Зектілері

"Қайрат қасыңнан табылсын": белгілі журналист үйінен айырылған Жұлдыз Әбдікәрімоваға қолдау білдірді

Жарияланған күні:

Жұлдыз Әбдікәрімова
Жұлдыз Әбдікәрімова. Фото: instagram.com/zhuldyzabdukarimovaofficial

Танымал журналист Дана Нұржігіт үйінен айырылып, әлі күнге пәтер жалдап тұратын актриса Жұлдыз Әбдікәрімоваға қолдау білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Журналист Instagram-дағы парақшасында соттан қажыған актрисаны жақсы түсінетінін, оған тілеулес екенін жазды

"Жұлдыз, айналайын! Сұхбатыңды тыңдадым. Адам ашынғанда ғана соңына дейін барады! Құдай саған жұмсақ жүрек, дархан көңіл, сұлулықты да берген. Енді өзің үшін, балаларың үшін жүрегіңді тас қыл, көңіліңді мұз қыл, сұлулығыңа бет қаратпайтын қатулық қос! Әділет іздеген адам осының бәрін сауыттайын киіп жүруге мәжбүр болады. Бұл - "соғыс!" Алаяқтар тайраңдап, өз төрімізді өзімізге көр қылуға дейін барады. Сыртымыздан күліп отырады. Мен де көрдім ондайды! Біреудің адал нанына таласып, біреудің баласының ауызынан дардай басымен тартып алуға арланбайтын көргенсізді. Күрес, жаным! Белді бекем бу!", - дейді журналист жазбасында.

Дана Нұржігіт Жұлдызға бұндай жағдайда Қайрат қасыңнан табылсын деп тіледі.

"Мен сен жақпын, жаным! Балаларымыз бірге оқиды. Нарұлдың көңілін де көріп жүрмін. Қатты уайымдайды, алаңдайды ботақан. Құдай қуат берсін саған! Не де болса, Қайрат азаматтық қайратымен, ісімен де, сөзімен де қасыңнан табылсын деймін. Бұл - сынақ. Бір бол! Құшақтап, сүйдім сені, сіңілім!", - деді ол.

Еске сала кетейік, Жұлдыз Әбдікәрімова былтыр қазан айында құрылыс компаниясын сотқа бергенін хабарлады. Актриса үш жыл бұрын сатып алған үйінің құжаттарын әлі күнге дейін ала алмай жүргенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2216610-qairat-qasyngnan-tabylsyn-belgili-zhurnalist-uiinen-aiyrylgan-zhuldyz-abdikarimovaga-qoldau-bildirdi/