Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қырқынан шыққан соң әжесінің бауырына бердік": актер Шерхан Пірназар бала тәрбиесі туралы ойын айтты

Опубликовано:

Шерхан Пірназаров отбасымен
Шерхан Пірназаров отбасымен. Фото: instagram.com/sherhanpirnazar

Шерхан Пірназар – қазір продюсерлер арасында сұраныстағы актерлердің бірі. Жақында көрерменге жол тартқан фильмде әскери адамның рөлін сомдаған актер тұсаукесерде KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат беріп, отбасы, бала тәрбиесі, кино әлеміндегі жаңалықтары туралы айтты.

Шерхан мырза, жаңа фильмдегі рөліңіз құтты болсын. Кастинг арқылы келдіңіз бе әлде арнайы шақырту болды ма?

Мен бұл фильмге шақырту алдым. Кастингке қатыспадым. Соңғы кездері кастинг аралайтын уақытым жоқ. Кастинг директорлары немесе продюсерлер өзіме тікелей хабарласып, шақырып жатады. Мен сценарий жағын, уақытын қарап, көңілімнен шығып жатса, келісемін. Осыдан бірнеше жыл бұрын кастинг аралаудан шебер болдық қой. Бағымызды ашқан рөлдерден соң өздері хабарласатын болды.

Ал өзіңіз әскерге бардыңыз ба?

Жоқ, барған жоқпын. Бірақ әскери салада қызмет етуді қатты армандадым. Тіпті 2010 жылы әскери салаға оқуға тапсырдым. Бірақ өкінішке қарай түсе алмадым. Есесіне бүгін сәл де болса сол саланың кейіпкерлерін сомдап, дәмін сезіп көрдім.

Фильмде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін ағайдың рөлін сомдайсыз. Мектепте ол пәнді қалай оқыдыңыз?

АӘД сабағына бейім болдым. Әсіресе автоматты шашып, құрудан әрдайым рекорд жасап жүретінмін. Және мерген болдым. Әр атқан оғым діттеген нүктеге дәл түсетін. Бізді жігітке тән мінезге, төзімділікке тәрбиелеген АӘД пәнінен берген ағай шығар деп ойлаймын. 16 жасымда жеке төлқұжат аламыз ғой. Мені халыққа қызмет көрсету орталығына суретке түсуге шақырды. Сынып жетекшіміз сабақтан босатып, рұқсат беріп жіберген еді. Бір кезде ағайым телефон шалып тұр ғой. Бүкіл шаруаны тастап, сабаққа жүгіріп келдім. Басқа сабақ болса, келмес те едім. Ағайдан қорыққаннан қайтып келдім. Әйтпесе ертесіне аямай жаза қолданып, ұратынын білемін.

Қазір мектепте баланы ұру былай тұрсын, ұрысса "жеке шекарасына өтіп кетті" деп шулайтын ата-аналар көбейді. Сіздің ойыңыз қандай?

Иә, біздің уақытымызда ұстаздарымыз ұрса да, ұрысса да ата-анамыз артық араласпайтын. Себебі бізге жақсы болсын деген ниеттері деп түсінетінбіз. Мұғалімдер де ұрғанда көк ала қойдай сабап тастамайтын. Ұстазға деген құрмет болуы керек. "Неге балама ұрыстың?", - деп мектепке жетіп бару дұрыс емес. Және кішкентай балаларды да шектен тыс ұруға болмайды. Бәрінде баланс болу керек. Жалпы оқушы ұстаздың қабағынан қорқуы керек деп ойлаймын.

Сүйікті жұбайыңыз да киноиндустрияға жақын екен. Шатаспасам, кастинг директор ғой. Бір үйде екі шығармашылық адамның болуы қиын емес пе?

Жоқ, біз жаспыз. Бір-бірімізді түсініп, қолдап отырамыз. Ол кісі жобасы басталатын кезде алдын ала ескертеді. Түсірілім қайда болады, қанша уақыт болады – соның бәрін алдын ала ақылдасып отырамыз. Бірақ менің шығармашылығым бір қадам алда екенін жасырмаймын.

Екеуіңіз де үнемі түсірілімде жүресіздер. Оның үстіне кино әлемінде тұрақты жұмыс кестесі болмайды. Бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлесіздер?

Бала тәрбиесімен толықтай әжесі, яғни анам айналысады. Екі баламды қырқынан шыққан соң әжесінің бауырына бердік. Ол кісі өзі тамағын береді, киіндіреді, еркелетеді. Мен өзім де ата-әженің бауырында өскен баламын. Шүкір, ешкімнен кем емеспін.

Десе де, ата-анасынан бөлек өскен балалардың "психологиялық жарақаты болады, әке-шешесіне өкпелеп өседі" деген пікір де бар…

Егер әке-шешесі мүлдем қарамай тастап кетсе, реніш болатын шығар. Бірақ біз балаларымыздың жанындамыз. Біздің де, анамыздың да махаббатына бөленіп өсуде.

Қазір театрда да, кинода да, тіпті отандық арналарда да тележүргізуші ретінде жұмыс істеп жүрсіз. Бәріне қалай үлгересіз?

Оңай, бәріне үлгеріп жүрмін деп айта алмаймын. Кейде театрдан, кейде телеарнадағы жұмыстарымнан сұранып түсірілімге барып жүрмін. Жұмыссыз жүріп шаршағаннан, жұмыстың көптігінен отыруға уақыт болмай шаршаған дұрыс деп ойлаймын. Әр ісімнен ләззат аламын. Студент кезімде барлық түсірілімге, театрға үлгеретін, ұстаздық ететін аға-әпкелерді көргенде қызығатынмын. Шүкір, сол күнге де жеттім. Менің әр ісімде түсіністік танытып жүрген әріптестеріме алғысым шексіз.

Қандай рөлдерді армандайсыз?

Менің басты мақсатым – бір форматта қалып қойғым келмейді. Тек драма немесе тек комедия актері болғым келмейді. Барынша өзімді барлық бағытта, түрлі жанрда шыңдағым келеді. Режиссер қандай талап қойса да, мен орындауға дайынмын.

Сұқбаттасқан Жанар Тайырқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2099339-qyrqynan-shyqqan-song-azhesining-bauyryna-berdik-akter-sherhan-pirnazar-bala-tarbiesi-turaly-oiyn-aitty/