Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Басқа актрисалармен көру қиын болды": Жарқынай Ханайым күйеуімен не үшін ажырасып кеткенін ашып айтты

Опубликовано:

Жарқынай Ханайым
Жарқынай Ханайым. Фото: Instagram/jarkynaixanaiym

Отандық танымал әнші әрі актриса Жарқынай Ханайым бұрынғы күйеуі Айдар Асқарбекпен не себепті ажырасып кеткенін ашып айтты. Өнер иесі жолдасымен айырылысуына атышулы "Рауза" телехикаясындағы "сүйісу сахнасы" өз септігін тигізгенін растады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Жарқынай Ханайым Айнұр Ілиясоваға ақтарыла сұхбат беріп, көптің көкейінде жүрген сұраққа жауап берді.

Актриса отбасымен бақытты болуға барынша тырысқанымен, күйеуімен арада үйлесім болмағанын айтты. Кейін уақыт өте келе ерлі-зайыптылардың арасы суып кеткен.

"Ешқандай қыз ажырасамын деп күйеуге тимейді. Оның үстіне мен 27 жасымда тұрмысқа шықтым. Қазақи тәрбие көрген қыз болған соң, ер азаматыңды сүйгенде, одан қызың бар кезде ажырасу үрдісі өте ауыр өтеді. Менде өте ауыр өтті. Бірақ мен оны ешкімге білдірмеуге тырыстым. Күндіз желіде күлімдеп видео жариялағаныммен, кешке көңіл-күй мүлдем болмайтын. Мен отбасыммен бақытты болуға ұмтылдым. Айдар екеуміздің арамызда мен армандаған үйлесім болмады. Оған уақыт керек болды. Мен Айдарға ойындағыдай әйел, ол мен армандаған ер азамат бола алмады. Екеуміз бір-бірімізден сол нәрсені таба алмадық.

Біріншіден, екеуіміздің тәрбиеміз, өскен жеріміз екі түрлі. Сол әсер етті ме деп ойлаймын. Екіншіден, үйленген соң жауапкершілік, бала, карантин, екеумізде де тұрақты табыстың жоқтығы да өз үлесін қосты. Екеуміз де танымал адам болғандықтан, артымыздан сөз, өсек ереді. Отбасылық өмірде көп нәрсе болады. Бірақ мен түк болмағандай, бәрі жақсы деп жүре бердім. Желіде Айдар екеуіміздің фотомыз да, видеомыз да жоқ болып кетті. Сол кезде де мен ешқандай эмоция білдірмедім. Бұл да өтер, мен дұрыс түсінбеген шығармын деп жүрдім. Менде мінсіз келін болдым деп айта алмаймын. 27 жасымда тұрмысқа шықсам да, дұрыс тамақ пісіре алмаймын, мінезім қалыптасып қалған. Ол да 32 жаста. Екеуіміз бір шешімге келе алмай қойдық", – деп ағынан жарылды Жарқынай Ханайым.

Жарқынай Ханайым
Жарқынай Ханайым. Фото: Instagram/jarkynaixanaiym

Ол түбегейлі ажырасуына "Рауза" сериалындағы Айдар Асқарбектің өзге актрисамен "сүйіскен сахнасы" себеп болғанын жеткізді.

"Ол актер ретінде мансабын енді бастап жатты. Қыз бала болған соң отбасы үшін мансаптан да, бәрінен баз кеше саламыз. Айдардың ризалығы үшін әншіліктен де, актерліктен де бас тарттым, ол маған қызық болған жоқ. Сол кездерде “оның отымен кіріп, күлімен шықсам, тағы да бала тусам ғой” деген ой болды. Ал Айдар актер ретінде қарқынды дамып, түсірілімдерге бара бастады. Күйеуін жақсы көретін әйел үшін оны басқа актрисалармен көру маған қиын болды. Қызғандым. Өзім баламен үйде, күйзелістемін, Айдар басқа ортада жүр. Сонымен түбегейлі ажырасуға телехикаядағы қызғаныш себеп болды. Оны әркім әрқалай түсінеді.

Айдар маған әлі ажыраспаған әйелі ретінде, тым болмаса Айлананың анасы ретінде бір ауыз ескерту керек еді деп ойлаймын. Біз қанша жерден бір-бірімізге ашуланып, жанжалдассақ та қоғам үшін біз – ерлі-зайыптымыз. Ортада бала бар. Бұл тіпті қызғаныш емес, өкпе-реніш деп айтсақ, дұрыс болады. “Жарқынай, осындай сүйісетін сахна болайын деп жатыр. Мен түскелі жатырмын. Ренжіме” деп айтса, мен бұған басқаша қарайтын едім. Сол сахнаны көрермен сияқты ел қатарлы көрдім. Шок болдым. Себебі, кез келген әйел ер азаматының қолын бөтен біреу ұстаса, жақын амандасқанын көрсе, жүрегі зыр ете қалады. Мен күйеуіме біреудің көз салып қарағанын көтере алмайды екенмін. Ол – менің адамым”, – деді актриса.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2040799-basqa-aktrisalarmen-koru-qiyn-boldy-zarqynai-xanaiym-kuieuimen-ne-usin-azyrasyp-ketkenin-asyp-aitty/

pixel