Ақтауға әйгілі түрік актері Бурак Озчивит келді (фото, видео)
Жарияланған күні:

Ақтауда алғаш рет түркі халықтарының халықаралық кинофестивалі өтіп жатыр. Оған танымал түрік актері Бурак Озчивит те келген. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Қорқыт ата" халықаралық кинофестиваліне Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзербайжан және Мажарстан мемлекеттерінің кино майталмандары келген.
Олар қызыл кілем үстімен жүріп өтті, шараның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан.
Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Салинің айтуынша, кинофестивальға 250-ге жуық кино майталманы жиналған.
"Оның ішінде құрметті қонақтарымыз да бар. Атап айтқанда, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев пен танымал түрік актері Бурак Озчивит келді. 5 күнге созылатын шара аясында 50-ге жуық түрлі жанрдағы фильмдерді тегін тамашалауға болады", - деді ол.
Кинофестивальға келген Бурак Озчивитті Маңғыстаудағы көрермендері ерекше ықыласпен қарсы алған.
Актер кинофестивальдан түркі халықтарының өзара бірлігі айқын көрінетіндігін атап өткен.
Айта кетейік, осыған дейін түркі әлемінің дәстүрлі "Қорқыт ата" кинофеставалі Стамбұл, Бурса, Шуша және Анау (Ашхабад) қалаларында өткен еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/showbiz/career/2292921-aqtauga-aigili-turik-akteri-burak-ozchivit-keldi-foto-video/
