Әйгілі актер Джеки Чан Алматыға келді (фото, видео)
Жарияланған күні:
Аты аңызға айналған актер Джеки Чан "Доспехи бога 4: Ультиматум" фильмінің түсірілімі үшін Алматыға келді. Бұған дейін түсірілім жұмыстары Маңғыстауда өткен болатын, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін Алматы қаласында белгілі актер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін Armour of God: Ultimatum ("Доспехи бога 4: Ультиматум") халықаралық көркем фильмінің түсірілімін ресми бастау рәсімі өткен.
Салтанатты іс-шараға премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ қазақстандық және халықаралық киноиндустрия өкілдері қатысқан.
"Қазақстан мәдениетін әлемдік аренада танытуға және екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қосып отырған үлесіңіз үшін сізге алғыс білдіремін. Алдағы түсірілім жұмыстарына сәттілік, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін", - деді Аида Балаева.
Кездесу барысында Джеки Чан Алматының талантты жас суретшілерімен және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері – жас кинематографистермен әңгімелескен.
Ол жастарға шығармашылық жолда табыс тілеп, үздіксіз ізденіс пен өз ісіне деген сүйіспеншіліктің маңызын атап өткен. Кездесу соңында балалар әйгілі актерге өздері салған портреттерді тарту еткен.
Ведомство, жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Қытайдың мемлекеттік кинокомпаниясы China Film Group Corporation-ның қолдауымен жүзеге асырылып жатқанын мәлім етті. Фильм өндірісімен қазақстандық және гонконгтық компаниялар айналысады.
Фильм түсірілімі 2026 жылғы шілде мен қазан айлары аралығында Қазақстан аумағында өтеді. Картинаның қоюшы режиссері – қазақстандық Роберт Кун.
Туынды кең халықаралық прокатқа бағытталған. Негізгі түсірілім алаңдары Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында орналасады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/showbiz/career/2397751-aigili-akter-dzheki-chan-almatyga-keldi-foto/