Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тірі қалғанымыз алға жүре бердік": Ақтөбе облысында қалған жалғыз майдангер ұрыс алаңындағы күндерін еске алды

Опубликовано:

Василий Грецкий
Василий Грецкий. Фото: KAZ.NUR.KZ

Василий Грецкий – Ақтөбе облысындағы жалғыз соғыс ардагері. 100 жастағы майдангер Хромтау ауданында тұрады. Қария таңғы жаттығуын жасап, салауатты өмір салтын ұстанады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Хромтаулықтар Жеңіс күнін ардагердің ауласында атап өтті. Майдангерді облыс әкімі, әскери қызметкерлер, ардагерлер және қала тұрғындары құттықтап барды.

Президенттің құттықтау хатын табыстаған Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров соғыс ардагерінің пәтеріне күрделі жөндеу жасалатынын айтты.

Ғасыр жасаған қария әлі де тың.

"Жеңіс күні құтты болсын! Бәріңе мықты денсаулық тілеймін. Елде тек тыныштық болсын. Қайғы-қасірет болмасын. Ұрпақ ашық аспан астында өмір сүрсін. Бұл жеңістің оңай келмегенін немере, шөбереміз ұмытпауы керек", - деді майдагер.

Василий Грецкий 1924 жылы Беларусь елінде дүниеге келген. Шаруа отбасынан шыққан ол бала күнінен өмірдің қиындығын көріп өскен. 11 жасында әкесі қуғын-сүргінге ұшырап, үш ағасы, екі әпкесімен бірге Қазақстанға жер аударады. Әкеден ерте айрылған ол жастайынан еңбекке араласты. Бауырларымен бірге Шу даласында мақта терген. Соғысқа әуелі ағалары, кейін өзі аттанады. Балалық шағы мен майдан алаңындағы әңгімесін сағаттап айтып беруге бар.

"Соғысты алғаш рет Воронеж облысындағы Лиски станциясында көрдім. Сарбаздар мінген вагонға шабуыл жасалды. Бомбалар жарылды. Аман қалғандарды Мәскеу арқылы Брянск орманындағы ұрыс алаңына жіберді. Жау әскері ауылдағы адамдарды ата бастады. Біз барынша қорғандық. Сол жерде көп әскер жараланды. Тірі қалғанымыз төпеп, алға қарай жүре бердік", - деді сұрапыл кезді есіне алған жауынгер.

Василий Иванович Беларусь, Украина, Польша елдерін азат етуге қатысқан. Жеңісті Берлин түбінде қарсы алған жауынгерлердің бірі. Майдангер үш рет жараланған. Пулеметші 1946 жылы елге оралды. Кейін 40 жылдан аса теміржол саласында еңбек етті. Үш бала өсірді. Бүгінде олардан алты немере мен 13 шөбере сүйіп отыр.

"Әкем өзінің кең пейілінің арқасында осы жасқа жетіп отыр. Күнделікті жаттығу жасайды. Ол сабырлы адам. Дауыс көтермек түгілі, жаман сөз айтып көрмеген. Бақытты балалық шағы болмаған. Есейгенде соғыс даласында жүрді. Бірақ бізге бақытты ғұмыр сыйлай білді. Анаммен 65 жыл бірге тұрды. Үнемі ақылын айтып отырады. Өте жомарт, қайсар азамат", - деді майдангердің қызы Наталья Жемчужина.

Сан мәрте ерлікке барған қарт жауынгердің омырауында "Қызыл жұлдыз", II дәрежелі Отан соғысы ордендері бар.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2097899-tiri-qalganymyz-alga-zhure-berdik-aqtobe-oblysynda-qalgan-zhalgyz-maidanger-urys-alangyndagy-kunderin-eske-aldy/