"Ақшаға байланысты": Әнші Нұржан Қалжан Қыдырәлі Болмановтың қоластынан неге кеткенін айтты
Жарияланған күні:
"Бұлбұл құсым" әнімен танылып, "Шабыт", "Жас қанат" байқауларында топ жарған түркістандық әнші Нұржан Қалжан өзінің бұрынғы продюсері Қыдырәлі Болмановқа қатысты мәлімдеме жасады. Ол араға жылдар салып Болмановтан не үшін кеткенін және сахнадан неге көрінбей кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды "Көреміз" ток-шоуына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Қыдырәлі Болманов екеуміздің арамызда түсінбеушілік болды. Мұның шығармашылыққа қатысы жоқ, екеуара келіспеушілік. Кеткеніме он жылдай болды. Шыны керек, сол ақша, дүниеге қатысты мәселелер. Кейін тағы да оқиғалар болды. Радиода әндерім қойылмады. Әндерімді радиодан қоюға жоғарыдан рұқсат жоқ екені де айтылды. Иә, арамызда реніш болды. Бірақ кетерімде рахметімді айтып, қоштастым. Бүгінде менің сол орталықта жүріп жазған әндерімнің авторлық құқығы толығымен Қыдырәлі ағаға тиесілі", - деді Нұржан Қалжан.
Әншінің сахнадан көрінбей кетуіне бірнеше себеп болған. Оның айтуынша, әкесінің өмірден өтуі, өзінің жол апатына түсуі шығармашылғына тікелей әсер еткен.
Ал Қыдырәлі Болманов болса, Нұржан Қалжанмен жұмысты неліктен тоқтатқанын айтты.
"Мен оның алдынан көлденең кескен емеспін. Ешқандай жерге хат жазып, бөгет қоймадым. Шынын айтсам, оның орындаған барлық әндерінде менің авторлық құқығым бар деп ойлаймын. Оның барлық қаражатын мен төлегенмін және "қайтар" деген емеспін. Оған үлкен көлемде ақша салдым. Ешқандай шағым айтпадым. Әрі қарай жұмыс істеудің мән-мағынасы жоқ екенін түсіндім. Айтқанымның бірін де істеген жоқ. Ер адамның көзінде от болуы керек", - деді Болманов.
Айта кетелік, Нұржан Қалжан Түркістан облысында дүниеге келген. Ол хит әндердің бірі саналатын "Бұлбұл құсым" туындысын 2007 жылдан бері орындап жүр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2001011-aqsaga-bailanysty-ansi-nurzan-qalzan-qydyrali-bolmanovtyn-qolastynan-nege-ketkenin-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.