Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Аузы дуалы екен": 2000 жылы тойда Димашты "Халық әртісі" деп таныстырған асабаға желі қолданушылары таңғалды

Опубликовано:

Димаш Құдайберген
Димаш Құдайберген. Фото: instagram.com/kudaibergenov.dimash

Күні кеше Димаш Құдайберген "Қазақстанның халық әртісі" құрметті атағын алған болатын. Желіде 2000 жылы асабаның танымал өнер иесін тойда көпшілікке "Халық әртісі" деп таныстырған сәті тарады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Видеоны Димаш Құдайберген Instagram парақшасында бөліскен.

"Ардақты, Алаш жұрты! Барлық құттықтау, тілектеріңізге көп рақмет. Кезінде Дінмұхаммед Қонаев "Мен қанша биікке көтерілсем де, халқымнан биік емеспін" деп, халқымызды құрметтейтінін көрсеткен еді. Мен де "Ел-жұртымның ақ пейілінен, ыстық ықыласынан артық биік құрмет жоқ" дер едім. Өнерімнің өрлеуі елдің батасынан екенін терең ұғынамын. "Ерім" дейтін ел барда, "елім" дейтін ерлер туады. Қай мемлекетте, қай жерде жүрсем де елімнің абыройы биік болса екен деп тілеймін. Жас болсам да, бар ниетімен құрмет қылып, марапаттап жатқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына шын жүректен алғыс айтқым келеді", - деп жазды Димаш Құдайберген.

Видео әлеуметтік желіге тарағаннан кейін Айшуақ Дәрменұлы 2000 жылы тойда Димашты "Қазақстанның халық әртісі" деп таныстырғанын жеткізді.

"Мемлекеттік марапат, атақ пен дәреже алған кісілердің бәрін шын жүректен құттықтаймын. Осы топтың ішінде "Қазақстанның халық әртісі" атағын алған Димаш Құдайберген де бар. Ол үшін бүкіл халық қуанып жатыр.

Бүкіл әлем мойындаған Ұлдың еңбегі мен талантын туған елі ресми түрде бекітіп берді, әбден лайық. Құтты болсын! Оң болсын! Димаштың "Қазақстанның халық әртісі" болатынын өзім ғасыр басында, яғни, 2000 жылы айтып едім. Ай, өзім-ай", - деп жазды Айшуақ Дәрменұлы есімді Facebook қолданушысы.

Ал желі қолданушылары асабаның айтқаны дәл келгеніне таңғалғанын жасырмады.

"Аузы дуалы екен", "Жақсы сөз - жарым ырыс", "Керемет", "Құтты болсын", "Бүгін игі тілегіңіз қабыл болған күн", "Сәуегейлігің бар екен", - деп жазды желідегілер.

Айта кетейік, Республика күні қарсаңында президент бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Награда алғандар қатарында қазақстандық әнші Димаш Құдайберген де бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2042576-auzy-dualy-eken-2000-zyly-dimasty-toida-xalyq-artisi-dep-tanystyrgan-asabaga-zeli-qoldanusylary-tangaldy/

pixel