Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұл еліміздегі ащы шындық екен": Қанат Әлжаппаровтың соңғы түскен фильмін көрген халық не үшін жылады

Жарияланған күні:

Қанат Әлжаппаров
Қанат Әлжаппаров. Фото: жеке мұрағатынан

Тұңғыш немерені ата-әжесінің бауырына басу дәстүрі әлі де бар. Нәтижесінде үлкендер меншіктеген бала әке-шешесіне еркелей алмай, ал ата-анасы баласын еміреніп иіскей алмай жүреді. Мәселенің қаншалықты ауқымды екенін жақында жарық көрген "Аппақ келін" фильміндегі бір кадр анық көрсеткен. Осы сахнаны сомдап, дүйім жұртты жылатқан әзілкеш Қанат Әлжаппаров KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.

- Сұхбатқа келіскеніңізге көп-көп рахмет. Әңгімені бірден гонорар тақырыбынан бастайықшы. "Аппақ келін" фильмі қалтаңызды қаншалықты қалыңдатты?

- Мен негізі кино актеры емеспін, киноға, сериалдарға қатты түскім де келмейді. Сол себепті менде кино саласында тұрақты гонарар жоқ. "Аппақ келін" жобасының авторы Сержан - өзімнің інім. Мен оны ренжітпеймін. Ол мені ренжітпейді.

- Киноактерлердің арасында бір қызық ырым бар екен. Әр фильмнің гонорарының белгілі бір бөлігін алып, өздеріне сыйлық жасайды екен. Сол кезде ұсыныс көбейіп, жұмыс тоқтамайды деп санайды. Сізде қандай ырым бар?

- Иә, менде де ырым бар. Мен әр алған гонарарымды әйеліме беремін. Яғни, сол алып қояды да өзі жұмсайды. Әлде бұл ырым емес пе? (қалжыңдайды - ред.еск.)

- Айтпақшы, қазір қоғамда көп әйел алу тақырыбы қызу талқыланып жүр. Тіпті өнердегі кей әріптестіңіздің екі әйелі бар деп естиміз. Өзіңіз екі әйел алуға қалай қарайсыз?

- Маған тыныштық керек. Мен қарсымын. Сосын екінші әйел алу үшін діни білім керек деп ойлаймын.

- Қателеспесем, "Аппақ келін" фильмінде алғаш рет драма жанрында ойнауыңыз екен. Образды қаншалықты аша алдыңыз?

- Иә, мен бірінші рет драмалық сахна ойнадым. Мен өмірде де мұңайып, ашуланып, ренжіп жүретін адам емеспін. Сол себепті маған қиын болды. Тек әзілдеп, күлдіріп жүретін адамға халықты жылату оңай емес. Енді қолымнан келгенін жасадым. Халық бағасын берер. Беріп те жатыр. Әлеуметтік желідегі реакцияларын көріп жатырмын. Әсіресе анасымен болған сахна. Бұл еліміздегі ащы шындық екен ғой. Әлі күнге дейін анасын "мама" деп атай алмайтындар қаншама?!

- Барша көрерменді жылатқан "анаңызбен сахна" сізге қалай әсер етті? Осындай реакция болады деп күттіңіз бе?

- Анаммен болған сахнаны көргендер "күлдіріп отырып жылаттың" деп оң бағасын беріп жатыр. Сол себепті жаман ойнамаған сияқтымын. Бірақ өзім ұяламын.

- Ал өз балаларыңызды "ата-әженің баласы" деген салтпен үлкендердің бауырына бердіңіз бе?

⁠- Негізі менің балаларым да ата-әжесінің қолында тұрады. Мен Қызылорда қаласында, ата-әжесі Қалжан ахун ауылында тұрады. Бір апта бізде, бір апта оларда тұрады. Біз балаларды бөліп-жармаймыз. Оларға барғанда ата-әжесінің, бізге келгенде әке-шешесінің баласы ғой.

Бұл тақырып маған таңсық емес. Әлі күнге дейін анасын еміреніп "мама" деп айта алмай жүрген жақын достарым бар. Осы сценарийді оқу барысында есіме түсті. Менің жақында бір досым анасына "мама" деп айтқан. Ол өз сезімін білдіргенде "аяқ-қолым дірілдеп кетті" деген. Мен рөлімді ойнағанда соны есіме түсірдім...

Сұхбаттасқан Жанар Тайырқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2052435-bul-elimizdegi-ashhy-syndyq-eken-goi-qanat-alzapparovtyn-songy-tusken-filmin-korgen-xalyq-ne-usin-zylady/