"Ажырасқанда балам құрсағымда еді": қыз ұзатулардың хитіне айналған "Бағала" әнінің авторы туынды тарихын айтты
Жарияланған күні:
Бұдан біраз жыл бойы әнші Бағлан Әбдірайымовтың орындауындағы "Бағала" әні көптің көңілінен шығып, ел арасында кеңінен тараған еді. Бүгінде қыз ұзату тойларының хитіне айналған туынды қандай толғаныстан туған? Ән авторы Ғалия Шаудырбаевамен KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат беріп, әннің тарихын білді. Шығарма отбасылық өмірде тағдыр тауқыметін тартып, некесі сәтсіз аяқталған арудың жүрегін жарып шыққан әуен екен.
"Жат жерге барып, ақ жаулық тағып, Айналар ертең анаға. Қыз деген – ана, "ана" деп қана, Бағала оны, бағала..."
Қыз-келіншектердің құдды бір әнұранына айналған бұл шығарманың әуенін тараздық Ғалия Шаудырбаева есімді сазгер жазса, сөзі – ақын Серік Сейітманның қаламына тиесілі. "Жігіттер" тобының белді мүшесі Бағлан Әбдірайымовтың жеке шығармашылықтағы жолына сәтті қадам болған бұл хиттің жарыққа шыққанына жиырма жылға жуықтап қалыпты. Осы орайда әннің әуенін жазған сазгермен сұхбаттасуды жөн көрдік.
- Ғалия ханым, сіз жазған хит - "Бағала" әнінің шығу тарихы туралы айтып берсеңіз? Қай жылы жазылды дегендей…
- "Бағала" әнін 2005 жылы шығардым. Әуелі әуені көкейге кеп, содан сөзін де жазып шықтым, бірақ қисынға келмейтінін сезіп жүрдім. "Қыз жаны нәзік келеді" дегеннің өзі-ақ мәтіннің жұпыны екенін сездіретін, шыны керек. Күндіз бе, түн бе, білмеймін, әйтеуір көкейіме бір әуен келсе, соны жастыққа басым тигенше ыңылдап айтып жүріп пісіремін.
- Жалпы, бұл әннің кейіпкері кім? Ол кісі өзіне арналған ән екенін біле ме? Білсе, қалай қабылдады?
- Бұл әннің кейіпкері – өзім. Мен ажырасқанда балам құрсағымда еді. Содан "жігіттер неге қыздарды бағаламайды?" деп іштей қынжылатынмын. Содан осы ән өмірге келді. Өз атымнан қазақтың бүкіл қыздарына арнадым, қаракөз сіңілілерімді ер-азаматтар бағаласын деп тіледім.
- Сөзі кімдікі? Неге дәл осы мәтінді таңдадыңыз?
- Сөзін ақын Серік Сейітманға жазғыздым. Бағлан Әбдірайымов "Ғалеке, тез сөзі керек, мен студиядамын" дегенде бірден Серікке қоңырау шалсам, ауылда үйленіп жатыр екен. Тура беташардың үстінде сөзін будақтатып жазып, маған SMS-пен жіберді. Оқығанда орнымда қалшиып тұрып қалдым да, бірден Бағланға жібердім. Хабарлассам, "Ғалеке, мынау сұмдық қой" дейді, шошып кеттім. Сөйтсем "керемет" дегені екен ғой. Балаша қуандым сол сәтте.
- Бұл әннің ең алғашқы орындаушысы кім? Бұл әнді тыңдасақ, "Жігіттер" тобындағы Бағлан Әбдірайымов еске түседі. Бағланның жеке танылуына, шығармашылығына қандай өзгеріс әкелді? Жалпы, бұл ән Бағланға қалай келді?
- Ең алғашқы орындаушысы – Бағлан Әбдірайымов. Бағлан жеке дауыста менің тағы бір әнімді орындайды. Айнұр Тұрсынбаеваның сөзіне жазылған "Сүйемін, Аллаһ" деген ән. Бағланның қоңыр үні ешкімге ұқсамайды. Қазақы бояуы басым, әрбір жастағы тыңдарманының жүрегінен ойып орын алар талант бар бойында. 2006 жылы сәті түсіп, композитор, көптеген хит әннің авторы Жарылқасын Дәулетов ағамызға бардым. Ол кісі әндерімді тыңдап, сәттілік тіледі, және де бағыт-бағдар берді. "Мына әнің "Жігіттерге" келеді, мына әнің "МузАртқа" дегендей. Содан алып-ұшып Музарттың директоры Ерлан Жүнісбаев ауылдасыма апарып бердім. Кейінірек "жігіттерге ұнамады" деді. 2007 жылы жазда "Жігіттер" тобындағы Айдармен жолықтым, бүкіл әндерімді домбырамен айтып беріп едім, "әпке, дауысыңыз күшті, неге өзіңіз ән айтпайсыз?" деді. Осылайша үш әнімді таңдап алды. Соның бірі "Бағала»" еді. Өкінішке қарай, сол жылы топ құрамы өзгеріп, әндерім орындалмады. Араға 2-3 жыл салып, алдымен "Әнші жігіт" деген әнімді орындады, "Бағаланы" Бағлан жеке дауыста алып шықты. Оның алғаш рет жеке дауыста орындаған әні ғой, топтың құрамында тыңдап үйренген халық қалай қабылдар екен деп мүлде уайымдамадым, өйткені Бағлан да ғажап орындаушы екенін жоғары бағалаймын.
-"Бағала" әні қай жылдан бастап хит бола бастады?
- Шыққан бойда десем қателеспеймін. Бір айдың ішінде Ақтөбе радиосының хитпарадында бірінші орынды бір ай бойы бермепті. Мейрамбек Бесбаевтың журналы болатын, сол журналда да алғашқы үштіктің бірі ретінде еленді.
- Жалпы, ән шыққан кезде бірінші кімге көрсетесіз, тыңдатасыз?
- Менің ең алғашқы орындаушым – куртасым Гүлназ болатын, ол кезде Алматыда тұрушы едік, сосын Жазира деген құрбыма барып айтатынмын барлығын. Қазір алғашқы тыңдаушым – жолдасым Сермұхан.
- "Бағала" әні хит кезінде марапат, бағалы сыйлық алған кезіңіз болды ма?
- Мен композитор ретінде ешқандай марапат алған емеспін. Осы ән үшін ешкім шапан да жапқан емес. Мені қуантатыны – осы әннің өміршең болуына орындаушылары мен халқымның қосқан үлесі. Қаншама адам осы әнмен қарындасын, қызын ұзатты, әлі де ұзатып жүр. Одан артық атақ-марапаттың керегі не?
- Әнге қатысты есте қалған ең қызықты оқиға бар ма?
- Қарақат Әбілдина орындаймын деген кезде әннің мәтініне кеп тірелдік. "Қарындас саған, қарындас маған, қазақтың барша қыздары" деген өлең жолдары. "Осы тұсын өзгертіп берші" деп Серікке хабарласып едім, "қарындас" деген негізі бауыр сөзінің синонимі, бір қарыннан, бір құрсақтан шықты деген сөз" деді. "Әйтсе де этимологиясы өзгерген ғой" деп едім, бірден "Қарындас саған, бауырлас маған, қазақтың барша қыздары" деп өзгертті. Серік өте тәжірибелі, талантты ақын ғой, дән риза болдым.
- "Бағала" әнін Бағлан Әбдірайымовке тегін бердіңіз бе? Әлде гонорарға саттыңыз ба?
- Мен пәлендей гонорар сұраймын деп жоспарламадым. Бірақ "Жігіттердегі" Айдар: "Ғалеке, еңбегіңізді жемейміз. Қаламақыңызды төлейміз" деді. Сөйтіп Ерғали аға 300 доллар берді. Ол кезде бұл сома мен үшін үлкен қаражат болатын.
- Әнді қазіргі таңда әнші Қарақат Әбілдина да орындап жүр. Ол кісінің репертуарына қалай келді?
- Қарақат құрбымның ән таңдау шеберлігіне таң қаламын. Осы шеберлігінің арқасында ол - өзіндік үздік әндер галлереясын қалыптастырған әнші. "Бағаланы" мен айтайын" деп қолқа салғанда Бағланнан қысылдым, рұқсат сұрап хабарластым.
- "Бағала" әнін ер де, әйел де орындады. Сізге кімнің нұсқасында көбірек ұнады? Бағлан Әбдірайымов әлде Қарақат Әбілдина?
- Екеуінің де орындауы ұнайды. Ең бастысы, екі әнші де халыққа жүрекпен жеткізді. Бір жобада Ұшқын Жамалбек орындады, ол сол кезде кавер-нұсқада орындағанын түсінбеппін. Кейін қайта тыңдағанда басқаша әсер алдым.
- Хит жазған сазгерсіз. Авторлық қоғамнан гонорар алып отырасыз ба? Бүгінде композиторлар өз бағасын лайықты алып жүр ме?
- Бұрын жақсы алушы едік, қазір түсінбей қалдық авторлық қоғамнан не түсіп, не қойып жатқанын. Композиторлардың аты да жазылмайды титрларға. Көп жас әншілер өздері орындап жүрген авторлардың аты-жөндерін білмейді, шатастырады. Одан не құрмет? Бұрынғыдай есімдері қадау-қадау аталатын композиторлар легі байқалмайды. Бірақ шын таланттар өте көп, тек тиісті бағасын ала алмай жүргені анық.
- Бір қызығы, "Бағала" әнімен осыдан екі жыл бұрын сізді ұзатыпты. Қаншалықты рас?
- Ұзатты деу қате-ау. Сермұхан екеуміз ортақ той жасадық, сол себепті ол ұзату емес, кәдімгі үйлену тойы болды. Қарақат сол тойда орындағанда көзіме жас үйірілді.
- Ғалия ханым, сіз үшін "нағыз хит ән" деген қандай болу керек?
- Төрт тұяғы тең түскен дей ме, дәл сондай болуы тиіс. Қазіргі хит деп жүрген әндердің 90 пайызының ішінде боқтық, бейәдеп сөздер бар. Мен үшін нағыз хит бір рет орындалып, тез таралып, тез ұмыт болатын ән емес, ғұмырлы, мәнді, мағыналы ән.
- "Бағала" хитінен бөлек, композитор ретінде тағы қанша әніңіз бар? Тағы хит жазу жоспарда бар ма?
- Композитор ретінде менің бірталай әнім шықты. Ринат Сәтпаев інім орындады "Жан әке, асыл ана" атты әнімді. Роза Әлқожа үш әнімді орындайды, Ағайынды Жүгінісовтерде төрт әнім болатын, Ұлжан Айнақұлова әпкем де үш әнімнің бағын ашты. Мөлдір Әуелбекованың орындауындағы "Күнім-ай" әнінің сөзі менікі, Жазира мен Жанболаттың орындауында "Достар" әнінің сөзін жаздым, Алмас Кішкенбаев, "Орда" тобы, "Ринго" тобы, Нұрым Қуаныш, т.б. әншілердің репертуарында әндерім бар. Әлі жарық көрмеген әндерім де бар. Әлі орындаушысын таппады. Солардың ішінде "Хат жазба" деген әнімнің хит болатынына сенемін.
- Ғалия ханым, сазгерлік мансабыңызда алдағы шығармашылық жоспарыңызды бөліссеңіз?
- Аманшылық болса, екі жылдан соң елу жасыма орай шығармашылық концерт беру ойымда бар. Сол кезде біраз әнімді жаңғыртып, тыңдарманға ұсынуды қалаймын. Үш жүз ән шығарсаң да, отыз ән шығарсаң да, тым болмаса біреуі халықтың жүрегінен орын алмаса, сол сазгер үшін қасірет. Ал менің «Бағала» әнім Серік Сейітман інім жазған шұрайлы да мағыналы мәтінімен үйлесім тауып, халыққа кеңінен тарады. Бақыт деген сол ғой!
- Сұхбат бергеніңізге, уақыт бөлгеніңізге рақмет!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2201130-azhyrasqanda-balam-qursagymda-edi-qyz-uzatulardyng-hitine-ainalgan-bagala-anining-avtory-tuyndy-tarihyn-aitty/