Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шөбере сүйіп кетсе деймін": Балғынбек Имашев анасына жыр арнады

Опубликовано:

Балғынбек Имашев анасымен
Балғынбек Имашев анасымен. Фото: instagram.com/balgynbek_imash

Айтыскер, ақын Балғынбек Имашев анасының туған күніне ерекше жыр жолдарын арнады. Өнер иесі ақ тілегін Instagram парақшасында жариялады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Бүгін анашымның туған күні. Ол - қарапайым ана. Үй шаруасында болған. Университет, академия бітірмеген. Бірақ, Күлсара әжесінің, Имаш пен Битәй ата-енесінің тәрбиесін көрген. Келі мен келсап алып тары-талқан түйген. Тулақпен жүн сабап, ол жүнді жуып, түтіп, бояп, киіз басқан. Ою ойып, текемет жасаған кісі. Бүкіл ауыл анама текеметтің оюын ойғызатын.

Оның етсіз жасалған картошкасы мен вермишеліне, жаба салған таба нанына ешбір мейрамхананың тамағы, наубайхананың наны жетпейді. Ол - менің анам. Жылдан жылға жасарып жатқан жоқ. Мен тек шөбере сүйіп кетсе деймін. Бала-шағасының алдында кәлимасын қайырып, ақ иманмен Раббысымен қауышсын деп дұға етемін", - деп жазды Балғынбек Имашев.

Сонымен қатар ақын анасына жыр жолдарын арнады.

"Ол туған күн - бәрімізге мереке. Ол туған күн - әлі бізге береке. Тілегі оның - судан таза, сүттен ақ. Жүрегі оның - аспаннан да кең өте!

Ғұмырында аз болса да мөлдір сәт. Ана болған жатыры асыл, кең құрсақ. Иісі оның - жер бетінде ең жұпар. Дауысы оның - әлемдегі ең жұмсақ.

Өнегесін бере алмайміз өлшеп біз. Болмысы бар - тұтас, бүтін, бөлшексіз, Пейілі оның - түпсіз, терең, толассыз. Мейірі оның - дүниеде ең шексіз!

Анам үшін жасасам да мың құлдық. Толғағына татымайды бір түндік. Жан анамның жанындағы әр сәтім - Жаратқанға жақындауға мүмкіндік!

Жанымдағы Жұмағымның қақпасы. Ауырмасын, Анамды Алла, сақташы! Разы қылып үлгерейін, ия, Раббым. Жұмағымның бұл қақпасын жаппашы", - деп жазды айтыскер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2047037-sobere-suiip-ketse-deimin-balgynbek-imasev-anasyna-zyr-arnady/

pixel