Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көптен бері кино түсірмей кетуімнің себебі осы": Жеңісхан Момышев қазір немен айналысып жүргенін айтты

Опубликовано:

Жеңісхан
Жеңісхан. Фото: instagram.com/zheniskhan_momyshev_jm

Әуелі әнші ретінде танылып, режиссураға бет бұрған Жеңісхан Момышев кейінгі уақытта көптің назарынан тыс қалып жүр. Кинорежиссер қазір немен айналысып жүргені, отбасылық өмірі жайында KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.

- Жеңісхан мырза, сұхбаттасудың реті түскеніне қуаныштымыз. Алғашқы сұрағымызды шығармашылық жаңалықтардан бастайықшы...

- Қазір мен бизнес саласында да өз бағымды сынап жүрмін. Серіктестеріммен бастаған кәсіптерімді тұрақты ретке келтіру үшін жұмыс жасап жүрміз. Одан бөлек әрине авторлық киноның сценарийін жазу үстіндемін.

- Керемет, бизнесіңізге сәттілік тілеймін. Авторлық фильм туралы толығырақ айта аласыз ба?

- Алтынбек Қоразбаев ағамыздың "Қара пима" деген әнін оқырман жақсы білетін шығар. Сол әннің тарихымен толықметражды авторлық кино түсірмекшімін. Ол фильм Алла қаласа кинофестивальдерде бағын сынайды.

- Бұл фильмнің сіздің өміріңізге қаншалықты байланысы бар?

- Кез-келген режиссер өзінің өміріне сәл-пәл ұқсастығы бар тақырыпта жұмыс жасайды. Менің өмірімнің кей сәттерін фильмнің эпизодтарынан байқауға болатын шығар. Бірақ толықтай менің өмірбаянымнан құралған фильм болады деп айта алмаймын.

- Авторлық және коммерциялық кинокартинаның басты айырмашылығы неде? Және неліктен отандық кинотеатрлар авторлық фильмдерді көрсетпейді?

- Басты айырмашылық – мақсатында. Коммерциялық фильмдерді көбінесе тек табыс табу үшін түсіреді. Ол жерде арзан күлкі көп болады. Бірақ алатын өнеге, тәрбиесі аз болады. Ал авторлық картина ұлттық мүдде, қоғамдағы проблемаларды қозғайды. Мұндай ауыр кинотуындыларға халық көп келмейді, дайын емес деген жорамалмен үлкен кинотеатрлардан көрсетілмейді. Жалпы еліміздегі кинотеатрлар жекеменшікте. Олар өздеріне тиімді әрі табысты фильмдерді ғана прокатқа алады.

- Осыдан бірнеше жыл бұрын әкеңізге өкпелі екеніңізді айтып сұхбат берген едіңіз. Соңғы 3-4 жылда ата-анаға деген ренішпен жұмыс жасау, проработка жасау, психологқа бару трендке айналды. Сіз бұл бағытта қандай да бір даму үстіндесіз бе?

- Көптен бері кино түсірмей кетуімнің басты себебі де осы шығар. Мен бір сәт барлық жұмысымды тоқтатып, өзіммен жұмыс жасадым. Өзімді танығым келді. Қайтадан ресурс жинағым келді. Бала кездегі барлық өкпе-реніштен арылып, өміріме шүкіршілік етуге жұмыс жасадым.

- Арнайы мамандармен жұмыс жасау арзан емес. Күні бүгінге дейін қанша ақша жұмсадыңыз?

- Иә, қазір психолог мамандардың бағасы тәжірбиесі мен жұмысына қарай 1-2 млн теңгеге дейін кете береді. Бірақ мен соншалықты көп ақша жұмсадым деп айта алмаймын. Себебі мен қоғамға пайдасы тиетін ерекше адамдарға арналған әлеуметтік жоба ойластырдым. Әлі ол іске қосылмады. Сол жобаны талқылап, толықтыру барысында көптеген кәсіби маманмен кездесіп, таныстым. Жобаны дамыту барысында да, өзімді дамыту барысында да сол мықты мамандармен жұмыс жасаймын.

- Құпия болмаса сол әлеуметтік жобаңыз туралы ашып айта аласыз ба?

Жоқ, әзірге мен оны айтуға дайын емеспін. Толықтай іске қосылған кезде өзіңізден бірінші болып сүйінші сұрап, ашылу шарасына шақырамын.

- Жарайды, ендеше ісіңізге сәттілік тілеймін. Сіздің ата-анаңыздың ажырасқанын және өгей әкеңіздің қолында өскеніңізді де білеміз. Ақпараттарға сүйенсек, толыққанды отбасында өспеген азаматтар отбасы қандай болу керек деген формуланы білмейді. Сондықтан "жиі ажырасады" дейді. Қаншалықты келісесіз?

- Бәлкім, қандай да бір деңгейде шындық бар шығар. Бірақ толық отбасында өспеген адамдар балаларына өздері көрген ауыр сезімді көрсетпеуге, өздерінде болмаған тәтті балалық шақты беруге тырысады. Менің де, менің жарымның да ата-анасы ажырасып кеткен. Біз мүлде ұрыспаймыз деп айта алмаймын. Біздің де арамызда келіспеушілік болады. Бірақ сол ұрысты, келіспеушілікті балаларымызға көрсетпейміз. Балалар ересектердің арасындағы конфликті көрмеуі керек. Бұл біздің отбасының ең бірінші қағидасы.

- Ал бала тәрбиесінде отбасылық қағидаларыңыз бар ма?

- Қатып қалған ереже, қағида жоқ. Кез келген ата-ана сияқты барлық тәтті мен жақсылықты балапандарымызға бергіміз келеді. Әсіресе балапандарымыздың кішкентайынан ағылшын тілінде еркін сөйлегенін қалаймыз. Сондықтан ағылшын тіліндегі балабақшаға бердік. Ұлдарыма қаталдаумын. Ал қызымды ерекше еркелетенемін. Қызыма жоқ деген сөзді айта алмаймын.

- Сіздің отбасында қаржылық шекара бар ма? Кім табыс табады? Оны кім ұстайды?

Біздің отбасымызда ақша басты приоретет емес. Біз үшін ең бастысы - екеуміздің махаббатымыз бен сыйластығымыз. Біздің өмірлік мақсатымыз бен бағытымыз бір. Ақшаны екеуміз де табамыз. Менікі, сенікі деген жоқ. Жұмсайтын кезде де ақылдасып жұмсаймыз.

- Қазақстанның азаматы ретінде еліміздегі қандай мәселе сізді қатты уайымдатады?

Ой, ондай мәселелер өте көп қой. Құр айта бергеннен не пайда?! Меніңше шынымен бір мәселеге уайымдасаңыз, кішкене болса да соның өзгеруіне үлес қосқан жөн. Менде өте қызық сұрақ бар. Байқайсыз ба, қоғамда саясат пен саяси проблемалар туралы айтқандар, үкіметке қарсы сөйлегендердің бәрі халық батыры болып жүр. Сондай бір саяси проблемаларды ашып айтатын подкасттар, роликтер көбейген. Менде, менің замандастарым да көп ақиқатты білеміз ғой. Бірақ оны айтуға қорқамыз. Отбасымызды, бала-шағамызды, жақындарымызды, туыстарымызды ойлап уайымдаймыз. Өзіңіз ойлаңызшы, Қаңтар оқиғасында қаншама адам қамалып кетті. Мен айқайлап айта бергеннен ешқандай мәселе шешілмейтінін білем. Елімнің азаматы ретінде проблеманың шешілуіне кішкентай болса да үлесімді қосуды жөн санаймын. Қазір сол бағытта жұмыс жасап жүрмін.

Сұхбат құрған Жанар Тайырқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2057835-kopten-beri-kino-tusirmei-ketuimnin-sebebi-osy-zenisxan-momysev-qazir-nemen-ainalysyp-zurgenin-aitty/

pixel