"Қатарынан қалмаса екен деймін": Медеу Арынбаев ұл-қызын қалай тәрбиелеп отырғанын айтты
Жарияланған күні:
Әнші Медеу Арынбаев - ұл-қызын жалғыз тәрбиелеп отырған әке. KAZ.NUR.KZ тілшісіне ағынан жарылып сұхбат берген әнші жарының жоқтығын сездірмес үшін күні-түні тынбай еңбек етіп, балаларының арманын орындауға тырысып бағатынын айтады.
Медеу аға, өзіңізді көрген кезде аға буын ретінде жастардың өнеріне баға сұрамау мүмкін емес. Жалпы, ізбасарларыңызға көңіліңіз тола ма? Әлде кей әріптестеріңіз секілді "қап, әттеген-ай" деп ренжитін кездеріңіз бола ма?
- Жастардың өнеріне жақсы деген баға береміз. Жастар жастығын істеп жатқан кезең. Олар ізденісте. Өз бағыттарын іздеп жатқан кезең. Оларға бір ауызбен баға беру оңай дүние емес. Дарынды, талантты жастар өте көп. Бірақ әр кезеңнің өз талғамы бар. Сол кезеңнің біздің талғамға сай келуі қиындау. Жалпы өнерде өтірік жүрмейді. Шынайылық, тазалық жүреді. Ең бастысы, өнердің тұғыры биік. Сахна мәдениеті бар. Соны ескеріп, жастарымыз тұлға болып қалыптасса екен. Басты тілегіміз сол.
- Ер қанаты ат дейді ғой. Қазір заманға сай ер қанаты темір тұлпар екен ақиқат. Бірақ естуімізше сізде көлік жоқ екен. Рас па?
- Мен көлік айдағанды жақсы көремін. Бірақ, оның тегіне, теміріне, маркасына қарап мінетін жандардың қатарынан емеспін. Қалада ыңғайлы болса, бұзылмай жүріп тұрса болды. Алматыда қалаға ыңғайлы көлік болғаны дұрыс. Осыдан екі жыл бұрын Toyota Camry көлігін ұлыма алып бердім. Соны жағаласып кейде мініп кетемін. Әрине, жағдайың болса, Алматының ішінде шағын көлік, ал тау жаққа жол таңдамайтын қуатты көлік болғаны дұрыс. Бірақ, өзім оған аса мән бермеймін.
- Алғашқы көлігіңіз де сыйлыққа келгенін білеміз…
- Алғаш рет ұлым Дәулет дүниеге келген кезде "девятка" деген көлік сыйлаған. Оны мен 7-8 ай айдай алмай, жай тұрған еді. Содан достарым әзілдеп күле берген соң, айдап көріп, үйреніп кеттім.
- Жоғарыда өзіңізде көлік жоқ болса да, ұлыңызға әпергеніңізді айтып қалдыңыз…
- Мен ұлымды біреуден асып кетсін демеймін. Бастысы, қатарынан қалмаса екен деймін. Осыдан екі жыл бұрын бір жағдайды байқадым. Ол кезде жиырмадан асқан еді. Достарының бірі анасының, бірі әкесінің көлігін айдайды екен. Біріне жаңа көлік әперген. Маған астарлап айтып қоятын. Мен оны бірден түсіндім. Ол кезде менің өзімде де көлік жоқ еді. Екеумізге бір көлік алғандай алдық. Сонымен жүріп жатырмыз. Балам аспандағы айды сұрамайды. Ел қатарлы, қарапайым.
- Ал ұл-қызыңыз әке жолын жалғап, өнер адамы болуға ниетті ме?
- Егер өнер жолын таңдаса мен қарсы болмайтын едім. Бірақ екеуі де өнер әлемінің ішін жақсы біледі. Менің жұмыстарымды көріп жүргендіктен бе, сол салаға баруға аса бет бұрмады. Ұлым IT саласында білім алып, сол бағытта жұмыс іздестіріп жүр. Қызым заманауи биден сабақ береді. Менің бар айтатыным - аман болыңдар. Ақымақтық жасамаңдар. Барлық ата-анаға керегі сол деп ойлаймын. Қызыма сұраныстар түсіп жатқанын да біліп қаламын. Ерболат бауырымыз қыздардан тұратын топ құрып жатыр екен. Солар қайта-қайта хабарласып шақырыпты. Бірақ "өзің қара, өзің шеш, сенің шешіміңді қолдаймын” дедім, іштей аса құптамасам да. Қызым өзі ол ұсынысты қабылдамапты.
- Сатқындық дегенді қалай түсінесіз?
- Өмірде не болмайды? Бәрі болады. Сатқындық та болады, адасқандық болады, пендешілік болады. Байқаусызда болған шығар. Есі дұрыс, иманды адам ондай жағдайға бара алмайды. Сатқындық деген сөздің өзі ауыр. Жағдай сондай болғандықтан немесе мәжбүр болғандықтан бір-бірін сатып жататын шығар. Бірақ Аллаға шүкір мені біреу сатып кетті, сатқындық жасады деп өмірге өкпелеп жүрген жан емеспін.
- Әңгімеңізге рахмет, балаларыңыздың қызығын көріңіз!
Сұхбаттасқан: Жанар Тайырқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2002068-qatarynan-qalmasa-eken-deimin-medeu-arynbaev-ul-qyzyn-qalai-tarbielep-otyrganyn-aitty/