"Қазір келемін" деп кеткен еді": Жанар Айжанова марқұм күйеуін еске алды (фото)
Жарияланған күні:
Халық әртісі, әнші Жанар Айжанова Instagram желісіндегі парақшасында марқұм күйеуінің бір күн бұрын түскен суретін жариялап, әсерлі жазба арнады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Жанар Айжанованың айтуынша, марқұм жолдасы бір күн бұрын отырыста "Кешікпей келем деп ең" әніне қолқа салып, өзі қосыла орындаған.
"Айжұлдыздың әкесімен түскен суретіміз барлық жерде жүр екен, мен де біреуін қосайын. Мынау қайтыс болар алдындағы бір күн бұрын сыныптастарымен болған соңғы отырысымыз. Маған өзі қолқа салып, "Кешікпей келем деп ең, мен тұрмын елеңдеумен" деген Шәмшінің әнін айтқызып, өзі де қосылып отырған кезі. Құрдастары "Сен де әнші болып кетпе" деп күліп, көңілді кеш болып тарағанбыз.
Ертесіне "қазір келемін" деп кеткен еді, содан оралмады. Елеңдеумен қала бердім. "Қайғысыз адам, күйесіз қазан жоқ" деген осы шығар. Сыртымыздан қараған адамға маңдайына шай тимегендей көрінетін шығармыз. Жатыр ғой бітеу жара ішімізде деп қояйын", - деді Жанар Айжанова.
Мұны оқыған желі оқырмандары халық әртісіне қолдау білдіріп, оң пікір жазып қалдырды.
"Жанар, азаматсың", "Ер адамнан кем емессің ғой", "Ғашық көзбен қарап отырсыз", "Иманды болсын", "Әр адам ашылмаған бір кітап", "Жанар әпке, сіз мықтысыз", "Бір кем дүние, осы кезеңнен де өттіңіз", "Әдемі жұп болған екенсіздер", "Азамат жігіт еді", - деп жазды жұрт.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2169756-qazir-kelemin-dep-ketken-edi-zhanar-aizhanova-marqum-kuieuin-eske-aldy-foto/