"Өмірге күйініп жыладым": танымал актриса қызының ауыр дертке ұшырауына өзін кінәлады
Жарияланған күні:
Танымал театр және кино актрисасы, белгілі әзілкеш Нұржан Тутовтың әйелі Гүлшат Тутова "Қыздар-ай" жобасында қонақ болып, үлкен қызының құлағы естімей, қатты ауырғанына өзін кінәлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Қызымның диагнозын естіген кезде, кінә іздей бастайды екенсің. "Оған кінәлі мен емеспін", - деп, өзіңді алшақтатқың келеді. Қызыма осындай диагноз қойылғанына негізгі кінәлі адам - өзіммін. 20 жасымда тұрмысқа шықтым. Бала бағу туралы ештеңе білмеймін. Ол кезде интернет те, ештеңе де жоқ. Үйретіп жатқан адам жоқ. Енеммен бір жыл тұрдым, кейін бөлек шықтық. Сол кезде, 11 айлығында қызымды ауыртып алдым. Бұл туабітті ауру емес. Медицинада тексере келе, бұл аурудың кейін болғаны анықталды. Өйткені мен балаға дұрыс қарамадым. Балаға қалай қарау керектігін білмедім.
Өмірінде бірінші рет 11 айлығында ауырды. Оған дейін қызымды ауыртпадым. Сол кезде мен өз білімсіздігімнен аспирин беріп, температурасын түсіріп отыра бергем. Аспирин берсе, жазылып кетеді деп ойлағам. Қызымның ауырып жатқанын көрген жолдас келіншек: "Неге дәрігерге апармайсың?", - деп сұрады. Сол кезде ғана дәрігерге апару керектігі миыма жетті. Олар баланы көріп, бірден жансақтау бөліміне жатқызды. Ауруы асқынып, екі өкпесі қабынып кеткен.
Дәрігерлер баланы құтқару үшін мықты антибиотиктер салыпты. Оның ішінде гентомицин де бар. Бұл құлаққа қатты әсер етеді екен. Содан кейін біз бір жыл бойы тоқтаусыз ауырдық. Қызым екіге, үшке, төртке, беске келді. Сөйлемейді. Мен жұмыс істеп жүре бердім. Бірде театрдағы келіншектердің бірі маған ұрысты. "Қызыңды неге қаратпайсың", - деді. Әріптесіміз Бақтияр Қожаның әйелі педиатр екен. Сол кісіге апарған соң қызымның құлағы естімейтіні, миы дұрыс жұмыс істемейтіні анықталып, оған "алалия" диагнозы қойылды.
Міне, нағыз соққыны осы кезде алдым. Жастыққа талай жыладым, құдайға жалынып жыладым, өмірге күйініп жыладым. Құдайдан шын сұрадым. Сол кезде медицинаға кохлеарный имплантат келді. Бірақ оны бірден қолдануға қорықтым. Өйткені миға электрод орнатып, күрделі ота жасайды. Қызымның он жасында осы аппарат туралы естісем де, 17 жасында келісім бердім. Бес жыл бойы ойландым. Міне, қазір қызымның құлағы толық естиді. Сөйлемек түгілі, қазір ән айтып кетті. Тұрмысқа бердім. Халықаралық ән байқауынан бірінші орын алған талантты қыз", - деді Гүлшат Тутова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2015993-omirge-kuiinip-zyladym-tanymal-aktrisa-qyzynyn-auyr-dertke-usyrauyna-ozin-kinalady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.