"Қыздар үшін тұрмыс құру фобияға айнала бастаған": актер Еркебұлан Тоқтар қашан үйленетінін айтты
Жарияланған күні:
"Ең сымбатты актер" атанған Еркебұлан Тоқтар соңғы кездері кино әлемінен өте сирек көрінетін болған. Мұның сырын актер KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұқбатында айтты. Одан бөлек ол табысы, жеке өмірі, бойдақтықпен қашан қоштасатыны туралы сұраққа жауап берді.
Еркебұлан мырза, сұқбатқа келіскеніңізге рахмет. Әңгімені шығармашылық жаңалықтан бастайықшы. Еркебұлан Тоқтарды қандай жаңа кинокартиналардан көреміз?
Жуық арада мені кинодан көре алмайсыздар. Себебі 2024 жылдың жартысын тек төбелеске арнағым келіп тұр. Киноға түсу оңай емес. Уақытты, энергияны, фокусты талап етеді. Егер мен күнде киноға көңіл бөлсем, шаршы алаңға күшім қалмайды. Жекпе-жектен үздік болу үшін таңнан кешке дейін залда жүру керек.
Жекпе-жек хобби ме, әлде табыс көзі ме?
Қазір табыс көзі десем де болады. Ал енді бастаған кезде жекпе-жек мен үшін хобби болатын. Алғашқы кезде оны табыс көзі деп көре алмадым. Ең алғашқы төбелеске 300 мың тг алған едім.
Ал қазіргі гонорарыңыз қандай?
Ол енді түрлі болып өзгеріп отырады. Шаршы алаңдағы әрекетіме, ұзақ созып, жақсы соққы көрсетіп, шоу жасап төбелесуіме байланысты төленеді. Енді 300 мың тг, кем дегенде төрт-бес есе қымбат деп айта аламын.
Әлеуметтік желідегі хайпқа көзқарасыңыз қандай?
Халыққа 100 пайыз ұнау мүмкін емес. Танымалдылық артқан сайын сын да, теріс пікір де көбейе береді. Бірақ маған тіркелгендер мені жақсы көреді. Мені қолдайды. Өзімнің қолдаушыларым үшін тынбай еңбек ете беремін.
Кинопродюсерлердің бір тобы сізге "ТОП-5 қымбат актердің бірі" деп сипаттама берген еді…
Жоқ, мен қымбат гонорар сұраймын деп айта алмаймын. Орташа сұрайтын шығармын. Немесе сіз сұқбаттасқан продюсерлер ең қымбат актерлердің түсірілім күніне қанша сұрайтынын білмейтін шығар.
Кинодан алған ең қымбат гонорар қанша?
Нақты қанша екенін айтпай-ақ қояйын. Бірақ салоннан ортаңқол көлік сатып алуға жетеді.
Жақсы табыс табасыз. Кинода да, жекпе-жекте де өз орныңыз бар. Енді қашан үйленуге ниеттісіз?
Бұйырған кезде сіздерді де шақырамын. Бірақ қазір менің байқағаным – қыздардың тұрмыс құруға деген фобиясы пайда болғандай. Қазір қыздар жұмыс істеп, жағдайын көтеріп алған соң тұрмысқа шығамын деген оймен өмір сүреді.
Жағдайын жасап, тұрмысқа шығудың несі жаман?
Әрине, ол жақсы ғой. Бірақ тұрмысқа шықсам зорлық-зомбылық көріп қаламын-ау деп қорқып жүру дұрыс емес. Бір-біріне сену керек, қолдау керек. Ал мұндай фобия ертең қазақ қыздарының басқа елдің азаматтарына тұрмысқа шығып кетуіне себеп болады. Сондықтан позитивті ойлап, өмір сүру керек.
Автор: Жанар Тайырқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2098754-qyzdar-ushin-turmys-quru-fobiiaga-ainala-bastagan-akter-erkebulan-toqtar-qashan-uilenetinin-aitty/