"Талант - халық қазынасы": Нұрболат Абдуллин жақында бостандыққа шыққан Төреғалимен видео жариялады (видео)
Жарияланған күні:
14 маусым күні Алматыда есірткіге мас күйде көлік жүргізіп, полицияға ұсталған Төреғали Төреәлі жақында бостандыққа шыққан еді. Әнші Нұрболат Абдуллин Instagram парақшасында Төреғалимен түскен видеосын жариялады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Нұрболат Абдуллиннің айтуынша, талантты қадірлемеу халықтың намысына тиеді.
"Төреш бауырымды көріп, бір марқайып қалдым. Талант - халық қазынасы. Талантты қадірлемеу халықтың намысына тиеді", - деп жазды Нұрболат Абдуллин.
Еске сала кетсек, 14 маусымда әлеуметтік желілерде Алматыда жол бойында полиция қызметкерлерінің Lexus көлігінің жүргізушісін ұстаған сәтінен видео тараған еді. Куәгерлер ұсталған азаматтың танымал әнші Төреғали Төреәлі екенін байқаған.
Кейін Алматы қаласының полиция департаменті желіде тараған видеоға қатысты пікір білдіріп, полиция қызметкерлері Майлин көшесінің бойында А. есімді азаматтың басқаруындағы Lexus автокөлігін тоқтатқанын хабарлады.
Полицияның мәліметінше, жүргізушінің мінез-құлқы өрескел болып көрінген. Яғни, ол агрессивтілік танытып, полицияның заңды талаптарына бағынбай, тұрақта тұрған Chevrolet көлігіне зақым келтірген. Сондай-ақ ұсталған орнынан қашып кетпек болған.
Полицейлер құқық бұзушының жолын бөгеп, оны ұстап, медициналық тексеруге алып барған. Сараптама қорытындысы бойынша оның есірткіге мас күйде екендігі анықталған.
Бұл жайттан кейін Төреғали Төреәлі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 20 тәулікке қамауға алынды. Кейін әншінің қамау мерзіміне тағы үш күн қосылды.
Ал 3 шілдеде өнер иесі ӘҚБтК-нің тағы екі бабы бойынша кінәлі деп танылып, қамаудағы мерзімі тағы 15 тәулікке созылғаны белгілі болды.
18 шілде күні әншінің адвокаты Эльнура Кішкенебаева Төреғалидің бостандыққа шыққанын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2029933-talant-xalyq-qazynasy-nurbolat-abdullin-zaqynda-bostandyqqa-syqqan-toregalimen-video-zariyalady-video/