Ұланғасыр Қамиев: "Қызыл раушан" әні барлық қарызымнан құтқарды

Опубликовано:

Ұланғасыр Қамиев
Ұланғасыр Қамиев. Фото: Әншінің жеке мұрағатынан

2022 жылы хит болған "Қызыл раушан" әнінің орындаушысы Ұланғасыр Қамиев KAZ.NUR.KZ тілшісіне экслюзив сұхбат берді. Әнші танымалдылыққа дейінгі және одан кейінгі өмірі туралы сыр шертті.

Ұланғасыр мырза, сұхбат алудың сәті түскеніне қуаныштымыз. Сұрақты 2022 жылды қортындылап, 2023 жылға қойылған жоспарлардан бастайықшы…

2022 жылы менің жасым 22-де болды. Бұрыннан "2022 жылы 22 жасымда мен не істеп жүрер екенмін? Қандай боламын?" деп көп ойлайтын едім. Өткен жыл мен үшін табысты, ерекше, армандарым орындалған жыл болды деп айта аламын. Аллаға шүкір, 2022жылы "жылдың хитмэні" атандық. Ең үлкен берілген несібе осы деп ойлаймын. Ал осы жылдан күтетін үмітім одан да үлкен. Себебі, 2023 жылдың күзінде Қазақстанда болмаған жаңа форматтағы есеп беру кешімді өткізуге ниеттеніп отырмыз. Соған әрекет етеміз.

Сіз бұл әніңіздің хит екенін қашан сездіңіз? Қандай сезімді бастан кештіңіз?

Бұған дейін бірнеше жыл бойы осы хит үшін жұмыс жасалды. Ешкімнің басына танымалдылық топ етіп келе қалмайды. Үлкен еңбек, табандылық пен сабырлықты, уақытты талап етеді. 99 пайыз еңбек, 1 пайыз талантпен келетін дүние. Шынымды айтсам, бұл әннің хит болатынына мен сенбедім. Үш ұйықтасам түсіме кірмеді. Менің продюсерім Назерке ханым "бұл ән нағыз хит болады" деп, ұзақ созбай, өңдеу жұмыстарын бастап кеттік. Ән дайын болғанда Tik-Tok желісіне салып едік, аз уақыт ішінде миллионнан астам қаралым жинадыі. Үш ай бойы трендте бірінші орында тұрды. Сол кезде өзімнің төлқұжат әнімді тапқанымды түсіндім.

Ал бұған дейін қай салада жұмыс жасап едіңіз?

Мен Қарағанды облысы Шет ауданы Талды деген ауылда туғанмын. Бала кезімнен әншілік пен актерлікке ерекше қызығып өстім. Қолымдағы ескі ұялы телефонмен кино түсіріп жүретінмін. Бірақ "бұл кімге қызық" деп қоя салатынмын. Ешкім елемейтін де, бағаламайтын да еді. Алайда мен ешқашан сынбадым. Әрдайым "халықтың баласы" болып, көптің ілтипатына бөлену үшін әрекет ете бердім. Дидар Қамиев ағамның ізін қуып, он жыл айтыстым. Ол айтыстардан да жүлдесіз қайтпадым. Жүрсін Ерман ағамның батасын да алдым. Мектеп бітірген соң жоғары оқу орнында экономика бағытында білім алдым. Кейін Назерке продюсерім кездесіп, талабымды, талантымды байқап, бағалап жұмыс бастадық. Қалтамызда ақшамыз жоқ болса да тәуекел етіп Алматы қаласына келдік. Бастапқыда бізді елеп, құлақ асқан ешкім болмады. Бірақ продюсерім екеуіміз әрекет ете бердік. Кейбір кісілер сыртымнан оның жолы болып кетті деп айтып жатады. Бірақ бұл танымалдылық менен үлкен еңбекті, маңдай терді талап етті. Мен сияқты көптеген жас бала армандайды. Бірақ олар армандарына жететін жолда тез сынып кетеді. "Талант бар, таныс жоқ" деп көп айтады ғой. Еңбек етіп, қайтпай, жұмыс жасасаңыз таныссыз-ақ таныла аласыз. Алла әркімнің несібесін береді. Тек сынбау керек. Қайтпау керек.

"Қызыл раушан" әнінен кейін не өзгерді? Танымалдылық сізге не берді?

"Қызыл раушан" барлық қарызымнан құтқарды. Нақтылап айтсақ, бұл хитке дейін менің продюсерім Назерке ханым өнерімізді аяққа тұрғызу үшін өзінің қаржысынан бөлек, қарызға талай ақша алған еді. Соларды бірінші кезекте төлей алдық. Табыс көзіне айналды. Өзім ішіне кіріп, біте қайнасып жүрген соң бала кезімнен теледидардан көрген жалт-жұлт еткен шоу бизнестің көбі көзбояушылық екенін аңғардым. Мен қарағандай бәрі әдемі емес екен. Сондықтан өмірге деген көзқарасымда көптеген өзгеріс болып жатыр.

Ән таңдауда кіммен ақылдасасыз?

Мен бір ғана адаммен ақылдасамын. Ол менің продюсерім. Бұрын барлық адаммен ақылдасып, әркімнің ойына мән беретінмін. Ал қазір шынымды айтсам мен Назерке ханымның ән таңдаудағы кәсібилігіне 100 пайыз сенемін. Назерке ханым таңдап береді. Ал мен орындаушымын.

Ал образ бен стиль таңдау кезінде кәсіби мамандарға қаншалықты жүгінесіз?

Образды өзім ойлап таптым. 90-жылдардың әуені болғандықтан соған сай образ таңдау керек деп шештім. Ал киімдерді Назерке ханым тауып берді. Ол кісі - өзі стилист. Ешқандай басқа маманмен жұмыс жасап жүрген жоқпыз.

Ұланғасыр Қамиев
Ұланғасыр Қамиев. Фото: Әншінің жеке мұрағатынан

Талай жастың үйлену тойында ән айтып жүрсіз. Ал өзіңіздің үйлену тойыңыз қашан?

Өзімнің үйлену тойым қашан болатынын білмеймін. Әзірге сүйіктім де, сүйгенім де жоқ. Барлық ер азамат 25 жастан кейін үйленемін деп жоспарлайды ғой. Менің де ойым сондай. Бірақ бұйрық Алладан ғой. Шынымды айтсам, дәл қазір шынайы жар болатын қызды табу да, кездестіру де қиындау сияқты.

Болашақ жарыңыздың қандай болғанын қалайсыз?

Болашақ жарым бірінші кезекте анамды сыйлап, құрметтей білуі керек. Әкем марқұм болып кеткен. Мен үшін ең ардақты жан анам. Сол кісіге ұнаса екен деймін. Әрине, жүректің қалауына үйленемін.

Қазір хит әншісіз. Хит әншінің тойға шығатын гонорары қанша екен?

Бұл жағына мен жауап бермеймін. Оны продюсерім біледі. Сіздерде, тойға мені шақырғысы келген тойшыл қауым да гонорар мәселесін Назерке ханымнан сұрап біліп, келісе аласыздар. Мен қаржылық мәселеге мүлдем араласпаймын.

Ал алғашқы гонорарыңыз қанша және қайда жұмсаған едіңіз?

Шынымды айтсам, ең алғашқы гонорарым есімде жоқ екен. Әйтеуір әр алған табысымның адал келіп, адалынан жұмсалғанын қалаймын.

Сұхбаттасқан Жанар Тайырқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2005054-ulangasyr-qamiev-qyzyl-rausan-ani-barlyq-qaryzymnan-qutqardy/