Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Құрманай Бақтиярқызының тұңғышы анасының орындалмай қалған арманы мен соңғы сөзін айтты

Жарияланған күні:

Құрманай Бақтиярқызы
Құрманай Бақтиярқызы. Фото: instagram.com/kurmanai_bakhtiarkyzy

Таяуда ғана қазақ өнері қара жамылды. Отандық эстрадада шырқалған талай хит әндердің авторы Құрманай Бақтиярқызы бақилық болды. Тірі болса бүгін, 13 қарашада Құрманай Бақтиярқызы Астанада шығармашылық концертін берер еді. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі ақынның тұңғыш қызы – Ханшайыммен сұқбаттасып, анасы жайлы ерекше естеліктерін жазып алды.

– Ханшайым, анаңыздың иманы саламат болсын. Қайғыңызға ортақпыз! Алғашқы сұрағым, марқұм Құрманай Бақтиярқызы қандай ана еді?

– "Менің анамдай адал жан жұмақ жақта да жоқ шығар" деген Кеңес Әлімжан есімді әншінің әні анама арналғандай... Себебі анамның ешқашан қолы тарылмаған. Көңілі өте жайдарлы еді. Біздің қолымызда жоқ нәрсені жан-жақтағы жетім-жесірлерге, жалғызбасты аналарға қолында барын беріп тастайтын. "Анашым, біздің үйде ертеңге азық-түлік қалмады ғой" деген кезде "қызым, бізде Алла бар ғой" деп айтатын. Ешқашан адамды адаммен салыстырған емес. Екіншіден, менің анам ешкімді жамандаған емес. Сіз кез келген әншіден сұрасаңыз да айтып береді.

– Құрманай Бақтиярқызы өнерде атақты ақын, өмірде аяулы ана. Ізіңізден ерген бауырларыңыз туралы айтсаңыз...

– Мен, Құрманай Бақтиярқызының тұңғышы – Ханшайым. Тұрмыстамын, жолдасым, екі балам бар. 2014 жылдан бері сән саласында жұмыс істеймін, яғни визажист маманымын. Екінші қызы – Толғанай. 21 жастағы сіңілім университеттің 2-курс студенті. Ал үйдің кенжесі, інім Сұңқар қазір 10 сыныпта оқиды.

– Ақын Құрманай Бақтиярқызының алтын асықтай ұл-қыздары бар. Анасының жолын қуып, шығармашылыққа жаны жақыны бар ма?

– Анамның Қарлыға Бақтиярқызы деген ең кішкентай сіңлісі бар. Сол кісі ғана ақындыққа жақын. Үш жылдан бері анамның жолын қуып келе жатыр. Ол кісіні көпшілік "Құрманайдың көшірмесі" деп айтады. Анамның тура жас кезі. Мәселен күні кеше ғана марқұм анамның 40 күндік асына сол сіңлісі өлең шумақтарын шығарып, анам сияқты мәнерлеп оқып, видеосын дайындады.

– Анаңыз Құрманай ханым әрдайым ізденісте жүретін жан еді. Тіпті таяуда Астанада шығармашылық кешін өткізуді жоспарлаған екен. Рас па?

– Иә, 13 қарашада анам Астанада шығармашылық кешін өткізуді жоспарлап отырған. Майра Ілиясова апайға хабарластық. Концертке келетін әншілерге хабарласып жатқан едік. Анамның сөзіне жазылған әндерді айтып, анамның өзі халықтың алдына жаңа образда шыққысы келді. Одан кейін алдағы уақытта жасайтын бір отасы бар еді. Бір жағынан сол операцияға концерттен түскен қаржыны жұмсайды. Сондай күшті жоспар жасап жатқанбыз. Амал қанша..?

– Концерт жоспарланған, күні белгілі, әншілердің тізімі де дайын екен. Бірақ ақынның өзі ауруханада жатыпты. Соған қарағанда сырқаты сыр берген секілді?

– Анам осы уақытқа дейін жеті операция,жеті рет наркоз қабылдады, 17 күн комада жатты. Осындай қиындықты өткергеннен кейін анама ештеңе етпес деп ауруханаға апарған едік. "Концертке дейін сәл күш жинап алайын" деп, анам ауруханаға жатты. Өз аяғымен барды, шұғыл жағдайда түскен жоқ. Айта кетейін, менің 26 қазанда туған күнім еді. Ал 25 қазанда анамды құттықтап, ауруханаға барып, шекесінен сүйіп қайттым. 26 қазанда туған күнімді тойладық, анаммен видеоқоңырау арқылы сөйлестім. "Қызым, алтыным, бәрі жақсы. Уайымдама. Мен осы жерден аттай болып шығамын. Алла қаласа, концертті абыроймен өткіземіз" деді. Сөйтіп 27 қазан сырқаттанып қалыпты. 28 қазанда таңертең ауруханаға барып, анамды көреміз деп отырғанбыз. Барсақ, дәрігерлер келді де: "Анаңыз қатты нашарлап кетті, үзіліп кетті", - деді. 28 қазан таңғы 10:30-да жеткізді.

– Құрманай Бақтиярқызы туралы қаралы хабарды естігенде қайғырмаған қазақ қалмады. Анаңызбен өмірде шығармашылық байланыс орнатқан өнер жұлдыздары әлеуметтік желідегі жеке парақшасына салып, халықты құлағдар етті. Сол сәтте әншілердің анаңызға деген ерекше құрметін байқадық...

– Әншілердің барлығына алғысым шексіз. Ол кісілер ақшалай да, былай да көмектесті. Өткен аптаның сенбі күні Сәкен Майғазиев пен Мейрамбек Бесбаев келіп кетті. Одан бір күн бұрын Қарагөз Сүлейменова келді. Барлығы анамды еске алған кезде жай ғана тұру мүмкін емес. Аллаға шүкір, анамның абыройы деп білемін. Алтынай Жорабаева келді. Барлығы келді. Жаназасында да қасымызда бірге болды. Қазақ эстрадасына алғысым шексіз.

– Қазақтың ақыны Құрманай Бақтиярқызы өзі өмірден озса да, өлеңнен өлмес мол мұра қалдырды. Ол кісі жазған әндер әп-сәтте хитке айналатын. Алдағы уақытта анаңыздың шығармашылығын насихаттауды қолға алғалы отыр екенсіздер?

– Анамның жарыққа шыққан "Толғанай", "Жан серігім – қаламым" және "Құрманайдың құнды сөздері" деген үш кітабы бар. Дәл қазір қолымызда тек "Құрманайдың құнды сөздері" деген кітабы ғана. Алғашқы екі кітабын өзіміз Алматыға барып, баспаханада шығарып, басқа да құнды сөздерін қосып, кітап ретінде жинақтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ Instagram-дағы парақшасын да өшірмей, бар оқырмандарымен ары қарай анамының шығармашылығын дәріптеуді көздеп отырмыз. Біздің үйде парақтан парақ қалмайтын, анам отырып жаза береді. Сол парақта жазылған өлеңдері әлі әлеуметтік желіге шықпаған. Сол өлеңдерін оқырмандарға жариялап отырамыз.

– Ақынның ұл-қыздары ретінде сіздердің алдағы жоспарларыңыз туралы білсек... Құрманай Бақтиярқызының қандай армандары бар еді?

– Ендігі жоспарымыз – анамның абыройын түсірмей, ары қарай алып жүру. Анамның маған тастаған екі аманаты бар: інім мен сіңлім. Оларды құтты орнына қондыруым керек, інімді үйлендіруім керек. Анамның армандарын бірге отырып блокноттарға жазатынбыз. Анамның армандары өте көп еді. Мешіт салсам, ата-анаммен, балаларыммен бірге қажылыққа барып келсек дейтін. "Қызым, осыдан жазылып кетсем, сол жаққа қарай көшеміз бе?" деп анам күлуші еді. Өмірінің соңына дейін бәрімен хат алмасып тұрған. Тіпті ауылдағы жаңадан түскен келіндерінің бәрін шайға шақырып, өзінің кететінін білгендей, сезгендей өзінің бар шапанын үстілеріне жауып жіберген ғой. Анамның үйі, көлігі өзінің ұл-қызында қалды. Ұл-қыздары материалдық жағдайдан еш қиындық көрмейді. Бір өкініштісі – 2025 жылы 24 мамырда анам 50 жасқа толар еді. Сол сәтті көре алмай кетті...

– Ханшайым ханым, тас түскен жеріне ауыр. Тағы да қайғырып көңіл айтамыз. Ақын Құрманай Бақтиярқызының әндерімен де, өлеңдерімен де әлі талай буын сусындап өсететініне сенімдіміз әрі ол кісінің есімі әрдайым ел есінде болары анық. Уақыт бөлгеніңізге, сұқбат береніңізге алғыс айтамыз.

– Сіздерге де рақмет! Аман-сау болыңыздар!

Автор: Серікқазы Аязбаев

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2186679-qurmanai-baqtiiarqyzynyng-tunggyshy-anasynyng-oryndalmai-qalgan-armany-men-songgy-sozin-aitty/