"100 млн теңгесі өзіміздікі": желідегі танымал сериал актерлары кино түсіру үшін үлкен қарызға кіргенін айтты
Жарияланған күні:
Желіде танымал болған "Жездуха" сериалының толықметрлі фильмі күні кеше көрерменге жол тартты. Фильмнің жабық көрсетілімінде актерлар - Миллион КВН командасының мүшелері KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.
Бұған дейін 49 сериясын Youtube желісі арқылы көрсеткен "Миллион" командасының жігіттері соңғы бөлімін толықметрлі фильм ретінде үлкен экранға ұсынды. Актер Мансар Орынханның сөзінше, фильм жастарға арналған.
"Бізді көретін аудитория - жастар. Осы фильмнің басты мақсаты да ел ертеңі жастарға патриоттық сезімді ояту, елді, халықты сүюді үйрету”, - деп ағынан жарылды актер.
Айтуынша, фильм түсіруге аз ақша жұмсалмаған.
"Жалпы бұл фильмге 170 млн теңге жұмсалды. 100 млн теңгесі өзіміздің ақшамыз, ал 70 млн теңгені қарызға алдық. Енді жақсы касса жинайды деп ойлаймыз", - деді актер.
Бұған дейін көпшілікке желі арқылы тегін ұсынылған "Жездуха" сериалының актерлары оқиға желісі үлкен экранда жалғасатынын айтады.
"Бұған дейін 49 серияны арнамызда көрерменге тегін ұсындық. Енді осы бөлімді көрермен 1500-2000 теңгесін қалталарынан шығарып кинотеатрдан көреді деп үміттенеміз. Иә, бұдан кейін "Жездуха" сериалының жалғасы болмайды", - дейді олар.
Есесіне жаңа жобаның идеясы дайын тұр екен. Ол фильм де Youtube арқылы көпшілікке жол тартпақ.
"Әрине, қазір ойымызда жүрген идеялар бар. Тағы да сценарийлерді тиянақтап, қайтадан жаңа жобаны жақында желі арқылы көрерменге ұсынамыз деген жоспарымыз бар. Ал үлкен экранға арналған толықметрлі фильмді жақында түсірмейтініміз анық. Бірінші осы 70млн теңге қарызымыздан құтылып, етек-жеңімізді жинап алайық", - дейді команда мүшелері.
Автор: Жанар Тайырқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2061587-100-mln-tengesi-ozimizdiki-zelidegi-tanymal-serial-akterlary-kino-tusiru-usin-ulken-qaryzga-kirgenin-aitty/