Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ләйлә Сұлтанқызы алғаш рет киноға түсті: продюсер тележүргізушіні қалай көндіргенін айтты

Опубликовано:

Ләйлә Сұлтанқызы
Фото: Instagram/sultankyzy

Бұған дейін "Келінжан" сериалы мен фильмін көрерменге ұсынған продюсер Гүлнұр Мамасарипованың тағы бір туындысы дүниеге келді. Продюсер фильмнің жабық көрсетілімінде KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, соңғы фильміндегі актерлар қалай таңдалғанын, басты рөлдегі өзінің қызы Сара мен оның ғашығын сомдаған актер Тұрар Ыдырысты не байланыстыратынын айтты.

- Гүлнұр ханым, тұсаукесер құтты болсын! Бұл фильмнің идеясы қалай келді? Қаншалықты "Келінжан" фильміне ұқсас?

- "Келінжанға" еш қатысы жоқ. Бұл қоғамдағы бар мәселе. Біз тек жарқ-жұрқ еткен өмірге әуес болып кеттік. Сондай тенденция, тренд пайда болды. Блогерлік дамып, әлеуметтік желіде олардың ұсыныс жасау, ұзату, үйлену тойлары әдемілігін былай қойғанда таңертең ұйқыдан тұрулары да кино. Солдарды көріп, соған қызығып өсіп келе жатқан қыз-жігіттер көп бізде. Ақиқат пен контентті ажыра алмайтын жастар бар. Біз енді шет-жағасын көріп жүргесін білеміз. Әлі оң-солын танып үлгермеген жандарға мұндай әлеуметтік желідегі шын-өтірігі аралас жарқ-жұрқ қауіпті. Үйлену, үй болу деген ұсыныстың ерекшелігіне, аспанға атылған отшашудың санына байланысты емес. Ары кетсе 5-6 күн тойлайтын шығарсыз, сосын кәдімгі өмір басталады. Сол өмірде кездесетін қиыншылықтың барлығын жеңіп шығу үшін ең керек нәрсе - екі жастың махаббаты ғана. Сол махаббат өмірдің соңына дейін жетсе - ұтқаны. Екінші мәселе - ата-аналардың ортасындағы жарыс. Жағдайы болсын-болмасын екі аяғын қолына алып жүгіре беру, қымбат әншілерді шақыру, қымбат тамаданы жалдау деген нәрселермен өлшеніп кетті. Мен мұны жалған намыс деп айтар едім. Иә, жастар еліктегіш келеді. Бірақ ересектер "жоқ, той былай болады, мына нәрсе болады, ал мынау болмайды" деп айтатын жағдайымыз бар ғой? Өкініштісі - бізде ересектер сол жастарға еріп кеттік. Осы нәрсені көрсеткім келеді. Менің ойымша, бұл киноға келген жастар да, ересектер де ойларын өзгертіп, фокусты басқа жаққа бұрады деп ойлаймын.

- "Жар-жар" фильмнің түсіріліміне қанша ақша жұмсадыңыз?

"Келінжан" сериалынан көп қаржы жұмсалды. Себебі "Келінжан" бір ауылда түсірілді. Ал бұл Алматыда түсірілді. Кәдімгі той жасаймыз ғой. Тура сондай тойды кинода да жасадық. Мен "осы дайындықпен Сараны ұзатып, күйеуге беріп жіберу керек" деп әзілдеп қоямын. Киноның бюджетін нақты айтпай-ақ қояйын. Бірақ Қазақстанда 100 млн теңгеден көп ақшаға кино түсіру ол - үлкен тәуекелді іс. Бюджеті 100 млн теңгеден асып кететін фильмнің үстінен табыс көруіміз екіталай. Мен сол 100 млн теңгеге жеткізбейтін, тіпті көп жеткізбейтін адаммын.

- Актерлерді қалай таңдадыңыз?

Ләйлә Сұлтанқызының дебюті болады. Фильм сценарийі бойынша қыздың әулеті ұл жаққа қарағанда бақуатты тұрады. Оның анасы - қазақтың салтын жақсы білетін, қазақша таза сөйлейтін кербез, сылқым әйел. Актрисалардың ішінен ары қарап, бері қарап келетінін таппадық. Өзім көп ойланып, режиссерге Ләйләні ұсынып едік келісе кетті. Бірақ Ләйлә өзі көпке дейін келіспеді. "Мен актриса емеспін, ертең сен "актриса емес Сұлтанқызын неге түсіресің" деген хейтке қаласың", - деп Ләйлә біраз қарсылық танытты. Маған ешқандай хейттің қорқынышты емесін түсіндірдім. Себебі "Келінжан" басталғанда Дәулет пен Сараны сынағандар, теріс пікір жазғандар көп болды. Біреуі - әнші, біреуі - спортшы. Есесіне қазір халықтың еркесі ғой. Соны түсіндіріп келістік. Қайрат Әділгерей өз орынында деп ойлаймын. Ал ұлдың әке-шешесін басқа актерлер сомдауы керек еді. Бірақ үш апта қалғанда келіспеушіліктер, әртүрлі жағдайлар орын алып, мен да қайтадан ойланып, Нұргүл мен Нышанбекті таңдадық. Көрермен өзі көріп, бағасын береді деп ойлаймын.

- Бұл фильмді түсірудегі басты мақсатыңыз қандай?

- Таңнан бері қатты қобалжып жүрмін. Негізі әдемі көйлек киемін деп дайындалған едім. Мың түрленіп, осылай киініп келдім. Бір жылап, бір күліп, не болса да тәуекел етіп келдім. Білерім, бұл жай күліп кететін кино емес. Мұны көрген әр көрермен: "Мен де осылай жасадым ғой. Неге бұлай жасадым. Бұл өмірдің мәні емес қой", - деп кетсе, менің жетістігім болмақ.

- Басты рөлдердің бірін өз қызыңыз Сара ойнайтынын білеміз. Фильмдегі ғашығымен біраз видеоларын әлеуметтік желіге жариялап, түрлі қауесет таралды. Мұны қалай қабылдадыңыз?

- Иә, ондай әңгіме болатынын білдім. Ол екеуі де небір видеоларды түсіріп, сала бастады. Сарада өзін актриса, әнші, бойжеткен қыз сезініп, білгенін жасады. ""Келінжанда" сіз маған тырп етуге мүмкіндік бермедіңіз. Менде үлкен жауапкершілік тұрды. Өзімді қателесуге, бірдеңе бүлдіруге рұқсатым жоқ сезіндім. Бірақ менің жасым 28-ге келеді. Өзім білейінші", - дегенде біртүрлі болып қалдым. Бір жағынан балаңнан сөз естіген де қиын екен. Екіншіден ойландым. Басқа актер-актрисалар да сондай видеолар түсіреді. Мен оларға барып ақыл айтпаймын ғой. Тура солай актриса ретінде қарайын деп шештім. Ал маркетинг жағынан бұл маған тиімді болды. Көп қаралым жинады. Әртүрлі әңгіме де шықты. Қазір хейтсіз шығып кету де қиын ғой. Менің жоспарымда жоқ болса да, екеуі маған ойламаған жерден жасап берді.

- Расында Тұрар мен Сараның арасында махаббат бар ма?

- Олардың арасында ешқандай да махаббат жоқ. Бірдеңені байқасам айтар едім. Кино түсірілімі кезінде жасаған өздерінің бір шығармашылық видеолары болды.

- Соңғы кездері отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы өршіп кетті. Үш қыздың анасы ретінде қыздарыңызға жар таңдауда қандай кеңес бересіз?

- Соңғы кезде бұл тақырыпты көп ойланамын. Соңғы оқиғалар қатты көңіліме әсер етті. Менің үш қызым бар. Жаңа бәрі "Тұрар сияқты күйеу баланы қалайсыз ба?" деп сұрап жатыр. Мен ешкімді бөліп қарамаймын. Бастысы, зұлымдық жасамаса, қатегездік көрсетпесе, ең бастысы отбасы болуға моральді және қаржылай, психологиялық, физикалық тұрғыда дайын болуы маңызды. Менде ұл жоқ, үш балам бар. Күнде "Алла менің күйеу баламның қолына қаратпашы" деп дұға етем. Олар кімге күйеуге шығады, ақшасы бар ма, жоқ па менің шаруам жоқ. Бастысы, ұрмаса, соқпаса, қатегіздік көрсетпеуі маңызды. Қыздар да өз өмірлеріне жеңіл қарап, карат жүзікке, байлыққа алданбаса екен деймін. Қоғамда, байқасаңыздар, үйде бала туып, қазан-ошаққа байланып отырған әйел аз. Бес баласымен бірге жұмыс жасап, отбасының бір жыртығын жамап жүрген әйелдерге жылы сөз айтып, еркелетсеңіздер еріп кетеді. Жалпы әйелді бағалау керек.

Автор: Жанар Тайырқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2045916-laila-sultanqyzy-algas-ret-kinoga-tusti-prodyuser-telezurgizusini-qalai-kondirgenin-aitty/

pixel