Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тележүргізуші Анна Данченко әнші Бақыт Шадаеваның ренішіне жауап берді

Опубликовано:

Анна Данченко мен Бақыт Шадаева
Анна Данченко мен Бақыт Шадаева. Видеодан кадр: "Жұлдызды шаңырақта" бағдарламасы

Әнші Бақыт Шадаева күні кеше отандық тележүргізуші Анна Данченкоға ренішін айтқан болатын. Оның бұл өкпесіне Анна Данченко Instagram парақшасында жауап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Таңым бар. Кей адамдар өзінен емес, өзгеден қателік іздегенді жақсы көреді... Өкінішті... Журналист немесе жүргізуші сұрақ қояды. Ал кейіпкер оған жауап береді. Тек әр адамның жауабы әр түрлі болады.

Мәселен, "Қай жақпен құда болдыңыз?" деген сауалды бағдарлама кейіпкерлеріне көп жолдаймын. Басталған әңгімеге мен тек "Нақтылау сұрақтарын" қойдым. Айтқысы келмейтін адам айтпайды. Сұраққа ашылып жауап берген соң, мен тек тыңдап тұрдым. Сұрақ - бір, жауап - әр түрлі. Сондықтан барлығын тек журналистке артып қоюдың қажеті жоқ-ау деймін. Бағдарлама 2 сағат бойы түсірілді. Жалғыз мен емес, қасымда түсірілім тобы болды.

Енді өздеріңіз шешім шығарыңыздар. Шынымды айтсам, мен кей жұлдыздардың мұндай әрекетіне таңғалмаймын. Телевизияда жүрген 16 жыл ішінде көп нәрсе көрдім. Бәріне сабырмен, дәлелмен көңіл бөлемін. Мен өз ісімді жақсы көремін және барлық адамға құрметпен қараймын", - деп жазды тележүргізуші.

Сонымен қатар тележүргізуші көпшілікке Бақыт Шадаевамен арада болған әңгімені де бөлісті.

Тележүргізушіге Бақыт Шадаева "Анна, қайырлы күн. Мен сұхбатты әңгімем барлық жерге тарасын деп бермедім. Мен сізге бұған рұқсат бермедім. Өтінем, мұны тоқтатыңыз. Әйтпесе, мен тиісті органдарға хабарласамын", - деп жазған.

Ал Анна Данченко әншінің бұл хатына бірнеше дәлелмен жауап берген.

"Қайырлы кеш. Кешіріңіз, сіздің сұхбатыңыздың бір бөлігін кесіп салатындар үшін мен неге жауапкершілік жүктеуім керек? Бағдарлама екі сағат бойы түсірілді. Монтаждау кезінде оның жартысы пайдаланылды. Түсірілім барысын Қымбат бақылап отырды. Егер кейіпкер кей сәттің эфирге шыққанын қаламаса, монтаж кезінде кадрды әрдайым өшірте алады. Егер сұхбаттың эфирге шығарғыңыз келмейтін тұсы болса, оны маған хабарлауға үш күн уақытыңыз болды. Үшіншіден, менің бағдарламам үй мен отбасы, шығармашылыққа арналған. Ешқандай интригасыз, негативсіз. Бағдарлама 2015 жылдан бері түсіріліп келеді.

Төртіншіден, сіздің жеке өміріңізге кіріспедім. Барлығын жұмсартып отырдым. Сіздің күйеу балаңыз жайлы айтқаныңызда, олардың келіспеушілігіне көңіл аудартпадым. Керісінше, сіздің әңгімеңізді "Отбасыда ондай жағдай болады. Ештеңе етпейді" деп жұмсартуға тырыстым. Қызыңызбен сұхбат барысында оған ыңғайлы болуы үшін орысша сөйледім. Сейфуллин Жолбарысқа қатысты сұрақта да, сіздің атыңызға ешқандай теріс пікір болмағанын айттым.

Бағдарламадан негатив көріп, маған ашуланғаныңыз және менің есімімді бүкіл ел мен әріптестерім алдында солай айтқаныңыз өкінішті. Сізге көңіл бөлгеніңіз бен кешкі асыңыз үшін алғыс білдіремін. Сондай-ақ бағдарламаны қайта қарап, менің сұрақтарымның бәрі сіздің шынайы адам екеніңізді көрсетуге бағытталғанын байқайсыз деген үміттемін", - деп жауап берген Анна Данченко әншіге.

Еске сала кетейік, осыған дейін Бақыт Шадаева тележүргізуші Анна Данченконың бағдарламасына сұхбат беріп, күйеу баласы мен қызының жас алшақтығының үлкен екенін ашып айтты.

Осыдан кейін өнер иесі отандық бағдарламаның бірінде тележүргізуші Анна Данченкоға өкпесін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2050813-telezurgizusi-anna-dancenko-ansi-baqyt-sadaevanyn-okpesine-zauap-berdi/

pixel