Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ән тағдырыңа айналады деген рас екен": дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаеваның өмірбаяны, тағдыры және өнері

Жарияланған күні:

Наркенже Серікбаева
Наркенже Серікбаева. Фото: instagram.com/narkenjeserikbaeva

Бірнеше республикалық, халықаралық әнші-термешілер сайысының лауреаты атанған Наркенже Серікбаева – өнер көшіне кеш қосылғанымен, қалың өнерпаздың ішінде өз биігін иеленіп, ерекше даусымен халық сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген әнші. Ал өнер иесінің бірде қуантып, бірде мұңайтқан өмір жолы кім кімді де бейжай қалдырмасы анық. Бұл мақаладан дүниеге келгенде Кенжегүл атанып, қалың елге Наркенже болып танылған әншінің өмірі мен шығармашылық жолы туралы деректер оқи аласыз.

Наркенже Серікбаева 1983 жылы Өзбекстан Республикасы Бұқара қаласының маңындағы қазақ көп шоғырланған Газли деген ауылда, өнер қуан отбасында дүниеге келген. Өнер қуған отбасы дейтініміз, әншінің әкесі Абдолла Серікбаев танымал жыршы болған, бауырлары да өнерден құралақан емес. Жиын-тойларға барғанда әкесі он бір баланың ішіндегі кенже қызын қасынан бір елі тастамай алып жүріп, өнерге баулиды. Әкесінің арқасында өнерлі қыз алты жасынан бастап домбыра тартып, ән айтып, Соқыр, Базар сынды атақты жыраулардың өнерін бала кезінен көзімен көріп, құлағына құйып өседі.

"Ел, жер басқа болғанымен, қазаны оттан түспейтін, салт-дәстүрді берік ұстанған отбасында өстім. Кішкентайымнан тойларға асабалық етуге құмар болдым. Дастарқан басында әкем мен анама қалыңдық пен күйеу жақтан келген құда-құдағи ретінде сөз беріп әурелейтінмін. Екеуі меселімді қайтармай, тілектерін айтатын. "Енді ортаға әнші қыздарыңыз Кенжегүлді шақырайық!" деп өзімді өзім хабарлап, ән айтатынмын. Балалық шағым осылай өтті", - деп еске алады әнші балалық шағын.

Кенжегүл қалай Наркенжеге айналған?

Өнер иесінің дүниеге келгенде азан шақырып қойған есімі Наркенже емес, Кенжегүл болған екен.

"Кенжегүл деген атымды жүк көтерер нардай болсын деп Наркенже деп атауында да мән бар-ау" деп есімі жайлы толғанған әнші "Оңтүстік Қазақстан" басылымына берген сұқбатында бала күнінен мынандай естелік айтады:

"Анам екеуміз ауруханадағы әкеме бара жатқанымызда, біз қазір бәрін сыған дей салатын болдық қой, әлде тәжік, әлде күрд әйел тоқтатып, менің атымды сұрады. Сосын шешеме: "Қызыңның атын қателесіп қойғансың, бұл – нышанды қыз. Кенжегүл емес, "Наркенже" деп атаңыз" деді. Абдырап жүріп оның сөзіне мән бермедік. Өнерге бет бұрып, сахнаға шыққанымда халық мені "Наркенже" күйімде жылы қабылдады. Сондықтан бұл сыған әйелдің емес, елдің берген есімі деп есептеймін".

Балалық шағы Өзбекстанның Бұқара облысында өткен әнші қыз 1994 жылы отбасымен Түркістан облысының Түлкібас ауданына қоныс аударып, сол жердегі Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектепті тәмамдаған. 2005 жылы Ясауи атындағы университеттің өнер факультетінің актерлік бөлімін бітіріп шығады.

Бала кезінен домбыра тартып, ән айтып, байқаулардан топ жарып жүргенімен, әнші қыз өнер өлкесінде кеш танылды. Оған себеп те жоқ емес. Көпбалалы отбасының тұрмыс жағдайы он бірінші перзентті үлкен сахнаға шығарып, демеу білдіруге мүмкіндік бере қоймаған. Әншінің өзі нәпақа табу үшін пойызда ән айтып, алма, домбыра сатуға мәжбүр болады. Кейін Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияға қабылданып, үлкен сахналарда өнер көрсете бастайды.

Мінезсіздік бар жерде нағыз өнер болмайды. Қазақ әнінің құны түсіп кетуіне мінезсіздердің тигізген кесірі көп. Мінез арқылы өнердегі стиль қалыптасады. Өзіне тән бағыты, стилі жоқ адам кез келген әнді ыңылдауға даяр тұрады. (Наркенже Серікбаева)

"8-9-сыныпта ән айтып, теледидарға шыққан балаларды көрсем, кеудеме өксік тығылатын. Бәйге аңсаған қаңтарулы жүріктей көзімнен жас парлайтын" деген әнші жетсем деген мұратынан танбай ақыры өнер көгінде жұлдыз болып жарқырап, қалың тыңдарманның махаббатына бөленді. Дәстүрді жаңғыртуды мұрат еткен әнші Сыр, Арқа, Батыс, Оңтүстік мақамдарын жетік меңгерген.

"Мына жүрек ендігі жыламасын": әншінің отбасы, махаббаты

Сөз басында өнер иесінің бір қуанып, бір мұңайған өмір жолы кім кімді де бейжай қалдырмасын айттық. Нышанды қыздың өмір жолы кедір-бұдырсыз болмаған – өнер көшіне кеш қосылғаны іспетті сүйгеніне де кеш қосылады.

Әнші екі рет тұрмыста болған. Бірінші жолдасына жастай тұрмысқа шығып, бір қызымен ажырасып кеткен.

"Тағдыр ғой ол. 17 жасар қызбын. Ақыл тоқтатпаған... Екі жақ бірдей демеп отырса, қазіргі жастар да ажыраспас. Мен өте ерке болдым. Он бірдің кенжесі, әкемнің қызы болғанмын. Анам бір-ақ рет ұрған. Онда да ұршығының жібін үзіп тастаған кезде. Әпкелерім, ағаларым ұрмаған. Еркелік қой таза... Ол жақ та демеп: "Ол саған қатын болмайды", - дегеннен гөрі, қосып жіберсе, тағдыр басқа болар еді", - дейді әнші сұқбаттарының бірінде бірінші некесі туралы.

Әнші бірінші жолдасынан ажырасып кеткеннен кейін бірнеше жыл жалғыз жүріп, екінші рет 18 жыл бұрын қыз бен жігіт болып сөйлескен алғашқы махаббатына тұрмысқа шығып, екінші қызын дүниеге алып келеді.

"Соңғы уақыттарда өмірімдегі өзгерістер, құдды түсім секілді болып жүр. Әкесі екеуіміз Хадияшымыздың иісіне мас болып, ұйқысына, күлкісіне, әрбір әрекетіне қызығып, тоймай жүрміз. Жаратқан берген бағынан айырмасын. Түн ұйқыны төрт бөліп, босанғаннан дейінгі, босанғаннан кейінгі әрбір ауырлықты араға 20 жыл салып қайта сезінемін деп ойлаппын ба?! Өмір таңғалдыруымен ғажап екен ғой. Білмеймін, ішімде сөзбен айтып жеткізе алмайтын, бір өзге тұрмақ, өзім түсіне алмайтын қызық сезім болып жүр", - деп жеткізген еді әнші сүйінші жаңалығын.

Наркенже Серікбаева отбасымен
Наркенже Серікбаева отбасымен. Фото: instagram.com/narkenjeserikbaeva

Алайда көп ұзамай өнер иесі жолдасынан қапыда айырылып, тағдырдың тағы бір сынағына тап болады.

Әнші "Ұйқым келмейді" бағдарламасына берген сұқбатында "Ей, махаббат" бейнебаянында марқұм күйеуі екеуінің тағдыры таспаланғанын айтады. Бір қызығы, бейнебаян түсіруге жолдасының өзі ой салып, өзі де түскен.

"Бұл жолдасымның идеясы еді. Өзі сезді ме, осы бейнебаянды түсіргенше асықты. Ән тағдырыңа айналады деген рас екен. Түсіру барысында өте қиын болды. Бейнебаянның тарихы тұтас өзімнің басымнан өткен оқиға. Тағдырымыз десек болады. Теміржол вокзалында алма сатып тұрған да – өзім. 1998 жылы заман қиын болып, алма сатқанмын. Қайтыс болған күйеуім екеуміз сол кезде қыз бен жігіт болып жүретінбіз. Маған өте көп көмектесті. Кейін мен басқа жігітке тұрмысқа шығып кеттім. Тағдырдың жазуы сол болды. Ол кісіден бір қызым бар.

18 жылдан кейін марқұм күйеуіме қайтадан қосылдық. Алматыда шаңырақ көтеріп, Қызылордаға келін етіп түсірді. Ол кезде ол кісі де отбасымен ажырасып кеткен екен. Мен де алғашқы жолдасыммен жараспадым. Бір күні Кеңес Әшірбаев ағамыздың үйіне барғанда ол кісі "Тағдыр" әнін айтып берді. Жолдасым тыңдап отырып, "тура екеуміздің тағдырымыз" деді. Әнді қатты ұнатып, менің орындауымды, репертуарыма қосуымды қалады", - деп еске алады әнші.

Жолдасынан айырылған әнші өнерден кетуді де ойлаған екен, алайда анасының көңілі үшін бұл ойнынан қайтып, қайта сахнаға оралады. Өнер иесінің тағдыр сынағына сынбай, қайта күш алуына қасиетті өнері ықпал еткені анық.

"Наркенже" десе, дәстүрлі әнші ойға оралғанын қалаймын" деген әнші бүгінде мұратына жетті деуге болады. Расымен, "Наркенже Серікбаева" десе, ойға домбырасын серік еткен жез таңдай, күміс көмей әнші, құлақ құрышын қандырып, жүрек қылын шертетін мағыналы да, мәнді әндер орала кетеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2186444-an-tagdyrynga-ainalady-degen-ras-eken-dasturli-anshi-narkenzhe-serikbaevanyng-omirbaiany-tagdyry-zhane-oneri/