"Құлынымды қиып бердім, қайтейін": Ақын Серікзат Дүйсенғазы өмірден өткен ұлына жыр арнады
Жарияланған күні:
Белгілі айтыс ақыны Серікзат Дүйсенғазының отбасы 16 жастағы ұлынан айырылып, қара жамылды. Ақын өмірден өткен ұлына жыр арнады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Ақын жыр жолдарын Facebook желісінде бөліскен.
"Ей, жүрегім, сабыр, сабыр, сабыр де, Жасамайын күпіршілік Тәңірге. Құлынымды қиып бердім, қайтейін, Қабырғасы қара суық қабірге.
Тура келген не істей алам ажалға? Сөз таба алмай қор болдым-ау жазарға. Қаламымнан қара сия төгілді, Ақ парақтың бетіндегі ғазалға.
Қапелімде ой да келмей орамды, Тоқтата алмай көзден аққан сорамды. Қаңтар туа қаңтарылдым баса алмай, Ішімдегі алай-түлей боранды.
Жылаймын ғой, қайтем енді жыламай, Тағдыр мені жібермеді сынамай. Күңіренген шығар бәлкім осылай, Әбішінен айрылғанда ұлы Абай.
Зор қайғыдан көтере алмай еңсемді, Көз алдымда аспан мен жер теңселді. Он алты-ақ жыл ойнақтаған, қарғам-ай, Сенен де әттең, өтті-ау жалған өлшеулі.
Ғалым болар, ақын болар деп едім, Көз тиді ме дара туған бөбегім? Өң мен түстің арасыңда отырмын, Түсім қашып түсіне алмай себебін.
Дүниенің өлшей білген парығын, Адалдықты жүрегіңнен таныдым. Зау биікте аппақ қардың үстінде, Заулап келіп жаны үзілген жарығым.
Әулетімнің маңдайдағы бағы едің, Әкесінен ассам дейтін бала едің. Арманыңа жетпей кеткен жаныңды, Тыныштықта әлдилесін ақ өлім.
Ауырлығы қара жердей сынақтың, Қасіретіне қарсы тұрып шыдаппын. Құлыншағым шапағатшы болар деп, Бақшасында сегіз түрлі жұмақтың", - деп жазды айтыскер.
Естеріңізге сала кетейік, айтыскер, ақын Серікзат Дүйсенғазының 16 жастағы ұлы оқыс оқиға салдарынан қаза тапты.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ақын, мәдениет қайраткері Серікзат Дүйсенғазыға ұлы Әлиханның мезгілсіз дүниеден өтуіне орай көңіл айту жеделхатын жолдады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2004574-qulynymdy-qiyp-berdim-qaiteiin-aqyn-serikzat-duisengazy-omirden-otken-ulyna-zyr-arnady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.