Сырым Әуезхан: Айтыста айтылған шумақтар үшін жұмыстан шығарған кездер болды
Жарияланған күні:
Сырым Әуезхан - әлеуметтік желідегі ең белсенді айтыскерлердің бірі. Алайда ақын айтыс алаңынан мүлдем көрінбей жүр. Осы орайда ақын KAZ.NUR.KZ тілшісіне айтысқа неліктен жиі шықпай жүргенін, қазіргі айтыстың дамуы, ақындық өнері мен жеке өмірі жайлы сұхбат берді.
- Сырым мырза, көргенімізге қуаныштымыз. Сұхбатты сіздің шығармашылығыңыздан бастайықшы. Қазір мүлдем айтыстан көрінбейсіз. Мұның сыры неде?
- Айтыстан қатты алыстап кеттім деп айта алмаймын. Айтысқа мен мамандық ретінде қарамаймын. Ол құдайдың берген таланты болғандықтан, елдің алдына шығып тұруға тырысамын. Бірақ кезіндегі алаш зиялылары мен аға буын сияқты өзіміздің талантымызды заманауи форматта пайдаланып жатырмыз. YouTube, басқа да әлеуметтік желіде өзімізді басқа қырымыздан көрсетіп жатырмыз.
- Айтысқа шақырмай ма, әлде сіз шақырулардан бас тартып жүрсіз бе?
- Айтыстың ұйымдастыруына байланысты мені шақырмаған кездері болды. Бірақ ол кезде мен телеарналарда қызмет етіп жүрдім. Қазір де мені айтысқа шақырса, бас тартқан кезім жоқ. Егер уақытым келіп жатса, ұйымдастыру деңгейіне көңілім толып жатса, қуана келісіп барамын. Әрине, бүкіл уақытымды айтысқа арнап жүрмін деп айта алмаймын. Негізі өзімді әртүрлі салада сынап, түрлі қырымды дамытып көргім келеді.
- Ал қазіргі айтысқа көңіліңіз тола ма? Даму қарқынына қандай баға бере аласыз?
- Айтыстың ұйымдастыруына байланысты мені шақырмаған кездері болды. Бірақ ол кезде мен телеарналарда қызмет етіп жүрдім. Қазір де мені айтысқа шақырса, бас тартқан кезім жоқ. Егер уақытым келіп жатса, ұйымдастыру деңгейіне көңілім толып жатса, қуана келісіп барамын.
Әрине, бүкіл уақытымды айтысқа арнап жүрмін деп айта алмаймын. Негізі өзімді әр түрлі салада сынап, түрлі қырымды дамытып көргім келеді. Екінші даму сатысына шығуы керек деп ойлаймын. Қазір мықты айтыскерлер болса да, көрермен қызығушылығы үлкен емес. Айтысты YouTube, TikTok немесе Instagram желілерінен көп көре алмайсыз. Ал қазір ең үлкен аудитория осы әлеуметтік желілерде шоғырланған. Сондықтан, меніңше, осы әлеуметтік желілерге жаңа контент түсіріп, үлкен жұмыс істеу қажет.
- Айтқан шындығыңызға бола, жолыңызға тосқауыл қойылған кездер болды ма?
- Айтыста айтылған шумақтар үшін жұмыстан шығарған кездер болды. Бірақ ол маған тікелей жоғары жақтан қысым жасады деген сөз емес. Ол ортадағы адамдардың өздерінің көлеңкесінен болған дүние деп ойлаймын.
- Курс ашып, шәкірт тәрбиелеу бүгінгі заманның "тренді" десе де болады. Сырым Әуезханның шәкірттері бар ма?
- Нақты бір шәкірт жоқ. Бірақ артымыздан еріп келе жатқан бауырларымызға ақылымызды айтып, білгенімізді бөлісіп, бағыттап жүрміз. Болашақта бәлкім шәкірт тәрбиелеп қалатын шығармыз.
- Әлеуметтік желіде өте белсендісіз. Арнайы мамандармен жұмыс жасайсыз ба? Әлде өзіңіз жеке дамытып жүрсіз бе?
- Instagram жүргізу кезінде сөйлеу, халықтың алдына шығудан ешқандай "проблема" жоқ. Ал мобилография саласынан толық білімім жете бермейді. Оны арнайы мамандардың көмегіне жүгінемін. Бірақ толық мазмұны мен контентіне өзім жауап беремін. Тек өзімнің емес, кейбір жанымдағы таныс, аға-іні бауырларыма да кеңес беріп, бағыт сілтеп отырамын.
- Ұлыңызбен бірге жүр екенсіз. Жасы нешеде? Болашақта әке жолын жалғап, айтыс сахнасына қадам басам десе қолдайсыз ба?
Менің ұлым 5 жаста. Әркім өзінің өмірлік жолын өзі таңдауы керек деп ойлаймын. Егер ұлым көпшілікті өзінің аузына қаратып, ел алдында жүруді таңдаса, еш қарсылығым жоқ. Егер ғылым-білімді қуып, басқа мамандықты таңдап жатса, мен тағы қолдаймын. Анамның керемет ұстанымы бар: әр баланы өзі таңдау жасай алатындай еркін тәрбиелеу керек.
Өкініштісі, қазір көптеген ата-ана балаларға таңдау құқығын бермейді. Өздерінің армандарын орындатуға талпынады. Ол - қате.
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Жанар Тайырқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2009495-syrym-auezxan-aitysta-aitylgan-sumaqtar-usin-zumystan-sygargan-kezder-boldy/