Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

93 жастағы Бибігүл Төлегенова өмірі мен өнері туралы көпке беймәлім деректерді бөлісті

Опубликовано:

Бибігүл Төлегенова опера әншісі
Бибігүл Төлегенова. Скриншот: Алматы қаласы оқушылар сарайы

Елімізге ғана емес, барша ТМД-ға аты әйгілі қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова өмірі мен өнері жайлы деректермен бөлісті. "Қазақ үні" басылымына сұхбат берген өнер иесі отбасы жайлы жан сырын ақтарды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Әншінің айтуынша, оның тілі әнмен шыққан.

"Шешемнің айтуынша, тілім әнмен шығыпты. Ол кезде оған мән берген кім бар? Кейін ойға оралып, еске түсіргеніміз ғой. Біздің Семейдің желі мен бораны тақымы бос адамды аттан аударып түсіреді. Боранның үскірігі мен желдің гуілі құлағыңа қасқырдың ұлығанындай дыбыс жеткізеді. Мен столдың астына кіріп кетіп, сол боранның уілін айнытпай салады екенмін.

Шешем мені "қорқып жылап отыр" деп стол астынан шығарса, мен сол орынға қайта барып "жел", "боран" болып ойнайды екенмін. Ұйықтағанда ыңылдаймын. Әкем Ахмет скрипкада татар әндерін нақышына келтіре тартатын. Ал шешем ноғай қызы емес пе, өз ұлтының әндерін жүрекке жеткізе айтып отыратын. Адамның жас кезінде көргені, естігені, есінде қалып қояды екен. Шешемнің ән айтқандағы даусы ерекше еді. Әлі құлағымда", - деді Бибігүл Төлегенова.

Бибігүл Төлегенова әнші
Бибігүл Төлегенова. Фото: UGC

Өнер иесінің отбасы жеті бала тәрбиелеген. Ал әкесі айдалып кеткенде, әншінің анасы 25 жаста ғана болған.

"Әнімізді айтып, ақар-шақар өсіп келе жатқан жеті бала аяқ астынан әкеден айырылдық. Айдалып кетті. Сонда шешем жиырма бесте ғана. Баланың естияры - менмін. Шешем әкемді уайымдағаннан ба екен, аурушаң болып қалды. Мұңын, зарын әнмен төгеді. Бір таңқаларлығы, енді тек қазақша ән айтады. Татарша ауыз ашпайды. Қазір сонысын әкеме деген құрметі шығар деп ойлаймын. Ол кісі менің жақсы әнші болғанымды көріп өтті ғой дүниеден, сонда менің татарша ән айтқанымды естісе, "Сенің осының не, шүлдірлеп" деп жақтырмай қалатын", - деп еске алды Төлегенова.

Осы жағдайдан кейін соғыс басталып, 13 жастағы Бибігүл Төлегенова Семейдегі ет комбинатына жұмысқа орналасады.

"Жұт – жеті ағайындының" кебі келіп, енді соғыс басталды. Шиеттей қызылшақа балалармыз. Тамақ, киім керек. Мен Семейдегі ет комбинатына жұмысқа кірдім, он үш жастамын. Мен қай жұмысты да ән салып жүріп істеймін. Кейде әнге қатты беріліп кетіп, жұмыстан ақау жіберіп аламын. Ет комбинатынан кеткім келмейді. Себебі, ол жерде ең болмағанда қарнымыз тойып жүреді ғой", - деді Төлегенова.

Бибігүл Төлегенова
Бибігүл Төлегенова. Скриншот: Алтын қор/ Оралды көктем

Сонымен қатар өнер иесі 7-сынып бітірген кезде Көркемөнерпаздар үйірмесі мүшелерінің өзін Алматы қаласына оқуға жібергенін айтты. Ұйым мүшелері жас әншіге билет әперіп, пойызға отырғызып жіберген. Алайда оқу орнына келген сәтте әншінің тамағына суық тиіп, дауысы шықпай қалады.

"Алматыға келдім. Оқуға қабыл­дайтын жерге қағазда­рымды көрсеттім. Жазу-сызуым тәуір шықты. Келіп отырғаным әншілер дайындайтын оқу орны ғой. Ән айтайын десем, дауысым жоқ. Анау да келіп тыңдап, мынау да келіп тыңдап көріп, басын шайқап кетіп қалады. Аяқ астынан мүсәпір хәлге түсіп қалдым. Булыққаным сонша, солқылдап бір жылайын. Көргендер "Неге жылайсың" дейді. Менің әп-әдемі даусым болған, соның аяқ астынан жоқ болып кеткеніне жылаймын деймін.

Содан бір мұғалім мені жетектеп дәрігерге әкелді. Ол ары-бері қарап, "Трахит, суық тиген" деді. Не істеймін десем, "Үндеме, ән салма" деді. Қолыма дәл осылай жазылған анықтама ұстатты. Ауылға қайттым. Менің келгеніме шешем қуанып қалды. Мен ет комбинатындағы жұмысыма қайта кірістім", - деді Төлегенова.

Кейін Төлегенова Галина Иосифовна Серебрякова есімді әйелмен танысады. Ол Төлегеноваға жақсы ұстаз болып, әншінің дауысы лирикалық-колоратуралық сопрано екенін мамандарға анықтатады. Сөйтіп, Бибігүл Төлегенованы Мәскеуге оқуға жіберетінін айтқан. Алайда Галина Иосифовнаны түрмеге қамап тастап, бұл айтқанын орындай алмайды.

Бибігүл Төлегенова әнші
Бибігүл Төлегенова. Фото: Егемен Қазақстан басылымы

"Галина Иосифовна музы­калық тонның дұрыс шығуына көп еңбек сіңірді. Сонымен, республикалық байқауға Алматыға келдім. Бұл жолы тамақты ауыртпау керектігін ұғып қалғандаймын. Жан-жақтан біршама жас жиналыпты. Домбыра тартылып, би биленіп жатыр. Менің кезегім келгенде Штраустың "Көктем вальсін" шырқадым. Комиссия мүшелері қатты риза болды. Бақытжан Байқадамов жаныма келіп, "Қарындас, саған оқу керек" деді. "Онсызда оқып жүрмін" деп тақылдап жауап беремін. Оқып жүрмін дегенім, кешкі мектепке баратынымды ұқтырғаным ғой. 

Байқаудың іріктеу кезеңі "Балалар мен жасөспірімдер" театрында өтті. Көрерменнің қошеметінде шек жоқ. Гүлге оранып қалдым деу осындайда айтылатын шығар. "Оқу керек" деген сөз тағы алдымнан шықты. "Шешем аурушаң, бауырларымды асырауым керек" деп үй-ішіме алаңдаймын.

"Оқымасаң сотқа береміз" деді. Сот деген сөзден қорқамын. Ең соңында министрлер кеңесі бөлім меңгерушісінің алдына апарды. "Айналайын, Күләштің (Бәйсейітова - ред.) артынан бізге сен секілді жастар керек. Жас гүлмен, жапырақпен жаңарып отыру – өсетін елдің белгісі" деп айтқанда, қасарысқан мінезімнен қайттым. Оқитын болдым. Жеті кластық біліміммен мені консерваторияның дайындық курсына қабылдады", - деді Бибігүл Төлегенова.

Алайда ол үйіне келіп, оқуға кететінін айтқанда, анасы қарсы болған. Тіпті Бибігүл Төлегеноваға теріс батасын береді.

"Шешем "Ол бұзылатындардың оқитын оқуы. Осыдан кетсең теріс батамды беремін" деді. Мен енді жалтақтамай кетіп қалдым. Шешем хабарласпай қойды. Іле-шала өзімнен бір мүшел жас үлкен адамға тұрмысқа шығып кеттім", - дейді әнші.

Төлегенованың күйеуі үстелді итеріп қалғанда, үстінде тұрған бір шелек ыстық су әншінің үстіне құйылады. Әнші алты ай ауруханада жатады. Ал кейін қызы өмірге келіп, әнші оқу орнының бірінші курсына қабылданғанымен, дауысы шықпай қалған.

"Уақыт өте барып консерваторияға ұстаз болып Надежда Николаевна Самышина келді. Тыңдады да, "Дауысың қайда?" деп өзімнен сұрады. Иығымды көтеремін. Отбасылық жағдайымды сұрап бірден түсіне қойды да, "Саған енді вокалдық диета керек. Бойыңа шарана біткен бес айдан бастап ән айтпауың керек еді ғой. Көмей – нәзік жер, салмақ түскен соң созылып кетеді. Әнші сәйгүліктей жарап тұруы керек" деп, ендігі жерде дауыс баптаудың жолдарын түсіндірді. "Осы әндерді ғана айтасың" деп тізім жасап берді", - деп еске алды Бибігүл Төлегенова.

Осыдан соң әншінің әндері эфирден беріле бастайды. Кейінірек қызының әнін естіген анасы Бибігүл Төлегенованы кешіріп, өзі хабарласады.

"Шешем "Мына қыз адам болайын деген екен" деп жылап алып, хабарласып тұр. Ренішін ұмытқаны, өнеріме қолдау көрсетіп ықыластанғаны, "әкеңнің Күлтайым халық артисі болады дегені дәл келді ғой" деп қуанғаны менің ішіме жиналған кірбіңді жұлып алғандай болды", - деді Төлегенова.

Өнер иесінің айтуынша, олар жылуы жоқ үйден жатақханаға көшеді. Алайда берілген бөлмеде электр жарығын қосуға рұқсат берілмей, бес жыл майшаммен тұрады.

"Жылымайтын үйден учили­щенің жатақханасына көштік. Бір қызығы, бізге берілген бөл­меге электр жарығын қосуға болмайды екен. Бес жыл сонда майшаммен тұрдық. Бұрынғы пәтердің едені мәселе болса, мұның (жатақхана - ред.) төбесінен топырақ сауылдап тұрады. Әр жерден жаңбыр өтіп, оның астына қоятын ыдыс таба алмай әбігерленіп жүремін", - деді әнші.

Сонымен қатар өнер иесі Ленинград қаласында өтетін байқауға қатысып, сахнаға өкшесі жыртық шұлықпен, өзгенің туфлиін киіп шығады.

"Консерваторияны бітіретін жылы Ленинградта өтетін байқауға қатысатын болдым. Ленинград консерваториясының үлкен залына келсек концерт басталып кеткен. Менің ән айтатын кезегім келіпті. Не істейміз? Басқа республикадан келген өзімнен кейін шығайын деп тұрған қыздың туфлиін сұрадым, берді. Сәл үлкендеу екен. Не болса да деп, киіп шыға берсем, "Шұлығыңның өкшесінің жыртығы көрініп қалды" деді. Басын созып, табанға қайырып киіп алдым. "Бұлбұлды", "Джильданың ариясын" орындадым. Залдың акустикасы керемет. Зал орнынан тұрып, қошемет көрсетті. Мен сахнаның сыртына шығып, жаңағы қыздың туфлиін бердім. Жыртық шұлықпен тұрмын. Зал "Бұлбұл, бұлбұл" деп айқайлауда. Жаңағы қыз қасымнан кетіп қалыпты. Жалаң аяқ шықпаймын ғой енді. Басқа кез болса туфлиімнің жоқтығына, шұлығымның жыртығына намыстанып жылар ма едім. Ал сол сәтте менен бақытты адам жоқ еді. Ол кезде – жиырма бестемін", - деп еске алды Бибігүл Төлегенова.

Осыдан кейін әнші 2007 жылдың желтоқсанында, яғни 78 жасында Мәскеуде концертке барып, тағы да залда отырған көрермендерден "Бұлбұл" деген қошеметті естіп қайтады.

"2007 жылдың 19-желтоқсанында Мәскеуде СССР Халық артистерінің концерті болды, шақырды. Мен сахнаға енді шыға бергеннен жұрт ду көтеріліп орнынан тұрды. Ән айтып болғанымда, тағы да "Бұлбұл, бұлбұл" деп қол соқты. Жетпіс сегіз жастамын ғой. Тембр таза, фальш жоқ, дауысыңыз жас дейді. Әнші үшін бұл үлкен мәртебе. Жиырма бесім қайтып келгендей қуандым. Сол жылы Татарстанға барып келдім. Бұрын ол жақта болған емеспін. "Сіз біздікісіз" деп даурығады. "Өнер – ортақ" деп басу айттым. Аяқтарынан тік тұрып әнімді тыңдады. Әкемнің скрипкамен татар әндерін тартатыны есіме түсті", - деді жан сырын ақтарған қазақтың бұлбұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2012753-93-zastagy-bibigul-tolegenova-omiri-men-oneri-turaly-kopke-beimalim-derekterdi-bolisti/

pixel