Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бюджет қаржысын құмар ойынға салған": Ақтөбеде мектеп есепшісі 8 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Опубликовано:

судья
Судья. Көрнекі фото: pexels.com

Ақтөбедегі №55 мектептің есепшісіне қатысты қылмыстық істің жарыссөзі өтті. Прокурор бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен сот алдына келген есепшіні 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе қалалық сотында №55 мектептің бас есепшісіне қатысты "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бабымен қаралып жатқан қылмыстық іс аяқталуға жақын. Мемлекеттік айыптаушы жарыссөзде қыруар қаржыны құмар ойынға салды деген айыппен істі болып жатқан есепшіні 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

"Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі бойынша айыпты деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. Сонымен бірге 10 жылға материалдық шешім қабылдау қызметін атқару құқығынан айыруды сұраймын. Күзетпен ұстау шарасын сол күйі қалдырып, жазасын өтеу орны қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтеу ұсынылсын. Жәбірленушінің азаматтық шағымын қанағаттандырып, шығын толық өтелсін", - деді прокурор Елдар Әбиев.

Сотталушы өзіне тағылған кінәні толық мойындап, тағылған айыппен келісетінін айтты. Айтуынша, бюджет қаржысы толықтай ойынға кеткен. Құмар ойынға тәуелділіктен барған әрекетіне кешіріммен қарауды сұрады.

Еске сала кетейік, айыпталушы 2015 жылдың наурыз айында мектеп есепшісі ретінде қабылданған. Қаржылық құжаттарға қол қоюға мүмкіндігі болған. Іс материалындағы сарапшы талдауы бойынша мемлекетке жалпы сомасы 413 822 951 теңге шығын келтірілген. Алғашында 60 мың теңгеден басталып, өзіне күдіктің жоқтығын пайдаланған ол кейін миллиондарды өз есепшотына аударған.

Судья сотталушының соңғы сөзін 22 ақпанда тыңдайды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2061212-byudzet-qarzysyn-qumar-oiynga-salgan-aqtobede-mektep-esepsisi-8-zylga-bas-bostandygynan-aiyryluy-mumkin/

pixel