"Үлкен еңбегінің жемісі": қазақстандық зағип пианист Лондондағы байқауда топ жарды (видео)
Жарияланған күні:

Қазақстандық зағип пианиношы Абылай Мұстафин Лондонда өткен Golden Time Talent халықаралық байқауында "Фортепиано" номинациясы бойынша 1-орынды жеңіп алды, деп хабарлайды "Жетінші" телеарнасы.
Рояльды, алдында жатқан нотаны көрмесе де, музыка әлеміне құлаш сермеген Абылай 35 мемлекеттен келген жүйріктер арасынан суырылып шығып, талай композиторды таңғалдырған.
Жас пианист Абылай Мұстафин тумысынан зағип, қос жанары көрмейді. Көзі көрмесе де, көңілі саз әлемін әлдеқашан шарлап кеткен. Тіпті жасынан тыңдарманын мойындатқан Абылай осы жолы Лондон қаласында өткен беделді халықаралық байқауда үздік деп танылды. Шетелде өткен шараға пианист шақырумен барған. Рояль пернелерінде тек естіп орындайтын шығармалар көпшілікті тәнті еткен.
"Абылайдың Англияға дейін барып, өнер көрсетуі – ата-анасының да үлкен еңбегінің жемісі. Өйткені баласына дұрыс бағыт-бағдар берді. Ал Абылай сол сенімді нық нәтижеге қол жеткізіп келеді", - дейді Абылайдың ұстазы Олеся Бобкова.
Музыкаға жан-тәнімен берілген Абылай биыл Роза Бағланова атындағы музыка мектебін үздік аяқтады. Енді Күләш Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжінде білім алу үшін мемлекеттік грантқа ие болды. Ол Англиядағы жетістігі арқылы өз мүмкіндігін дәлелдей алдым деп қуанып жүр.
"Мен өнер көрсеткеніме ризамын. Өйткені мен өзім үшін ғана емес, елім үшін де жетістікке жете алатынымды көрсете алдым. Маған үлкен көңіл бөлінді. Композиторлармен бірге өнер көрсеткеннен кейін суретке түстім. Маған Шопеннің шығармалары ұнайды, онда терең сезім бар. Ал біздің қазақстандық композитор Әлиби Әбдинұровтың "Үкілім-ай" және "Гүл гүл жайна" шығармаларында ұлттық бояу, қазақы колорит бар дер едім", - дейді Абылайдың өзі.
Осылайша, музыка әлеміне енген жас жігіттің арманы асқақ. 35 мемлекеттің кіл жүйрігі жиналған халықаралық байқауда намысын қолдан бермеген қайсар азаматтың алар асуы әлі алда.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/showbiz/career/2413121-ulken-engbegining-zhemisi-qazaqstandyq-pianist-londonda-baiqauda-top-zhardy-video/
