"15 мың теңге алимент төлейді": блогер Дархан Жолшыбековтің некесіз туған 5 жасар қызы бары рас па
Жарияланған күні:
Танымал қазақстандық блогер Дархан Жолшыбековтің некесіз туған бес жасар баласы бары анықталды. Сәбидің анасы "Көреміз" бағдарламасына келіп, қызының дерті барын және блогердің 15 мың теңге алимент төлейтінін ашып айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Жезқазғандық Айдана Сапарбекованың айтуынша, ол Дарханмен осыдан 5 жыл бұрын 17 жасында көңіл қосқан. Олар Тараздағы мейрамхананың бірінде танысып, блогер даяшы қызға жиі қонаққа келген. Олар 4 ай кездескен.
"Бір кафеде даяшы боп жұмыс істедім. Екеуіміз сол жерде таныстық. Ол кезде мен 17 жастамын, ол 20 жаста еді. Мені жұмыстан әкеліп, апарып тастайтын. Танысқаннан кейін 1 ай өткенде жақын қарым-қатынас болды. Сол уақытта анасымен телефон арқылы таныстым. "Аяғың ауыр болады. Үйленем" деп жүрді.
2017 жылдың ортасында Тараздан кетіп қалдым. Аяғым ауыр екенін өзіне ескерттім. "Алдырып таста" деді. Менің аяғым ауыр екенін ешкім білмеді. Босануға бір күн қалғанда ғана әке-шешем мен әпкеме айттым", - деді Айдана есімді келіншек.
Бағдарлама мәліметінше, Айдана қызын өзі асырап отыр. Осыдан 8 ай бұрын келіншек Дархан Жолшыбековті алиментке берген. Кішкентай қыз бен блогерден сілекей сынамасы алынып, ДНҚ сараптама жасалған.
"Ай сайын 15 мың 365 теңге алимент төлейді. Сегіз айдан бері солай. Өзімен хабарласуға тырыстым. Қызымның диагнозын біліп, "Көмектес" дедім. Қазіргі логопед маманы айына 50-60 мың теңге сұрайды. Ал 15 мың теңгемен мен тіпті балабақшаның ақысын төлей алмаймын. Балабақшасы 22 мың теңге", - деді Дархан Жолшыбековтің бұрынғы сүйіктісі.
Бағдарламаға Айдананың туған әпкесі келіп, сіңлісі босанғаннан кейін Дарханның ата-анасының алдынан өткенін айтты.
"Алимент алып жүргеніне 8 ай өтті. Осыған дейін әкеміз қарсы болды. "Дарханның тегін де алмаймыз" деді. Тек осыдан 8 ай бұрын рұқсатын берді. "Алимент төлесін және тегін берсін" деген өтініш түсірдік. Сол кезде Дархан тегін берді және "Жұмыс істемеймін" деп, жалақысын 60 мың теңге етіп көрсетті. Қазір 15 мың теңге алимент төлейді.
Айдана босанғанда жанында серіктес болдым. Сөйтіп, сәбидің есімін өзім қойдым. Біз осы жайлы естігеннен кейін Таразға жолға шығып, Дарханның үйін іздестірдік. Үйіне барғанда анасы, Дархан және ағасы болды. Анасы "Әкесі келсін, ақылдасамыз. Күте тұрыңдар" деді. Ертесіне хабарласып, шақырды. Барған кезде Дарханның әкесі "Тас түскен жеріне ауыр екенін білем. Өз тастарыңды өздерің көтеріңдер" деді", - деп айтты Айдананың әпкесі.
Бағдарлама барысында Дархан мен кішкентай қыздың ДНҚ сараптамасы да көрсетілді. Ол жерде блогер мен сәбидің қан сәйкестігі 99,9 пайызды құраған.
"Алдырып таста, керегі жоқ деді. Мені барлық жерден бұғаттап тастады. Ешкімге айтпай, өзім босандым. Дарханның ата-анасы "Өз жүгін өзі көтерсін. Бізге керегі жоқ" деді. Осыдан кейін қызым 1,5 жасқа келгенше сөйлесіп жүрдік. Қыздың видеосын жібердім. Достарына көрсетіп жүрді. "Барам. Көмектесем" дейтін. Желтоқсанда келмей қалды. Наурыз айында карантин басталып кетті. Сол уақытта үйленді.
Қызым қазір 4 жас 11 айлық. Сот барысында Дархан "Мен саған Сәтпаевтан 1 бөлмелі үй берем. Сен осыдан кейін мені іздемейсің. Алимент талап етпе, тегінен, бәрінен бас тарт. Қызым екенін жасыр" деді. "Мазаламаймын" деген қолхат жазып бер деді. Мен "Әперсең, екі бөлмелі пәтер әпер" деп қарсы болдым. Маған алиментті өсіріп, қызымның еміне көмектессе болды", - деді Айдана есімді келіншек.
Логопед маманы кішкентай қыздың диагнозын көпшілікке түсіндіріп берді.
"Балада "Эхолалия" диагнозы. Қарапайым тілмен айтқанда, бала сіздің не айтып жатқаныңызды түсінбейді. Жаңғырықпен қабылдайды және сұраққа сұрақпен жауап береді. Бұл балаға дефектологпен шұғыл жұмыс істеуі керек. Баланың еміне айына 300 мың теңгедей керек. Алты айда емдеуге болады", - деді логопед маман.
Ал блогер Дархан Жолшыбеков бағдарлама шақыртуына келмей, бағдарламаға сұхбат беруден бас тартқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2049572-15-myn-tenge-aliment-toleidi-bloger-darxan-zolsybekovtin-nekesiz-tugan-5-zasar-qyzy-bary-ras-pa/