"Жағаңды ұстайсың": Рамазан Стамғазиев домбыраны харам деген ер адамның видеосына қатысты пікір білдірді (фото)
Жарияланған күні:
Осыған дейін әлеуметтік желіде хиджабтағы әйелдің домбыраны харам заттар қатарына жатқызғаны туралы видео тараған болатын. Дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев домбыраға қарсы шыққан сақалды азаматтың видеосына қатысты пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Кейінгі кезде қисық уағыздарды естіп, жағаңды ұстайсың. Қазақ қазақ болғалы домбырамен жасасып келеді емес пе? Халықтық ән-жырлар айтылып, салт-санамызды тәрбиелеп, жеткізіп келе жатқан жоқпыз ба? Жалпы қазақты домбырасыз қалай елестетуге болады, мүмкін емес?! Ендеше мына кісінікі не сандырақ?
Ел ішіне іріткі салып, халықтың дәстүріне тіл тигізіп, домбыраны қорлаған мынадай адамдарды заң алдында қатаң жазалау керек. Егер Қазақстан жерінде жүрсе, домбыра мен исламды бір-біріне қарcы қоюы дұрыс емес, қате ұғым", - деп жазды Рамазан Стамғазиев Instagram парақшасында.
Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желіде хиджабтағы әйелдің домбыраны харам заттар қатарына жатқызғаны туралы видео тарады. Аталған уағызға қатысты имам Нұрлан Байжігітұлы пікір білдірді.
Сонымен қатар Қазақстан діни басқармасы желіде тараған мұндай видеолар мен домбыраны харамға теңеудің дұрыс еместігін айтып, мәлімдеме жасады.
"Әлеуметтік желіде кейбір іні-қарындастарымыздың "домбыра шерту, беташар жасау, келіннің сәлем салуы – харам" деген мағынада айтқан пікірі қоғамда түсінбеушілік тудыруда. Осыған байланысты азаматтар тарапынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сауалдар келіп түсуде.
Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқы ұлттық аспабымыз – домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желі қолданушыларын "домбыра шерту, беташар жасау, сәлем салу – харам" деген мағынада біржақтама, негізсіз пікір айтып, халық арасында түсінбеушілік тудырмауға үндейді. Ұлттық құндылықтарға қарсы келу дұрыс емес екенін мәлімдейміз", - деп хабарлады ҚМДБ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2036055-zagandy-ustaisyn-ramazan-stamgaziev-dombyrany-xaram-degen-er-adamnyn-videosyn-qatysty-pikir-bildirdi-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.