Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тіліміз ұзын": Сара Тоқтамысова тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты ойын айтты

Опубликовано:

Сара Тоқтамысова
Сара Тоқтамысова. Фото: instagram.com/sarkanai

Ақын, айтыскер Сара Тоқтамысова Instagram желісіндегі парақшасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазба жариялады. Ол өз сөзінде отбасылық мәселені әлеуметтік желіде талқылау дұрыс емес екенін айтты.

Айтыскердің сөзінше, қазір желіде отбасылық мәселені сарапқа салу көбейген.

"Қазір бізге біреудің өмірі өте қызық. 24 сағаттың 18 сағатында "әйелі былай депті", "күйеуі не жауап берді екен" деп бөтен отбасының парақшасын аңдумен отырамыз. Жұбайлық өмірдің түрлі сәттері болады ғой. Соның бәрін Instagram желісіне сала беруге қарсымын өз басым. Қазір әлеуметтік желіде отбасылық өмірді талқылау желдей есіп кетті", - деді ол.

Ақын зорлық-зомбылыққа түбегейлі қарсы екенін де жасырған жоқ.

"Мен зорлық-зомбылық, ұрып-соғу дегенге түбегейлі қарсымын. "Қарсы емеспін" дейтін әйел жоқ шығар. Қисық қабырғаңнан жаратылған жанды өз әлеміңе сай етіп түзеп аламын деу – ең ақымақ еркектің қағидасы. Оны ұрып-соғып тәрбиелей алмайсың. Егер әйелің көзіңе жын боп көрінсе, басқа жолын тап. Одан ба босата сал. Ұрып-соғып, әке-шешесінен боқтап жөнге салу деген бос әурешілік. Әйелге қолын тигізіп, әке-шешесінен боқтаған күні еркек өзінің "еркек" деген құнын түсіріп алады. Осыны ойлаңдар, азаматтар", - деп жазды Сара Тоқтамысова.

Айтыскер бұл мәселенің екінші ұшы бар екенін де айтты. Ол қанша жыл отасқан күйеуін күйе жағатын әйелдерге де наразылығын білдірді.

"Мұның екінші жағы бар. Қазақстанда заң шықты екен деп қанша жыл отасқан күйеуін халық жауы ұқсатып ұстап беріп жатқан әйелдер де шығып жатыр. Біздің, әйелдердің, тіліміз өте ұзын. "Қой" дегенде қоя салмай кей жігіттің тілін шығарамыз.

Сондықтан болған жайтты жұртқа жайып, жөнсіз-жобасыз күйеуіне қара күйені жағып, өзі сүттен ақ, судан таза болатын әйелдерді Құдай кешірсін. Ешқашан тек бір жақ кінәлі болмайды, соны сарапқа салып ойлану керек деп ойлаймын. Біреудің өміріне араласып, пікір жазып уақытыңды бос кетірмей, өзіңме айналыс,өзіңе арна уақытты", - деп түйіндеді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2120352-tilimiz-uzyn-sara-toqtamysova-turmystyq-zorlyq-zombylyqqa-qatysty-oiyn-aitty/