Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жақында киноға түскен блогер Сымбат Касимова желідегі өзіне қатысты хейтке жауап берді

Опубликовано:

Сымбат Касимова
Сымбат Касимова. Фото: instagram.com/_sajol

Қазақстанда "Сен bosсың" деген жаңа фильм үлкен экранға жол тартты. Кинокартинада Sajol лақап атымен танымал блогер Сымбат Касимова өзінің алғашқы рөлін сомдады. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген желі жұлдызы кино әлеміне алғашқы қадамы, сондай-ақ әлеуметтік желідегі өзіне қатысты хейт туралы ойын айтты.

- Сымбат ханым, алғашқы рөліңіз құтты болсын. Өз көңіліңізден шықты ма?

- Бұл - менің дебютім. Бұған дейін ешқандай фильмге түсіп көрмеген едім. Кастинг директор Instagram-да жекеме жазып, шақырды. Және бірден осындай қосалқы кейіпкердің рөлін сомдау бұйырғанына қуаныштымын. Кейіпкерім - тұрмысқа шығуды қатты армандайтын, оң жақ босағада отырып қалған қыз. Депрессия мен стрессте жүреді. Маған еш қатысы жоқ. Бірақ режиссердің көмегімен, сол кісінің айтқанын орындап, толықтай образды ашып шығуға тырыстым. Енді көрермен өз бағасын береді деп ойлаймын.

- Құпия болмаса бұл рөлге алған гонорарыңыз қанша болды?

Түсірілім барысында менің бір күнім 40 000 тг болды. 7-8 күн түсірілімде жүрдім. Бастапқыда мен тегін-ақ түсе беремін деп айтқан едім. Бірақ ол кісілер еңбегім бағалануы керек екенін айтып, еңбекақымды берді. Қанша ұсынды, соны алдым. Мен үшін жаңа бағыт, жаңа дүние болғандықтан әзірге өзімді шыңдап, қалыптастыру үшін тегін де түсуге дайын болдым. Іштей ақшаны емес, рөлді күшті алып шығып, көрерменнен жылы лебіз естуді армандап тұрдым.

Ал болашақта қандай рөлдерді сомдап көргіңіз келеді?

Мен биыл қатты киноға түскім келді. Бұл - менің Алладан көп тілеп, сұрап алған рөлім. Болашақта да кез-келген ұсынысқа ашықпын. Кастингтерге барып, бағымды сынаудан қорықпаймын. Мысалы, мен өзімді ешқашан комедия жанрында елестетіп көрген емеспін. Бірақ бұл фильмде рөлім комедиялық бағытта. Алдағы уақытта жағымсыз кейіпкердің рөлін сомдап көргім келеді. Тек ашық сахналардан бас тартамын.

- Блогер мен актрисаның өмірінде қандай айырмашылық бар екен?

- Тәртіп керек. Мен блогер болғандықтан тұрақты режим жоқ. Кеш жатып, кеш оянып, өзіміздің графикпен жүре береміз ғой. Бірақ бұл салада тәртіп керек. Таңғы төртке дейін түсірілімде болуға тура келген кездер болды. Сосын актрисаның көп уақыты күтумен өтеді. Он минуттық сахна үшін 5-6 сағат күтуге тура келетін сәттер аз болмады.

- Қазақ киносында не нәрсеге көңіліңіз толмайды?

- Маған бір актер, актрисаларды айналдырып түсіре беретіндері ұнамайды. Елімізде мықты әртістер көп қой. Солардың да режиссерлер бағын ашу керек деп ойлаймын. Және тек комедия жанрында түсіре бермей, басқа да жанрдағы фильмді көрерменге ұсынатын уақыт жеткен сияқты.

- Соңғы сұрағымыз - Анара Батырханмен болған сұхбаттан кейін сізді желіде жақтаушылар да, даттаушылар да болды. Әсіресе, "мен пәк болып келмедім" деген сөзіңізді талқылап жатқандар көп. Мұны ата-ене, күйеуіңіз қалай қабылдады? Өзіңіз жалпы хейтке қаншалықты дайын болдыңыз?

- Менің Анармен болған сұхбатымды ата-енем, күйеуім, туыстарым бәрі көрді. Ешкім сынап, ренішін білдірмеді. Иә, кей адамдар "екеуара қалуы керек" деп жазған шығар. Бірақ күніне 100-ге жуық қыз маған жекеме рахметін айтып жазады. Себебі, мұндай тағдыр тек менде емес, қоғамдағы әрбір үшінші қыздың басында кездесуі мүмкін. Бұл тақырып тек сол жерде айтылып қалып қоймай, қоғамда қызу талқыланып, барлық адамның құлағына жетуі керек.

Сұхбаттасқан Жанар Тайырқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2049644-zaqynda-kinoga-tusken-bloger-symbat-kasimova-zelidegi-ozine-qatysty-xeitke-zauap-berdi/

pixel