Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бәрін өзі бүлдірді": Шаһизада бірге дуэт айтқан жас әншімен қарым-қатынасы туралы айтты (видео)

Опубликовано:

Шаһизада
Шаһизада. Фото: "Менің өмірім" бағдарламасы

Отандық әнші Шаһизада осыдан біраз уақыт бұрын жас әнші Бағдат Сейітпен дуэт жазып, көпшіліктің қызу талқысына түскен болатын. Өнер иесі "Менің өмірім" бағдарламасында қазіргі таңда жас жігітпен қарым-қатынасының тоқтау себебін түсіндірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Мен шынымды айтсам, өнерде жүргеніме 35 жылдан асты. Өнерде жүргелі Қайрат Нұртаспен де, Бүркітпен де, Айбар деген жас әншімен де, Бауыржан Исаевпен де көп дуэтім бар. Біз дуэтте махаббат туралы ән айтатын болсақ, міндетті түрде сезімге беріліп тұрып орындаймыз. Әңгімелерді жиі естимін. Мен күлемін де, қоя саламын.

Бағдат Сейітпен ән айтқанда да образға кіріп, солай болды. Қазір TikTok деген дамып жатыр ғой. Таза хайп болды. Бағдат Сейіт - өте әдемі, жақсы әнші. Түр десе - түрі, дауыс десе - дауысы бар, сахнаның адамы. "Мейрамханада ән айтпай, сахнаға шықсын. Үлкен әнші болсын" деген ойым, мақсатым болды. Сондай жоспармен үш ән жазып бердім. Бес дуэт жаздық. Қолдан келгенше киіміне дейін алып беріп отырдым. Арамызда еш келісімшарт болмады. Келісімшартқа уақыт таппай жүргенде, бәрін өзі бүлдірді.

Шын жүрекпен, шын ойыммен көмектескім келіп, өнерін көтергім келіп жүргенде, ол баланың ойы кішкене дұрыс болмаған екен. Оны Алла Тағала көз алдыма басқа әйел арқылы ашып берді. Түс көргендей болдым. Түсініксіз жағдай болды. Өтірік сөздері көп болған екен. Өйткені, "Мына жерде неге былай сөйледі? Мына сұраққа неге дұрыс жауап бермеді?" деп ойланып, салыстырдым. Өтірік сөздері көп екен, соны байқадым. Менімен отырып сөйлесіп, екеуіміз өнері мен өмірі туралы, болашақ жоспарлары туралы айтқанда тыңдап, жақсы отырады.

Кейін өзгере бастады, оны өзім де сездім. Бірнеше рет "Саған не болып жүр? Бәрі дұрыс па?" деп сұрадым. Ештеңе айтпайды, бәрі ішінде. Жеке өзінің ойы бұзылған, басқа жолға түсіп кеткен. Сөйлеген сөзінен, қимылынан, жүрісінен сездім. Сосын адамнан білініп тұрады ғой. "Сіздің аураңыз күшті. Сіздің жаныңызда отырсам, демаламын. Сізбен әңгімелескім келе береді" деп айтатын. Ал кейін тұтқаны көтермейтін, әңгімелескісі келмейтін, жауап жазбайтын болды. "Қаланың сыртында жүр едім" деген көп әңгіме болды. Қыдырып жүргені көбейді, жұмыс істеу керек қой?! "Өзгере бастады" дегенім сол ғой", - деді Шаһизада.

Сонымен қатар өнер иесі Бағдат Сейіт екеуінің арасына әйел түскенін де ашып айтты.

"Тоқ етерін айта салайын, арамызға әйел түсті. Әйелге басы айналып қалды. Ол әйелдің жағдайы жақсы, ақшасы бар. Мен берген ақша аз болып, ол әйелден тағы ақша алған. Екі жақтан ақша алып отырған. "Ән жазам" деп көлік алған. Бұл өтірік емес.

Екеуіміз дуэт болып, әдемі шығып, қанша концертке жарнама кетті. Сөз бен әңгімеге қарамай, алға келе жаттық. Солай келе жатқан кезде әйел жолдан адастырып жіберді. Ойы бұзылып, демалысы көбейді. Әңгімеміз де жараспай кетті. "Не істеп жүр мынау" деп көп ойландым. Ол ештеңеге қарамай, жалғастырғысы келді. Бірақ мені ренжітсе, ол адамды жаныма жолатпайтын, жақындатпайтын адаммын", - деді Шаһизада.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін әнші Шаһизада үшінші жігітімен үш ай Стамбұлда тұрып, кетіп қалғанын айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2008684-barin-ozi-buldirdi-sahizada-birge-duet-aitqan-zas-ansimen-qarym-qatynasy-turaly-aitty-video/

pixel