Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұланғасырдың продюсері: Дидар Қамиев Ұланғасырдың шығармашылығына араласпайды

Жарияланған күні:

Назерке Жартын, Ұланғасыр Қами
Назерке Жартын, Ұланғасыр Қами. Фото: Назерке Жартынның жеке мұрағатынан

Отандық жас хитмен Ұланғасыр Қамиев осыған дейін берген сұхбатында "Қызыл раушан" әні арқылы барлық қарызынан құтылғанын айтқан болатын. Әнші бар еңбектің продюсердікі екенін мәлім етті. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға жауап алу үшін Ұланғасырдың продюсері Назерке Жартынмен тілдесті.

- Ұланғасыр үнемі айтатын Назерке ханым кім? Бұған дейін қай салада қызмет жасады? Өзіңізді толық таныстырып өтіңізші.

- Есімім - Назерке Жартын. Қарағандының тумасымын. Ұланғасыр екеуіміз жерлеспіз. Продюсерлікке келгенге дейін Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде ғылыми қызметкер болып жұмыс жасадым. Негізгі мамандығым - археолог-тарихшы.

- Продюсерлікке қашан және қалай келдіңіз?

Мен үш ұйықтасам да "продюсер боламын" деп ойлаған емеспін. Ұланғасырмен танысқаннан кейін ол үнемі маған арман-мақсаттарын айтып отыратын. Құр айтпайтын, көзі жанып, жалындап айтатын. Сол кезде менде "неге осындай жалындап тұрған бозбалаға қолдау көрсетпеске" деген ой пайда болды.

Негізі әу баста біз жұмысты әнші мен продюсер емес, кино түсіру мақсатында бастаған едік. Ол киноның сценарийін екеуіміз бірге жазып, актерлерді де таңдадық. Жұмыстың 90 пайызы атқарылып, соңында мәселе ақшаға келіп тірелгенде, қаржы болмай тоқтап қалды.

Бірақ, сол фильмге дайындық барысында мен Ұланғасырға "Осы фильмнің барлық саундтректерін өзің орындап көр. Мүмкін бағың әнші ретінде жанып кететін шығар. Дауысың да, талантың да бар", - деп айтқан едім. Фильм түсірілмейтін болған соң біз екеуара әнші мен продюсер ретінде жұмысты жалғастыратын болып шештік.

2021 жылдың мамыр айында біздің алғашқы бірігіп жасаған жұмысымыз жарыққа шықты. Содан бері бірге жұмыс жасап келеміз.

- "Қызыл раушан" әнінің хит болатынын бірден біліпсіз. Қалай сездіңіз?

- Иә, ол рас. Бұл әнді таңдап алған да өзім едім. Шынымды айтсам, мен әрдайым ізденісте болдым. Көп жастардың жұмысын тыңдап, бақылап жүретінмін. Бір күні әлеуметтік желіде Ақтілек Көшербаев деген жас әншінің парақшасына кіріп, әнін тыңдап қалдым. Сол әннің композиторының стилі бірден көңілімнен шықты. Өзім қалайтындай әнді жазып беретініне сенімді болдым.

Әнші жігітке хабарлама жаздым. Әннің авторы туған ағасы екен. Бірден Амангелді Көшербаевқа хабарласып, өзіме қажет әнді айттым. Ол кісі өзінде дайын тұрған бірнеше әнді ұсынып, ішінен "Қызыл Раушанды" бірден сатып алдым.

- Ән таңдауда интуицияға жол бересіз бе әлде кәсіби маман ретінде қарайсыз ба?

- "Қызыл раушанды" таңдаған кезде интуиция ғана емес, саналы түрде жорамалым болды. Менің ойымдағы хит әннің талаптарына сай келіп тұр. Сондықтан, еш ойланбастан сатып алдым.

- Продюсер болу үшін қомақты қаржы керек. Бір сөзбен айтқанда "айналымдағы ақшасы" болуы керек. Келісесіз бе? Өзіңіз қанша қаражат салдыңыз?

- Иә, ол 100 пайыз шындық. Қомақты қаржы керек. Ал егер әнші өзі шығатын болса инвестор болу керек. "Қызыл раушан" шыққанға дейін 1,5 жыл жұмыс жасаған едік. Осы аралықта нақты қанша қаржы салғаным есімде жоқ. Алғашқыда өзімнің барлық жиған-терген ақшамды салдым. Кейін қарыз алған кездерім де болды.

- "Қызыл раушан" әніне қанша ақша жұмсалды? Және қанша есе ақтай алдыңыздар?

- "Қызыл раушан" Ұланғасырдың орындауындағы оныншы ән. Оған дейін 1,5 жыл көлемінде жұмыс жасап, тоғыз ән жазып, екі бейнебаян түсірген едік. Аз қаржы жұмсалмады. Нақтысы есімде жоқ. Бір қызығы, тоғыз әннің бәрін Ұланғасыр өзі таңдаған еді. Маған аса ұнамайтын.

Соңында өзім әннің орындалуын сезініп, іздеп таңдадым. Дауыс жазу үшін бес сағат жұмыс жасадық. Жалпы "Қызыл раушан" 1,5 жыл салынған қаржыны толық өтеп, табысқа шығуға көмектескен туынды.

- Біз Ұланғасырдан гонорар мәселесін сұрағанда "продюсерім біледі" деген еді. Енді сол сұрақты қояйықшы. Ұланғасырдың гонорары қанша және қандай да бір райдер бар ма?

- Қарапайым халыққа қолжетімді. Сондықтан да күнделікті тойда жүрміз. Аспаннан алынып қатып қалған гонорар жоқ. Райдердің қатарында аэропорттан күтіп алу, шығарып салу, жақсы қонақ үйге орналастыру деген сияқты қарапайым нәрселер көрсетілген.

- "Хит ән таппай қалсақ, ақшам қайтпай қалады-ау. Мен бекер қарыз болып қаламын-ау" деген қорқыныш болмады ма?

- Сізге бір қызықты айтып өтейінші. Енді жұмысты бастаған кезде Ұланғасыр менен "менен қашан хит жасайсыз" деп сұрағанда "бір жылдан соң хит боласың" деп айтқан едім.

Менің сөзімді Алла қабыл етсе керек, 1,5 жылдан соң хит ән шығып, жылдың хитмені атанды. Мен бірінші Аллаға сендім.

- Қазір Ұланғасырмен арада қандай келісімшарт бар? Қандай шектеулер бар? Арада құжат түрінде келісімшарт бар ма?

- Арамызда бес жылдық келісімшарт бар. Соның екі жылы артта қалды. Келісімшартта қатаң талаптар бар деп айта алмаймын. Ең бастысы - жұмысқа жауапкершілікпен қарау.

- Көпшілік адам "Ұланғасыр Дидар Қамиевтің бауыры. Сол шығарған ғой" деп пікір айтады. Жорамал жасайды. Сіздің еңбегіңіз елеусіз қалғандай сезім болмай ма?

- Иә, басында солай айтып, жорамалдағандар болды. Бірақ, Ұланғасыр үнемі "менің продюсерім бар. Есімі - Назерке" деп мақтанышпен айтып жүреді. Шынымды айтсам, мен барлық зейінімді жұмысқа қойған адаммын.

- Дидар Қамиев қаншалықты қолдау көрсетті? Қаншалықты сіздердің жұмыстарыңызға араласады?

- Дидар Қамиев Ұланғасырдың шығармашылығына араласпайды. Ұланғасыр екеуіміз ересек адамдар ретінде келісімшартқа отырып, жұмыс бастадық. Келісімшарт пен жұмыс тек екі адамның арасында бекітілген. Ал Дидар мырза Ұланғасырдың "туған ағасымын" деп біздің жұмысқа араласып кетпейді. Ұланғасыр да, мен де білмейтінімізді сұрап отырамыз. Ол кісі өзінің ағалық кеңесін айтып отырады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2005324-ulangasyrdyn-prodyuseri-didar-qamiev-ulangasyrdyn-sygarmasylygyna-aralaspaidy/