Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Актер Нышанбек Жұбанаев не себепті тек жағымсыз рөлдерімен танылғанын түсіндірді

Опубликовано:

Нышанбек Жұбанаев
Нышанбек Жұбанаев. Фото: instagram.com/nyshanbek_zhubanaev

Нышанбек Жұбанаевтың актерлік шеберлігіне желідегі оқырмандары үнемі жоғары баға береді. Алайда көпшілік оны тек жағымсыз кейіпкер ретінде ғана таниды. "Жездуха" фильмінің жабық көрсетілімінде бой көрсеткен Нышанбек Жұбанаев KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, мұның сырын айтты.

- Нышанбек мырза, сұхбаттасудың сәті түскеніне қуаныштымын. Әңгімені неге тек жағымсыз немесе қатыгез кейіпкердің рөлін сомдайсыз деген сұрақтан бастайықшы…

- Мұны режиссерлерден сұрау керек шығар. Негізі түрім де сондай мейірімді, момақан адамға мүлдем ұқсамайды ғой. Сондықтан да бір бағыттағы рөлдерге шақыра беретін шығар. Әрине, арасында комедиялық рөлдерім де бар. Жалпы рөлдерім бір-біріне еш ұқсамайды. Мен әрдайым бір-біріне ұқсамайтын образдарға келісуге тырысамын.

- Ал "Жездуха" фильмнің түсірілімі қалай өтті? Қандай әсер алдыңыз?

- Түсірілім өте керемет өтті. Кино түсіру кезінде ең маңыздысы - команданың мықты болуы. Түсірілім тобы бір әрі кәсіби мықты болса уақыттың қалай өткенін де, қиындықтарды қалай жеңгенімізді де білмей қаламыз. Егер кадрдың сыртындағы атмосфера дұрыс болмаса қанша кәсіби актер болса да рөліңізді аса жеткізе алмайды. Өзім де бірінші рет көрдім. Өте керемет әсер алып отырмын. Қазаққа берері мол болсын және бастысы үлкен касса жинасын деп тілеймін.

- Айтпақшы, гонорарға келіспеген видеоларыңыз тараған еді...

Мен негізі хайп дегенді жақсы көрмеймін. Жігіттер осылай жасап көрейік дегенге еш ойланбастан келіскен едім. Бұл оқиға маған үлкен сабақ болды. Адамдарға "бұл қалжың болды" десем де түсінбей жүргендері қаншама?! Теріс ойлар бәрібір кері әсерін тигізеді.

- Кей әріптесіңіз кейіпкерімнің тағдыры өмірімде қайталанды деп жатады. Мұндай жағдай сізде кездесті ме?

- Жоқ, кейіпкер, рөл - басқа. Мен және менің өмірім - басқа. Образға кіру де, шығу да түк қиындық туғызбайды. Мен кәсіби актермін. Бізге білім беру барысында қалай кейіпкерді жүрекке қабылдамай ашуға болады, сезінуге болады, соның барлығын үйретеді. Оқыған актер мен оқымаған актердің басты айырмашылығы - рөлді сезінуінде ғой. Кейіпкерін сезінбеген кезде жасандылық орын алады.

- Төлқұжатым болған рөл деп сомдаған қай кейіпкеріңізді айта аласыз?

- Менің әлі төлқұжатым болған рөлім жоқ. Күтіп жүрмін. Бірақ ол комедия жанрында болмайтыны анық. Менің нағыз төлқұжат кейіпкерім драма, трагедия бағытындағы фильмдердің басты рөлі шығар деп ойлаймын. Мені көргенде көрермен сол кейіпкерді еске алуы керек қой. Тіпті жай ғана өмірде сол кейіпкермен аттас есімді естігенде мені еске алуы керек. Әзірге мұндай ассосация беретін рөлім кездеспеді.

- Сұхбатқа уақыт бөлгеніңізге рақмет!

Автор: Жанар Тайырқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2061591-akter-nysanbek-zubanaev-ne-sebepti-tek-zagymsyz-rolderimen-tanylganyn-tusindirdi/

pixel