"Баста дәурен тұрмайды": Меруерт Түсіпбаева Азамат Сатыбалдыны сынап тастады
Жарияланған күні:
Отандық танымал әнші Меруерт Түсіпбаева "Қазақфильм” киностудиясының аумағындағы қытай көліктеріне қатысты даулы жағдайға пікір білдіріп, Азамат Сатыбалдыны сынап тастады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ жазады.
Эстрада жұлдызы даулы жағдайға қатысты өткір пікірін әлеуметтік желіде айтқан. Түсіпбаева Instagram парақшасында азулы жазба жариялаған.
"Кезінде Азамат Сатыбалды Есентаеваның "Баян сұлу - Қозы Көрпеш" сериалын сынағанымда, мені "хайп қуып отыр" деп сұхбат беріп едің! Ақыры, ол сериалды көрсетуге тыйым салды. Енді, КТК арнасына сұхбат беріп, "мен өзімді сатам ба?", "өзім білемін" депсің. Мейлі, өзіңді сат. Бірақ қара шаңырақтан қолыңды тарт! Менің атам, Шәкен Айманов атындағы қара шаңырақтың ауласын "қытай көліктеріне толтырам ба, оны жарнамалаймын өз еркім" деп айтыпсың.
Қытай көлігін кіргізгенің - қақпаны ашқаның! Ойлан, баста дәурен тұрмайды, бауырым. Асыра сілтеме! Сенен бұрын да "Қазақфильм" болған, Қытайдың көліктерін аулаға қоймай-ақ күн көрген! Қолыңнан келмесе, орынды босат! Содан кейін не істесең де, өз еркің. Қытайдың көлігін сат! Өзіңді сат! Тек арыңды сатпа, бауырым! Ақша табылады ғой, абырой қымбатырақ", - деп жазды Түсіпбаева.
Еске сала кетейік, Актер Қуандық Дүйсенбаев желіде Шәкен Айманов атындағы киностудияның аумағында соңғы күндері қытайлық көліктер қаптағанын айтып, наразылық білдірген болатын.
Ал "Қазақфильм" АҚ президенті Азамат Сатыбалды бос тұрған ғимаратты жалға бергенін растады. Алайда "Ол көліктер сатылмайды, таксопаркке тиесілі" деп әңгімені қысқа қайырған. Оның мұндай қадамға баруына қарамағындағы 178 адамның жалақысын төлеуі түрткі болған.
Сонымен қатар бұл жағдайға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да пікір білдірді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2055155-basta-dauren-turmaidy-meruert-tusipbaeva-azamat-satybaldyny-synap-tastady/