"Халықтың Төреші деген ұғымды тоқтату керек": танымал заңгер Төреғали Төреәлінің үстінен қылмыстық іс ашуды талап етті
Жарияланған күні:
Күні кеше отандық әнші Төреғали Төреәлі Алматыда есірткіге мас күйде полицияға ұсталған болатын. Кейінірек әнші 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Танымал заңгер Айгүл Орынбек Facebook парақшасында Төреғали Төреәлінің үстінен қылмыстық іс ашуды талап етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Мас халде көлік басқару - қылмыспен тең, ал мас жүргізуші - қылмыскер" деп қатаң ескертіп, заңға бағынуды тапсырды.
Заңға бағынбау, дөрекелік, билік өкілдеріне қарсы шығып қызметкерлерді басыну, күш көрсету, ол - қылмыс. Төреғалиді мәжбүрлі түрде қамауға алып, үстінен қылмыстық іс ашу керек деп есептеймін. Әншінің іс-әрекеті - ақтауға келмейді.
"Жылдамдықты ұшаққа асығып бара жатқан соң асырды. Полиция түсіністік танытпады" деген не әңгіме? Полиция қызметкерлері не үшін түсіністік таныту керек? Заң - бәрімізге ортақ. Тәртіп сақшылары өте дұрыс жасады.
Егер оны жібере салғанда, ол сосын адам қағып өлтіргенде, оны жайына жіберген полиция қызметкерлерін сөгіп, айып тағып шығар едік. Ал әншінің мас халде болғандығын, қанынан есірткі өнімі табылғанын қалай ақтауға болады?
Мына жері тым күлкілі, "Ұшақта халықты күттірмеу үшін, асықты" депті. Халықты күттірмес үшін - адам деген үйден ерте шығып, ертерек қамдану керек. Жауапкершілікті сезінуі қажет. Асығыс келе жатып, сол ақтап отырған жақын адамдарының өзін қағып өлтірсе, осылай сайрап отырғанын көрер едім", - деді Айгүл Орынбек.
Сонымен қатар заңгер әншінің үстінен қылмыстық кодекстің 380 бабы бойынша, яғни "Билік өкілінің заңды талабына немесе өкіміне бағынбағыны үшін" қылмыстық іс ашылып, заңды тұрғыда жазалану керектігін атап өтті.
"Төреғалиді тек 20 тәулікке қамап, көлік жүргізу куәлігінен айырып қана қоймай, қылмыстық іс ашуды сұраймын, тіпті талап етемін! ҚР ҚК-тің 380 бабы бойынша, яғни "Билік өкілінің заңды талабына немесе өкіміне бағынбағыны" үшін қылмыстық іс ашылып, заңды тұрғыда жазалану керек.
"Халықтың Төреші" "халықтың еркесі", "серкесі" деген ұғымды тоқтату керек. Құқықтық мемлекет құрғымыз келсе, халықты - бай-кедей немесе көке-жәкесі бар деп бөліп-жарып, үй ішінен үй тігіп алаламай, заңды орындауды - басты орынға қоюымыз міндетті. Ел алдында жүрген танымал азаматтар да - заңды құрметтеп, халықтың қауіпсіздігін ойлап, тәртіпке бағынсын", - деді Айгүл Орынбек.
Естеріңізге сала кетейік, күні кеше әлеуметтік желіде Lexus көлігі жүргізушісінің ұсталған сәті тарап кетті. Оқиға куәгерлері ұсталған азаматты қазақстандық танымал әнші екенін айтуда. Ал кейінірек бұл ақпаратты полиция растап, мәлімдеме жасады.
Ал кешірек әнші Төреғали Төреәлінің 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2024990-xalyqtyn-toresi-degen-ugymdy-toqtatu-kerek-tanymal-zanger-toregali-torealinin-ustinen-qylmystyq-is-asudy-talap-etti/