"Бидайдың бағасы кебектің құнымен теңесті": тобылдық диқандар жанайқайын айтты
Жарияланған күні:
Биыл бидайдың бағасы өткен жылмен салыстырғанда 30-45 мың теңгеге арзан. Астық өндірушілердің айтуынша, ұн тартатын кәсіпорындар 4-санатты астықтың тоннасын 45 мың теңгеден қабылдап жатыр. Бидайдың бағасы мал азығы - кебектің құнымен теңесіп қалған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Облыстық фермерлер одағының басшысы әрі серіктестік директоры әрі "Азат и Д" серіктестігінің басшысы Марат Ахметов биылғы молынан шыққан егіннен аса пайда көрмейміз бе деп алаңдаулы. Осы жылы астық бітік шықты. Қостанай облысында 6 млн тоннаға жуық дәнді-дақыл жиналды. Диқандар енді мол өнімді қайда, қандай бағаға сататынымыз белгісіз дейді.
"Барлық ұн тартатын диірмендер астыққа толған. Кәсіпорын басшыларының айтуларынша қоймаларда ұн да, бидай да қап-қабымен үйіліп жатыр. Ірі диірмендер астықты көп қабылдай алмайды. Қаншалықты сатып жөнелтеді, соншалықты мөлшерде қабылдайды. Бағасын әр фирмамен әрқилы келісіп жатырмыз, өте арзан бағаға кетіп жатыр" - дейді астық өндіруші Марат Ахметов.
Егін жинау науқаны аяқталғаннан кейін қоймалар астыққа толды. Тауар көп, сұраныс аз. Мұндайда нарық заңына сәйкес баға да арзандайтыны һақ. Бидайдың бағасы өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай түсіп кеткен. "Зуевка" ЖШС басшысы Александр Бородин жиған-тергенін арзанға бергісі келмейді.
"Біз өсірген бидайдың бағасы оның қабығының, яғни кебектің құнымен теңесіп қалды. Ұн тартушылармен сөйлескенде олар шаруалардан астықты тоннасын 45 мың теңгеден қабылдап жатқанын айтты. Республика бойынша барлық жерде осындай жағдай", -дейді Александр Бородин
Еліміздегі астық бағасын бекітетін басты ұйым "Азық-түлік корпорациясы" ұйымы. Диірмендер мен бидай сатып алушылар осы корпорация ұсынған бағаға қарай астықтың саудасын жасайды. Бұл ұйым биыл бидайдың құнын өткен жылмен салыстырғанда 30-45 мың теңгеге арзандатқан. Мысалы 2023 жылы 3-классты бидайды 130 мың теңгеден қабылдаса, биыл 85-90 мың теңгеден алып жатыр.
Бидайға сұраныс азайып кеткен соң, оны сатылғанша ұзақ сақтауға тура келеді. Сондықтан диқандарды элеваторлар мәселесі алаңдатып отыр. Өйткені қазір астықты кептіріп, элеваторда сақтамаса бұзылып кетуі мүмкін. Қостанай облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының айтуынша, жиналған мол астық бұзылмайды да, далада да, қалмайды. Бұл үшін өңірдегі элеваторларда орын жеткілікті. 35 лицензиясы бар кәсіпорынның астық қабылдау қоймаларының сыйымдылығы 3 млн тонна.
"Элеваторларға 1,5 млн тонна астық құйылды, яғни 50 пайызға толы. Сондықтан "элеваторлар толып қалып, астық қабылдамай жатыр" деген дұрыс ақпарат емес. Элеваторларда кезек жоқ, тауарды қабылдап жатыр", - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов.
Жылда қараша-желтоқсан айында астықтың бағасы өсіп, артынша ұн, макарон өнімдері де қымбаттайтын. Ал биыл бұл қымбатшылыққа негіз жоқ. Тек диқандар ғана шығын шегуі мүмкін. Алдағы уақытта осылай ұтылып қалмас үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егістікті әртаптандыру жолын ұсынып отыр. Биыл аймақта 3 млн 670 мың гектарға бидай егілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 130 мың гектарға аз. Осы жылы майлы дақыл еккендердің жолы болып тұр. Биыл рапстың бір тоннасының құны 180-185 мың теңге. Бидаймен салыстырғанда 100 мың теңгеге артық.
Автор: Айнұр Нұрмағамбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2187599-bidaidyng-bagasy-kebekting-qunymen-tengesti-tobyldyq-diqandar-zhanaiqaiyn-aitty/