Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

20 млн теңгеге отбасылық зорлық-зомбылық туралы бейнебаян түсірген әнші: Бұл мәселені әнмен жеткіздім

Опубликовано:

Тұрар Ыдырыс
Тұрар Ыдырыс. Фото: instagram.com/turar__ydyrys

Әнші Тұрар биыл киноға түсіп, көрерменге басқа қырынан танылды. Фильм түсірілімен кейін актриса Сара Амангелдімен қарым-қатынасы желіде қызу талқыланған әнші бұл қауесет туралы өз пікірін білдірді. Әнші үйленуді қай уақытқа жоспарлап жүр, қоғамда белең алған отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты ойы қандай? Бұл туралы ол KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Тұрар әңгімені шығармашылық жаңалықтарынан бастады.

"Жыл соңына дейін 3-4 трек шығады. Жақында Мирас Жүгінісовпен бірге түсірген бейнебаянды тамашалай аласыздар. Әншінің жаңалықтары тек әнмен, бейнебаянмен байланысты болады ғой", - дейді ол.

Десе де Тұрардың мақтанып айтар жаңалығы кино әлемінде орын алды. Себебі жақында әнші "Жар-жар" комедиясында басты рөлді сомдаған еді. Аталмыш кинокартинаға түсу үшін Тұрарға кастингке барып, кезекке тұру қажет болмаған.

"Кино продюсері Гүлнұр Мамасарипова өзі хабарласты. Сомдайтын кейіпкерім туралы айтып түсіндірді, мен ойланбастан келістім. Гүлнұр ханымның әрбір туындысы көрермен ілтипатына бөленіп жүреді ғой. Сондықтан менің жаңа бір қырымды ашатын, халыққа мені жаңа бағытта көрсететін туынды болды деп сенемін", - дейді ол.

Тұрар фильмдегі махаббатымен өмірде де бірге екен деген қауесетті бірден жоққа шығарды.

"Жоқ, Сара екеуміздің арамызда тек достық байланыс бар. Басқа ешқандай да қарым-қатынас жоқ. Ал ол видеоларға халық сенсе яғни біз өз рөлдерімізді шынайы, көрермен жүрегіне жетерліктей етіп сомдадық деген сөз", - дейді әнші.

Үйлену Тұрардың әзірге жоспарында да жоқ. Алайда отбасын құрған кезде ешқашан әйеліне қол көтермейтініне 100 пайыз сенімді.

"Әнші ретінде мен бұл мәселені әнмен жеткіздім. Былтыр 20 млн теңгеге "Мұңды өлең" деген бейнебаян түсірдік. Былтыр бұл мәселе тура бүгінгідей резонанс тудырмады. Бірақ біз командамызбен сол кездің өзінде-ақ еліміздегі басты мәселе туралы қаражатымызды бөліп, әнмен жеткізуге тырыстық. Қазір резонанс кезінде бұл тақырыпта ән шығарып, бейнебаян түсіріп бір сәтке ел назарын өзімізге аударсақ та болар еді. Бірақ мен зорлық –зомбылық тақырыбы ешкім айқайлап айтпай тұрып, бірінші болып қозғадым. Ол кездегі мақсатым хайп немесе рейтинг жинау емес, проблеманы ашық жеткізу азаматтық борышым деп санадым", - дейді ол.

Қымбат бейнебаян түсіру үшін әнші қаржыны қайдан табатынын айтты.

"Мен мүлдем тойға шықпаймын. Той менің форматым емес. Маған басты табыс концерт, Youtube және тағы басқа әлеуметтік желідегі монитизациядан түседі", - дейді ол.

Тұрар той бизнес пен шоу-бизнесті былай қойғанда, кино әлемінде де гонорар тым төмендігін және өзінің "Жар-жар" фильмінен алған еңбекақысы да аса көп емес екенін тілге тиек етті.

"Кинодан мақтанарлықтай ақша алмадым. Менің концерттен табатын гонорарымның жартысының жартысы десем болады", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2049626-20-mln-tengege-otbasylyq-zorlyq-zombylyq-turaly-beinebayan-tusirgen-ansi-bul-maseleni-anmen-zetkizdim/

pixel