Майра Ілиясова "Халық әртісі" атағын алғанда қай әріптесінен қатты ыңғайсызданғанын айтты
Жарияланған күні:
Майра Ілиясова биыл Республика күні қарсаңында "Халық әртісі" атанды. Өнер иесі бұл марапатқа бұған дейін де бірнеше мәрте ұсынылғанын айтады. Аталмыш атақ әншіге былтыр неге бұйырмады? Біздің елде "Халық әртісіне" қандай жағдай жасалған? Бұл атаққа тағы кім лайық? Халық әртісі KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында осы сауалдарға жауап берді.
Майра Ілиясова Астана қалалық филармониясында жұмыс істейді. Өткен жылы дәл сол өнер ошағының басшысы құжаттарды толтырып, қол астындағы әншіні "Халық әртісі" атағына үміткер ретінде ресми түрде тіркеген. Алайда сәттілік серік болмапты.
"Сол Астана қалалық филармонияның директоры "Майра апай, сізді "Халық әртісі" атағына ұсындық. "Эстрада өнері" бағыты бойынша бір ғана адамға беріледі екен. Сіздер үш адам түсіп жатырсыздар. Бірақ сіздің қарсыласыңыз мықты. Ескертіп, айтып қояйын" деді. Мен күлдім де олардың кім екенін сұрадым. Сөйтсем Димаш Құдайберген мен Нұрлан Өнербаев екен. Нұрлан екеуміз көбінесе бір ортада жүреміз негізі. "Бұл жерде бір адамға берілетін болса, онда шаппай бәйге алатын Димаш қой. Біз Қазақстанды бағындырсақ, ол әлемді бағындырып отыр" деп бірден айттым. Сонымен бірінші жылы Димаш Құдайберген "Халық әртісі" атағын алды. Негізі Димашты 9 жасында өзім сахнаға шығармын. Өзімнің балам сияқты, атақ алғанына қуандым. Димаштың ата-анасымен 25 жылдан астам уақыт болды туыс сияқты араласамыз", - дейді Майра Ілиясова.
Астанадағы филамония директоры араға бір жыл салып Майра Ілиясованы тағы да "Халық әртісі" атағына ұсыныпты.
"Директор биыл бұл марапатқа менен басқа тағы кімдердің ұсынылғанын айтпады, мен де сұрадым. Бір күні түнгі 11:00-де бір қыз ентігіп қоңырау шалды "Майра апай, сәлеметсіз бе? Президент аппаратынан хабарласып тұрмын. Шұғыл түрде суретіңіз керек" дейді. Олар не үшін екенін айтпады, мен де сұраған да жоқпын. Осыдан 5-6 жыл бұрын түскен суреттерім бар еді, соны апарып бердім. Содан кейін маған хат келді. Президенттің жарлығымен Майра Ілиясова "Қазақстанның Халық әртісі" деп жазылған. Содан кейін шақырып, кеудемізге тақты. WhatsApp-та бірден құттықтаған адамдардан 500 хабарлама келді, тіпті оқуға шамам келмей қалды. Танымайтын адамдардың мен үшін қуанып жүргеніне таңғалдым", - дейді Халық әртісі.
Майра Ілиясова бұл сұхбатында "Қазақстанның Халық әртісі" атағын иеленген өнерпаздарға мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылғанын да ашық айтты.
"Осыдан екі-үш күн бұрын Президенттің іс басқармасынан шақырып, бірден тіркеуге қойды. Мені күтіп алды, бір медбикені берді. Тап-таза бөлмелер, кезекте тұрған адамдар жоқ. Дәрігерлер тұрып қарсы алып жатыр, керемет тексерді. Бір тиын ақша да алмайды екен, сонда атақты сезінеді екенсің. Енді Оқжетпеске 13-23 желтоқсан аралығында шипажай бар екен. «Ақша төлемейсіз, 10 күн демаласыз, келесі жылы Есентукидегі шипажайға жібереміз" деді. Міне, "Халық әртісіне" деген қамқорлық. Денсаулығыңа қарайды екен. Негізі мен жылда 380 мың теңге төлеп денсаулығығымды тексертіп тұратынмын", - дейді әнші.
Майра Ілиясова "Халық әртісі" атағын алған сәтте бір әріптесінен ғана қатты ыңғайсызданған екен.
"Бағдат Сәмединова да "Халық әртісі" атағына лайықты әнші. Бірақ үш жыл бұрын "Парасат" орденін алыпты да, арасы бес жыл өтпей келесі атақты бермейді екен, сондай заңдары бар. Бағдат Сәмединоваға алмағанға мен қатты ренжідім, жанында жүрмін, бетіне қалай қараймын деп ыңғайсыздандым. Бір нәрсені ұрлап алған сияқты көңілім түсті. Сосын Бағдатқа қоңырау шалдым, көңіл-күйі жақсы екен. Алдағы уақытта Бағдат Сәмединова «Халық әртісі» атағын алады деген ойдамын", - дейді өнер иесі.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін Майра Ілиясованың ұйымдастырған "Жан анам", "Сағындырған әндер-ай", "Бабалар үн"» атты жобалар халыққа жақсы таныс. Сондай-ақ өнер иесі кезінде эстрада жұлдыздары Тамара Асар, Жанболат пен Жазира, Мирас пен Құралай, Нұрболат Абдуллин, "Серілер", "Қыздар-ай", "Ерке", "Хассақ" сынды топтардың танылуына қолдау көрсеткен еді.
Автор: Серікқазы Аязбаев
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2188859-maira-iliiasova-halyq-artisi-atagyn-alganda-qai-ariptesinen-qatty-ynggaisyzdanganyn-aitty/