Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мінезін байқадым": Мархаба Сәби әнші Мирас Жүгінісовке өкпесін айтты (видео, фото)

Опубликовано:

Мархаба Сәби
Мархаба Сәби. Видеодан кадр: "Түнгі студия" бағдарламасы

Көпшілікке ерекше әндерімен танымал әнші Мархаба Сәби өнердегі әріптесі Мирас Жүгінісовке өкпесін айтты. Өнер иесі Instagram парақшасында Мирас Жүгінісовке ән жазып бергенімен, әншінің кей әндерінде өзін автор ретінде көрсетпейтініне ренжіді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Мархаба Сәби әлеуметтік желідегі парақшасына видео жариялаған.

"Бүгін мен Мирас Жүгінісовке және Жүгінісовтер отбасына ренішімді, көңілімнің қалғанын айтқым кеп отыр. Осыған дейін үндемей келдім. Біраз миға қонбайтын нәрсе жасап жатыр. сондықтан айтып беруге тура кеп отыр. Біз Мирас Жүгінісов пен Мұрат Қабылов есімді композитор жігіт үшеуіміз 2018-2019 жылдары Мирастың алғашқы шығармашылық жолын бастағанбыз. Мұрат Қабылов - әнін, мен - сөзін жазамын. "Әдетте тәтті-тәтті бәрі басында", "Сүйем, сені сүйем", "Мың есе", "Ол" сияқты әндерді жаздық. Сәтті жұмыс істедік. Сол кезде мәтінді 70 мың теңгеге жазып жүрдім. Бірақ мен ақша үшін жасаған жоқпын. Мұраттың әндерін ұнаттым. Бір кезеңге дейін жақсы жұмыс істеп келдік.

Бірақ әндері жақсы тарап, атақ келе бастағасын Мирастан бір өзгеріс байқадым. Көкірегін көрдім, өзіме ұнамайтын мінезін байқағаннан кейін "Осы жерден тоқтата қояйық. Мен саған енді мәтін жазбаймын. Бірақ осыған дейін жазған жұмыстарды айта бер, орындай бер. Себебі, халыққа тарап кетті. Мен қызғаншақ адам емеспін, қызығын көре ғой" деп рұқсатымды бердім", - деді видеода Мархаба Сәби.

Сонымен қатар әнші кейінірек Мұрат Қабыловқа әннің сөзін жазып бергенін, алайда, ол әнді Мирас Жүгінісовтің орындап шыққанын айтты.

"Біраздан кейін Мұраттың өзі хабарласып, "Шығармашылығымды қолға алайын деп едім. Маған ән жазып бересің бе?" деді. "Өзің айтатын болсаң, жазайын. Бірақ Мирасқа емес" деп ескерттім. "Сен туралы ғажайып, шытырман толы роман жазғым келеді" деген кеңінен таралған әнді және "Уақыт" деген әнді Мұрат Қабыловтың өзіне жазып бердім. Бірақ оны неге екенін білмеймін, Мұрат емес, Мирас айтып шықты. Менің рұқсатымсыз, ешқандай ескертусіз жариялап шығарды. Оның үстіне, менің атымды автор ретінде еш жерде көрсетпей шығарып жіберді. Мұны Мирастың өзі жазғандай етіп шығарған. Не деген құрметсіздік?! Түсіне алмадым?

Бұл әңгімені қозғап отырған себебім, кеше "Қазақстан дауысы" жобасында Мирастың інісі Мұхаммедәлі "Уақыт" әнін орындап шықты. "Уақыт" деген әнге композитор деп Мұрат Қабыловты көрсеткен. Ал әннің сөзіне басқа адамды белгілеп қойыпты. Мен өз атымды таба алмадым. Жалпы, "Уақыт" әні – мен үшін қымбат туынды. 2019 жылы шыққан. Өте қиын кезең, карантин кезінде жазғам.

Уақыттың қадірін санасы тоғысқан, өмірді көрген, білімі бар адам ғана мұндай нәрсе жаза алады, түсіне алады. Ал бұл балаларға қазір атақ қызық, ақша қызық, танымалдық қызық. Олар мұндай әндердің қадірін қайдан білсін? Құрметсіздік жасап отыр, көңілім қалды. Ауызынан сүті кетпеген, жас, шала піскен балалар деп жатады ғой. Мысалы, Роза Рымбаеваға да бір мәтін жазып бергем. Ол кісі әр концертінде менің атымды атап айтып, құрметін білдіріп жатады. Бұл әншінің ішкі мәдениеті мен сана сезімінің биіктігін, білімділігін көрсетеді. Ал Мирас пен Жүгінісовтердің бұл ісі - өкінішті жағдай", - деді өнер иесі. 

Айта кетейік, Мархаба Сәбидің бұл жазбасынан соң Мирас Жүгінісов Instagram парақшасында әншіге хабарласып, кешірімін алғанын мәлім етті.

"Негізі, Мархаба ханымның автор екені барлық жерде көрсетілген. Менің сұхбаттарымды көрген адамдар біледі. Мен барлық жерде Мұрат досымның әнін, Мархаба ханымның сөзін жазатынын және сөздері бөлек екенін айтып жүремін.

Қазақстан дауысында Мұхаммедәлі редакторларға қазіргі автордың атын қателікпен жазып жіберіпті. Ол үшін, шын жүректен кешірім сұраймыз. Жеке де хабарласып, кешірімін алдық", - деп пікір білдірді Мирас Жүгінісов.

Мирас Жүгінісов сторис
Мирас Жүгінісов сторис. Скриншот: instagram.com/zhugunussov.mj

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2050409-minezin-baiqadym-marxaba-sabi-ansi-miras-zuginisovke-okpesin-aitty-video-foto/

pixel