Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қиын кезеңдер де болды": Нұрлан мен Мұрат орындайтын "Шашы ұзын қыз" әнінің авторы туралы не білеміз

Жарияланған күні:

Нұрлан мен Мұрат
Нұрлан мен Мұраттың жастық шағы. Фото: instagram.com/nurlan_murat_toby/

2000 жылдары қазақ эстрадасындағы хит шерулердің үздік үштігінен түспеген "Шашы ұзын қыз" әні әлі күнге дейін жұрттың жадында. Бұл хитті әйгілі "Нұрлан мен Мұрат" дуэті шырқаған еді. Ал аталмыш туындыны жазған сазгердің тағдыры сынаққа толы. Бүгінде Ақтауда тұратын зейнет жасындағы композитормен KAZ.NUR.KZ тілшісі сұхбаттасты.

Шашы ұзын қыз, қандай сұлусыз, Қырдың гүліндей, құлпырып тұрсыз. Шашы ұзын қыз, жанары мұңсыз, Күндей күлімдей, нұрланып жүрсіз...

"Нұрлан мен Мұрат" дуэтінің жұлдызын жаққан "Шашы ұзын қыз" әнінің әуенін ақтаулық Ғалымжан Сағымбаев есімді жігіт жазған. Кезінде Ұлықпан Жолдасовпен бірге "Маңғыстау" ансамблін құрып, "Азия дауысы" байқауына да қатысқан. Өнерпаз бүгінде 64 жаста. Музыкалық білімі жоқ әуесқой сазгер бала кезден өнерге құштар боп өседі. Күндердің күнінде жолға шығып, сол сапарында Қалдыбек Ділжанов атты жерлес ақынмен ойда-жоқта танысады.

"Әлгі Қалдыбек деген ақын жігіт өзімен бірге өлеңдері жазылған кітапшасын алып жүреді. Жол-жөнекей маған өлеңдерін көрсетті. Сол блокнотының ішінде "Шашы ұзын қыз" деген өлеңді жазған екен. Осыған ән керек екенін айтты. Сол кезде менің сазгерлік мансабым басталды. Ол ақын жігіт кейін марқұм боп кетті. Оның алдында да бір-екі әнім бар еді, бірақ жұртқа көрсетуге ұялып жүретінмін. Өзім ғана орындап жүрдім. Ал "Шашы ұзын қыз" деген өлеңге ән шығарып, біз ең алғаш "Азия дауысы" байқауында орындадық. Содан кейін сол байқауда "Сүгірдің термесі" деген туындыны орындадық. Бір айдан кейін Қыдырәлі Болманов бізді іздеп, арнайы Ақтауға келіпті. Кездесіп, сол "Сүгірдің термесін" бізден сұрап, рұқсатын алып, сөзін жазып алды. Ол кезде Қыдырәлі енді шығып жатқан жас әнші еді", - дейді сазгер Ғалымжан Сағымбаев.

Талантты сазгер бұл сұхбатында "Нұрлан мен Мұрат" тобымен ең алғаш танысқан кезін еске алып, "Шашы ұзын қыз" хиті сол кезеңдегі қоғамға қалай әсер еткенін де айтты.

"Нұрлан да, Мұрат та қасымда жүрген інішектерім. Нұрлан Атыраудың жігіті, Мұрат Жаңаөзен қаласынан. Өздері келіп менімен танысты. Біздің орындап жүргенімізді естіп, Нұрлан мен Мұрат "Шашы ұзын қыз" әнін сұрап алды. Мен әнді еш қарсылықсыз бердім. "Нұрлан мен Мұрат" тобы бұл әнді өте тамаша шығарды. Ел білді, 2004-2006 жылдары бұл ән хит болды. Бір айта кетерлік қызықты оқиға бар. Жалпы, қазақ халқы қыз бала туғаннан бастап үлкен көңіл аударады ғой. "Қыз бала – жат жұрттық" деп те жатады. Қызды төрге шығарады дегендей... Дәл осы "Шашы ұзын қыз" әнінен кейін қазақ қыздары шашын өсіре бастады. Қазақстанда сондай тенденция белең алды. Бұл әннің бір үлесі – осы. Сөздері ойнақы. "Алма мойын, қиғаш қас, қызыл ерін, көргендеймін бұл күннің Қыз Жібегін" деген сөздер тамаша ғой. Қандай поэзия! Қалдыбек ақын сондай жеңіл жазатын еді, жақсы жазатын еді. Ал Нұрлан мен Мұратпен қарым-қатынасым өте жақсы. Мұрат қазір Ақтауда, театрда қызметте. Кей кезде тойға шақырып, өлең айтып кетуін өтінгенде, ешқашан бас тартпайды, ақша да сұрамайды. Нұрлан да солай. Оларға рақмет", - дейді әннің авторы.

Ғалымжан Сағымбаев хит жазса да еңбегіне қаламақы алмаған. Алғашқыда өзінің бағын өнерде сынап көргісі келгенімен, кейін бизнеске бет бұрыпты.

"Осы күнге дейін "мен өнерді сатпаймын" деген өзіме серт бердім. Қазір хит әндердің бағасы 2500-3000 долларға дейін барады екен. Бірақ мен қанша ақшасыз жүрсем де бір әнімді сатып көрген жоқпын. Үйде нан болмаған кездер де болды, қиын кезеңдер де болды. Қарызға кіріп кеткен кездер де болды", - деп композитор ауыр тағдырын баяндап берді.

Бүгінде өнерден қол үзгенімен, тасада қалған талант анда-санда ән айтып, әуендер жазып тұрады екен. "Нұрлан мен Мұрат" тобы орындаған "Шашы ұзын қыз" әнінен бөлек әуесқой сазгер Ғалымжан Сағымбаевтың авторлық туындыларын отандық шоу-бизнестегі Бауыржан Исаев, Ақылбек Жеменей сынды танымал өнерпаздар шырқап жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2188107-uiim-zhoq-qaryzym-kop-nurlan-men-murat-oryndaityn-shashy-uzyn-qyz-anining-avtory-turaly-ne-bilemiz/