырттан да ішіп тұрамыз, бірақ жолдасым көбіне үйде дайындайды. Сол себепті үйдің тамағын көбірек жейміз.

Елді әрине сағынамыз. О баста екі айдан соң кетеміз деп жүргенде қаңтарда елімізде қаралы күндер орын алды. Бұл жағдай біздің де жанымызға қатты батты. Мен халқыма қолдау әрі жұбату болсын деген мақсатта "Аман бол, халқым" деген әнімді жібердім. Біздің елге деген сағынышымыз артып келе жатыр. Елге тезірек оралсақ дейміз. Негізі жақын арада елге барып қаламыз деген ойдамыз", - деді композитор.

Марат Омаров
Марат Омаров. Фото: Композитордың жеке мұрағатынан

Марат Омаров Америкада болған уақытта оның Зульфия есімді қызы тұрмысқа шықты. Өнер иесі перзентінің қуанышында бола алмаса да, оған видеобайланыс арқылы өз әкелік тілегін жеткізгенін айтты.

"Қызымның Шымкентте өткен ұзатуына қатыстым. Бұл кейіннен болған той. Жалпы жанұя болғандықтан қызымның күйеубаламен жақсы өмір сүріп кеткенін қалаймыз. Оларға хабарласып, тілектер айтып видео жібердік. Ол қуанышта бола алмағаныма ешқандай өкініш жоқ. Бастысы жастардың бақытты, өмірлік жолдары ашық болса болды. Біздің ата-ана ретіндегі тілегіміз, бар қалауымыз осы. Біз үшін бұдан асқан бақыт жоқ", - деді ол.

Сондай-ақ эстрада жұлдызы өзінің некесіз туған немересімен арақатынасы жайлы да айтып берді. Сөзінше, жұлдызды жанұя бүгінде Көзайыммен хабарласып тұрады.

"Балам Көзайыммен хабарласып тұрады. Байланыстамыз, қарым-қатынастамыз. Өсіп жатыр. Болашақта Бибімариямның артынан ілесетін сіңлісі ғой бұйыртса", - деді Омаров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1992323-amerikaga-kosip-ketken-marat-omarov-omiri-zaily-syr-sertti-foto/