"Махаббатпен ойнама сен": Нұрболат Абдуллин айтатын танымал әннің тарихын білесіз бе
Жарияланған күні:
Өткен ғасырдың 80-90-жылдары жастар арасында хитке айналған "Махаббатпен ойнама сен" әнін қазір Нұрболат Абдуллин шырқап жүр. Ретро-туындының алғашқы орындаушысы Тұрғанбай Жайлаубаев әннің тарихына қатысты бар білгенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Тұрғанбай Жайлаубаев — осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын "Махаббатпен ойнама сен" әнін эстрада бағытында халыққа кеңінен танытқан ең алғашқы орындаушысы. Бүгінде ел ағасына айналған өнерпаз Ақтау қаласында тұрады.
Күндердің бір күнінде бүгінгі шоу-бизнес жұлдызы Нұрболат Абдуллин Маңғыстау өңіріне барған сапарында әнші ағасына бұйымтайын айтып, әлгі әнді өзінің репертуарына қосып алды. Алайда "Махаббатпен ойнама сен" хитінің жаңа нұсқасы алғашқы орындаушысы Тұрғанбай Жайлаубаевқа ұнамаған.
"Бір жыл бұрын болуы керек, Нұрболат Абдуллинмен тойда кездесіп қалдық. Сол бала менен "Аға, осы әнді айтайыншы" деп сұрады, "Айта ғой" дедім. Бірақ ол дұрыстап шығара ма деп едім, ол да бір жерге Шатуновтың әуенін салған, бір жерге менің әнімнің мелодиясын салған. Шығарған соң дұрыс аранжировкамен шығару керек еді. Мен ол баланы содан кейін көрмедім. "Мына әнді не істегенің?" деп дұрыстап айтайын деп едім", — деп ренішін жеткізді Тұрғанбай Жайлаубаев.
Алғашқы орындаушының айтуынша, ол "Махаббатпен ойнама сен" әнін 1984-1986 жылдары әскерде жүрген кезде естіпті. Гитара аспабымен ерекше үндесетін туындының авторы, яғни әуенін жазған композиторы әлі күнге дейін белгісіз екен.
"Бұл — көше әні. Сөздің шыны керек, композиторы кім екенін нақты айта алмаймын. Әлдеқашан шығарған болып тұр ғой. Ол кісі өліп те қалған шығар. Бірақ қазір "өтірікші композиторлар" көп қой. Бұрынғы көше әндерін жүгіріп барып өзінің атына аударып алады. Мысалы "мен бұл әнді 1984-1986 жылдары әскерде естідім" десем, кейбіреулер "1970 жылдары мен шығарып едім" деп жатады. Бәрі менен "сенің әнің бе?" деп сұрайды. Бірақ өз басым "мен шығардым" деп өз атыма аудара алмаймын. Біріншіден, Құдайдан қорқатын адаммын. Екіншіден, біреудің жүрегінен шыққан әнді "менікі" деп айтуға ауыз бармайды", — дейді ол.
Бұл ретро-хитті 1987-1988 жылдары Ұлықпан Жолдасов та гитарамен өз ортасында орындапты. Өнер иесінің пайымдауынша, авторы белгісіз туындыға қос ғашықтың махаббат хикаясы себеп болған көрінеді.
"Негізінде бұл ән — нағыз махаббат тақырыбына арналған ән. Кезінде қазақтың балаларының арасында мықты-мықты композиторлар болған ғой. Ол кезде баламыз, білмейміз. Былай қарасаң, әуен келіп жатыр, кетіп жатыр екен ғой. Адам өзінің ән шығаратын қабілетін білмейді де. Сол сияқты осы әннің де авторы өзінің қабілетін білмей кеткен шығар. Шынына келгенде, бұл әнде таза махаббат жатыр", — дейді Тұрғанбай Жайлаубаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2151925-mahabbatpen-oinama-sen-nurbolat-abdullin-aitatyn-tanymal-anning-tarihyn-bilesiz-be/