24 жылдық тарихы бар әйгілі "Орда" тобы не үшін тарайды: топ өкілі жауап берді
Жарияланған күні:
Жуырда 2000-жылдары отандық шоу бизнеске ерекше құбылыс боп келген "Орда" тобының өкілдері топ тарайтынын мәлімдеген болатын. 25 жылдық тарихы бар ұжымның жұмысы неге тоқтамақ деген сауалмен KAZ.NUR.KZ тілшісі атақты төрттіктің белді мүшесі Есболат Беделханға жүгінді.
"Орда" тобы – 2000-жылдары "Бауыржан шоу" сатиралық театрының ішінен құрылған ұжым. Аталған бойзбендтің туған күні жыл сайын 1 сәуір күні тойланады. Ал топ атауы оның алғашқы мүшелерінің есімімен байланысты:
"О" – топтың әрлеушісі әрі сазгер Оралхан Сәдуақасов;
"Р" – актер Рүстем Оразбеков;
"Д" – әнші әрі актер Дастан Оразбеков;
"А" – актер Алматы Сақатов;
Кейін ағайынды Дастан, Рүстем Оразбековтердің қатарын Ерболат, Есболат, және Жанболат Беделхандар толықтырады. Театрдағы талантты жігіттер сәл уақыт өте келе жеке дара шығармашылығын дамытуды жөн көріп, "Бауыржан шоудан" бөлек кетеді. Бұл топтың репертуарындағы "Белгісіз жан", "Кеш мені", "Жауап бер", "Тағдыр" сынды хиттер әлі күнге дейін елдің есінде. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі "Орда" тобының мүшесі Есболат Беделханға оқырмандар көкейіндегі сауалдарды жолдаған еді.
- "Орда" тобына сіз қандай анықтама бересіз? "Орда" тобы сіз үшін...
- "Орда" тобы мен үшін арман мен өнерсүйгіштер жиналған ұжым, әндерін әлі күнге дейін шын жүректерімен айтып келген топ. Сондай-ақ сәтті, үлкен әрі жағымды тәжірибе деп айтар едім.
- "Орда" тобының тарайтыны туралы ресми түрде хабарладыңыздар. Топтың тарауына не себеп? Топты тарату туралы идея кімге тиесілі?
- Бағыттың бөлінуі. Дәл осындай топты тарату туралы ұсыныстың бір жақтан шығуы мүмкін емес.
- Топ тарайды. Алдағы жоспарларыңызды білсек. Мәселен, Есболат Беделхан, сіз немен айналысасыз?
- Жоспарларым, жұмыстарым өте көп. Оларды сөзбен көрсетпеймін.
- "Орда" тобының репертуарын кім орындай алады? Авторлық құқық кімге тиесілі?
- Бұл - ішкі жағдай.
- Осы 25 жыл ішінде "Орда" тобындағы ең қызықты әрі ең қауіпті, қорқынышты оқиғаны айтып берсеңіз...
- "Ең" деп бөлмей, бастан өткен жаман-жақсы жағдайдың барлығы қызықты тәжірибе болды деп ойлаймын.
- Дәл қазіргі таңда отандық шоу-бизнесте "Орда" тобының орнын басар бойзбенд бар ма?
- Әлі жоқ, ешқашан болмайды. Әркім ерекше!
- "Орда" тобы 2000-жылдары құрылды. Келесі жылы 25 жыл. Финалдық концерт болады екен. Дәл осы концерт туралы не айтасыз?
- Финалдық концертке қатысты мәселенің бәрі дәл сол концерт болатын күні ашылады.
Автор: Серікқазы Аязбаев
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2201292-24-zhyldyq-tarihy-bar-aigili-orda-toby-ne-ushin-taraidy-top-okili-zhauap-berdi/