Үш жасында анасынан айырылған: Майра Ілиясованың өмірбаяны, шығармашылығы
Жарияланған күні:
Майра Ілиясова - Қазақстанның Халық әртісі, әнші, продюсер. Өзінің ерекше дауысы және қазақы нақыштағы үнімен көпшіліктің көңілінен шыға білген өнер иесінің өмірі мен шығармашылығы туралы не білеміз? Бүгінгі материалда таныстырамыз.
- Майра Ілиясова - 1956 жылы дүниеге келген Қазақстанның Халық әртісі, әнші және продюсер.
- Ол 1979 жылы Алматы эстрадалық цирк студиясын, 1985 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген.
- Майра Ілиясова "Сағындырған әндер-ай" авторлық жобасының авторы және "Майра" продюссерлік орталығының директоры болып, ұлттық өнерді дәріптеуге үлес қосып келеді.
Балалық және жастық шағы
Майра Ілиясова - Абай облысының Тарбағатай ауданында 1956 жылдың 3 мамырында дүниеге келген. Руы - Орта жүз - Найман - Қаракерей. Анасынан бар жоғы 3, ал әкесінен 7-ші сынып оқып жүргенінде айырылған ол, бала күнін былай деп еске алады.
"Мен негізі әнші болам деп ойламағанмын, Халықшаруашылығы институтына түсіп, экономист болсам деп армандап, оқуға түсуге дайындалғам. Ән мені өзі іздеп келді, өмір бойы өзі ертіп, жол көрсетіп жүрген сияқты. Анамыздан жастай айырылдық. Анам Қазына менің үш жасымда, әкеміз Әлімғазы жетінші сыныпта оқып жүргенімде қайтыс болып кетті", - дейді әнші.
Әншінің отбасында өзінен бөлек Қайниса, Сәния және Әсия есімді үш әпкесі бар. Әкесі Әлімғазы оның өнерге жақын болатынын бала күнінен байқапты.
"Мен кішкене күнімнен ән айтатынмын. Әкем менен үлкен үміт күтті ме екен, "Әке – балаға сыншы" дейді ғой: "Осы қызым үлкен әнші болады, көрерсіңдер әлі", – деп айтып отырыпты.
Осылайша, бойындағы өнерімен Майра Ілиясова 1979 жылы бұрынғы Алматы эстрадалық цирк студиясын, қазіргі Ж. Елебеков атындағы республикалық эстрда-цирк колледжін бітірген. Онда ол Қазақстанның халық әртісі, профессор Бекен Жылысбаевтың класы бойынша білім алған.
Ал 1985 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын "драма актері" мамандығы бойынша тәмамдаған. Білім ордасында Майра Ілиясова Қазақстанның халық әртісі, профессор Кәукен Кенжетаев, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі, профессор Рахилям Машурованың класын бітірген екен. Сонымен бірге, осы оқу орнында ол Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосыновтан дәріс алған. 80 жылдардағы студент кезін әнші былай деп еске алады:
"Мен студент кезімде староста болдым. Егер менің тобымдағы студенттердің бірі ұйықтап қалса, мен оларды өзім оятып, сабағына апаратынмын. Мен бес жыл бойы тобымның старостасы қызметін абыроймен атқардым деп ойлаймын. Қазір біз топтағы курстастармен әлі күнге дейін араласып тұрамыз. Олардың әрқайсысы шығармашылық тұрғыда зор жетістіктерге жеткен жандар", - деп еске алды жас күндерін әнші.
Жеке өмірі, отбасы
Майра Ілиясова бұрынғы жары Бақытжанмен жоғарғы оқу орнының бірінші курсында оқып жүрген кезінде танысқан. Бұл туралы ол "Менің өмірім" бағдарламасында айтып берген еді.
"Біз ерте үйлендік. Ол мені және қызыма керемет қамқор болды. Мен үнемі гастрольде жүретінмін. Ол маған ешқашан "сахнаға шықпа, ешқайда барма, үйде отыр" деп шектеу қойған емес. Қызымды өзі жалғыз өсірді десем, артық айтқаным емес. Мен өнерді сүйдім, сол үшін одан бас тарта алмадым. Осы әрекетім қате екенін білсем де, өнерге соңына дейін берілдім", - деді әнші.
Халық әртісі өзінің бір сұхбатында бұрынғы күйеуінің ұлды болғысы келетінін атап өткен еді. Осылайша, өнер иесі оны өзінің сіңлісінің құрбысымен таныстырып, олардың отбасы құруына қарсы болмаған.
"Қазір олардың 10 жастағы ұлы бар. Қызым ол кезде 15 жаста еді. Психолиялық тұрғыда оған қиын болмауы үшін, оған да бәрін айтып, осындай ортақ шешімге келдік. Бұрынғы күйеуімнің қазіргі жұбайының аты - Майгүл, менімен руы бірдей, тіпті туған күндеріміз де бірдей. Маған келінім сияқты. Қызым Тоғжанда бауыры болсын деп осындай қадамға бардық. Бізде бәрі жақсы, олармен араласып тұрамыз", - деп жан сырын ақтарды әнші.
Қазіргі таңда әншінің Тоғжан есімді қызы мен Ерлан атты күйеу баласы бар. Өнер иесі олардан Сұлтанәлі, Айсамия, Иманәлі, Бегім деген төрт немере сүйіп отыр.
Шығармашылығы
Жас маман оқуын бітірген соң, "Сазген сазы" фольклорлы ансамблінің әншісі болып еңбек жолын бастайды. Эстрада жұлдызы халыққа ең алдымен "Еркем-ай" және "Дархан-ай" әндерімен танылды. Одан бөлек, көпшілік оның орындауындағы "Анашым", "Достар, достар" әнін сүйіп тыңдайды.
Майра Әлімқазықызы, ең алдымен, көпке халық әндермен танымал. Оның орындауындағы "Қуатым-ай", "Үри-ай", "Кидім қамзол", "Дархан-ай", Біржан салдың "Бұрылтай", Әсет ақынның "Мақпал" Майра Уәлиқызының "Майра" әндері ел арасында кеңінен тараған, ұлттық әндер болып табылады.
Осылайша, өнердегі көп жылғы еңбегінің арқасында, халық әртісі өзінің ерекше дауысымен халықтың сүйікті, жезтаңдай әншісіне айналған. Сөйтіп, ол 1995 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі құрметті атағын алса, 2009 жылы "Құрмет ордені", ал 2013 жылы "Парасат орденімен" марапатталған. Қазіргі таңда Майра Ілиясова Абай облысының Тарбағатай ауданының құрметті азаматы. Бүгінде ол "Майра" продюссерлік орталығының директоры, "Өнер" институнда "Өнер, музыка" факультетінің деканы қызметін атқарып жүр.
"Сағындырған әндер-ай" авторлық жобасы Майра Ілиясова "Сағындырған әндер-ай", "Жан Анам", "Алтын домбыра", "Күміс көмей, жез таңдай" сынды авторлық бағдарламаларымалардың авторы. Қазақтың маңдайалды әншілерінің басын қосып, елге танымал әндерді орындатудың басты мақсаты - өскелең ұрпақтың қазақ әндеріне сүйіспеншілігін арттыру, ұлттық әндерді дәріптеу, дейді жоба авторы.
"Менің "Сағындырған әндер-ай"-дан бастап, "Майра" продюссерлік орталығының ашылуы, ұлттық ән-күй өнерімізбен, жыр-терме, дәстүрлі әндерді насихаттайтын "Бабалар үні" фестивалін, балаларды өнерге жастайынан баулуға, ұлттық өнерімізді бойына, қанына сіңіру үшін жасалған қадау-қадау жобалар тек осы мақсатты көздеген ұшы-қиыры жоқ еңбек пен маңдай тер!..
Менің түпкі мақсатым да – "атымды шығарып, құрмет көрейін" деп емес, ұлтыма, халқыма ұлттық қалпын сақтап қалуға, өз өнеріммен өтпелі кезеңнен өтіп жатқан Отанымыздың көркейіп, гүлденуіне теңізге тамған тамшыдай болса да үлес қоссам деген ақ адал ниеттен туған жобалар", - дейді ол.
Майра Ілиясова - ұлттық өнерді дәріптеуші әрі қазақы нақыштағы әндердің танымал орындаушысы, бірқатар ауқымды жобалардың авторы ретінде қазақ өнеріне сіңген еңбегі зор, көрнекті тұлға. Әншінің тың бастамалары мен өнер жолындағы сара жолы - келер ұрпаққа үлгі болатыны анық.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2191662-ush-zhasynda-anasynan-aiyrylgan-maira-iliiasovanyng-omirbaiany-shygarmashylygy/